Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов­тың төрағалығымен кеше Жалпы отырыс өтті.
Мәжілісте тарқатылған түйткілдер
1,302
оқылды

Онда депутаттар эколо­гиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдер инфрақұры­лы­мын дамыту мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ Халықаралық су ағындарын кеме жүрмейтін пай­далану құқығы туралы конвенция мен ЕАЭО шеңберінде медициналық мақ­саттағы бұйымдар айналымы ту­ра­лы хаттаманы ратифика­ция­лады.

17 ЗАҢ ЖОБАСЫН ҚАРАДЫ

Жалпы отырыстың күн тәртібінде бар­лығы 17 заң жобасы қаралды. Олар – сот жүйесі, судьялардың мәртебесі, процестік заң­наманы жетілдіру,  Құрылыс кодексі, Су кодексі, Әкімшілік құқықбұзушылық, денешынықтыру, аумақтық қорғаныс сияқты құжаттар. Осы тақырыптардың ішінде депутаттар үш мәселеге баса назар аударды деуге болады. Олардың алғашқысы экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұры­лымды дамыту жайы. Заң жобасына баста­машы болған депутаттың бірі – Самат Мұсабаев әріптестеріне заң жобасына түзетулерді таныстырды.

– Заңның алғашқы жобасын дайын­даған кезде электромобильдерді кеңауқым­ды қолдануға тежеуші фактор ретінде арнайы инфрақұрылымның болмауы және «мұнай өнімдерімен» жүретін көліктер құнының төмендігін атап өткен едік. Қазір елімізде жағдай түбегейлі өзгерді. Мысалы, 2023 жыл­дың 1 қаңтарында электрқозғалт­қышпен 812 жеңіл көлік тіркелсе, он екі айдың қорытын­дысы бойынша 7 793 элек­тр көлігі тіркелген, бұл дегеніміз электро­мобиль санының 9,5 есеге өскенін көрсетіп отыр, – деді ол.

Оның айтуынша, «жасыл» көліктерге сұраныстың көбеюі қажетті инфрақұры­лымды дамытуды ілгерілетуді талап етеді. Заң жобасының қабылдануы осы қажетті­лікті өтеуге мүмкіндік береді. Қосымша баяндамашы Экология мәселелері және табиғат пайдалану мәселелері комитетінің мүшесі Арман Қалықов та заң жобасында «электромобиль» және «электрмен қуаттау стансасы» деген жаңа ұғымдар енгізілгенін айтты. Электромобильдерді тұрақ пен пар­кингтерде арнайы орындармен қамта­ма­сыз ету жоспарланған, ал олардың ие­лері автотұрақ ақысын төлеуден боса­тылады. Жолдарды жобалау кезінде элек­тр­мен қуаттау стансаларын орналастыру үшін резервке қою, оларды тұрғын және қоғам­дық аймақтарда орналастыру көз­делген.

Жиында сондай-ақ «Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы» кодекстегі ілеспе түзетулерде электр қозғалтқыштарымен жабдықталмаған көлік құралдарының жүргізушілеріне электр зарядтау станса­ларымен жабдықталған орындарда тұрақ­тауға тыйым салатын норма енгізу ұсы­нылды. Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар екі заң жобасын да бірінші оқы­лымда мақұлдау туралы шешім қабыл­дады. Құжаттарды одан әрі талқылау жұ­мыс тобының отырыстарында жалғасады.

Сондай-ақ Мәжіліс екі халықаралық құжатты ратификациялап, Сенаттың қарауына жіберді. Біріншісі – Халықаралық су ағындарын кеме жүрмейтін пайдалану құқығы туралы конвенция. Ол туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндама жасады.

– Конвенция бүкіл әлем бойынша трансшекаралық өзендерді, көлдерді және олармен байланысты жерасты суларын тең құқықты және тұрақты басқаруға ықпал ету үшін жаһандық құқықтық негізді қамтамасыз етеді. Оған қосылу Қазақстан­ның халықаралық құқық қағидаттары негізінде трансшекаралық өзендерді пай­далану және қорғау бойынша көрші ел­дермен ынтымақтастықтағы ұстанымын нығайтады, – деді министр.

Келесі құжат 2014 жылғы 23 желтоқ­сандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде медициналық мақсаттағы бұ­йымдар айналымының бірыңғай қағи­даттары мен қағидалары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қатысты. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният­тың айтуынша, хаттамаға сәйкес мүше мемлекеттің ұлттық заңнамасының талап­тары бойынша медициналық бұйымдарды тіркеу құқығын беру 2025 жылғы 31 жел­тоқсанға дейін ұзартылады.

– Бүгінде Қазақстан Республикасында 1 820 медициналық бұйымды өндіретін 118 отандық өндіруші бар. Ұлттық заңнама бойынша 12 мыңға жуық медициналық бұйым тіркелген, оларды Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қайта тіркеудің қажеті жоқ, – деді министр.

Осы күні Мәжіліс комитеттері «ҚР Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға енгізілетін өзгерістер туралы заң жобасын, Құрылыс және Су кодекстерінің жобасын, сондай-ақ бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды. 

АЛТЫННЫҢ ИГІЛІГІН КӨРМЕГЕН ҚАЛАШЫҚ

Жалпы отырыс соңында мәжі­ліс­мендер өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 18 депутаттық сауал жолдады. «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында жыл басында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы «Майқайың Алтын» акцио­нерлік қоғамы аумағында болған апат жайын қозғады.

– Ең өкініштісі, құлаған жердің асты­на бұрын шахта болғанын ешкім ескерт­пеген. Тіпті, үстінен жол салған және сол жол­ды қызметкерлер осы күнге дейін пай­­да­ланып келген. Ал техникалық қауіп­сіздік ша­раларына сай ол жерді қоршауға алып, қауіпті аймақ ретінде оқшаулап тастау керек еді. Бұл мәселенің басы ғана. Сора­қысы, Майқайың кентінің «Шанхай» ша­ғынауданының асты да шахтаға ай­налып кеткен. Апаттан кейін өміріне төн­ген қауіпке алаңдап отырған тұрғындар кен қазу барысындағы жарылыстардан үй іргесі солқылдап кететінін айтып отыр. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аумақ қазіргі опырылып құлаған жерден небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан.

Бүгінде 10 мыңға жуық халық тұратын елді мекеннің негізгі тіршілік көзі де осы кен орындарында. Тек «Майқайың Ал­тында» мыңнан астам жергілікті тұрғын еңбек етеді. «Майқайың Алтын»  ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, кәсіпорын құрылған уақыттан бері мұнда 16,7 млн тонна кен өндірілген. Бұл деге­німіз – 80 тонна алтын, 1 240 тонна күміс, 204 мың тонна мыс, 300 мың тонна мы­рыш. 13 млн тоннадан астам кен кәсіп­орын­ға қарасты кен байыту фабрикасында қайта өңделген. Сөйте тұра, «Майқайың Алтын» өз қаржысына кентте ешқашан тұрғын үй салмаған, балалар алаңы, спорт­тық немесе әлеуметтік нысандар тұрғыз­баған. Тек жылына жергілікті бюджетке барды-жоқты алым-салық төлеп келген.

Ал енді осы акционерлік қоғамның 100 пайыз акциясы Кипр Республикасында орналасқан Rence Enterprises LTD ком­паниясына, Милан Попович деген биз­несменге тиесілі. Еліміздің байлығына кенелген бұл бай-патшалардың ісін кім қадалауға алады? Осыған байланысты бірінші комиссияның жұмысын ашық әрі жұртшылықпен, жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып үйлестіру керек. Екінші, осы маңдағы бар­лық шахталық жұмыс жүргізілген ау­мақты анықтап, оларды қауіпсіздік ереже­леріне сай оқшаулау керек. Үшінші, шахтаның маңында орналасқан шағын ауылдың тұр­ғындарына барлық қауіпсіздік жағдайын қарастыру қажет. Төртінші, еліміздің байлығын пайдаланып, бірақ әлеуметтік көмекті дер кезінде көрсетпей отырған шетелдік компанияларға заң жү­зінде қатаң шаралар қолданылып, ескерту жасалуы қажет. Бесінші, орын алған апатқа және техникалық қауіпсіздіктің сақтал­мауына түрткі болған жағдайға Прокура­ту­ра әді­летті бағасын беруі қажет», – дейді ама­­наттық депутат Жарқынбек Аман­тайұлы.

ҮШҚОҢЫР АЛАТАУДЫҢ БАУРАЙЫНДА...

«AMANAT» партиясы фракциясы мүшелері атынан Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге және Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдаған Мақсат Толықбай «Үш­қоңыр» жайлауының «түйені түгімен, биені жүгі­мен жұтқан» ескі Қазақстанның жұ­мы­­рында кеткенін ашына жеткізді. Біз де сауал мәтінін мұртын бұзбай жарияла­ғанды жөн көрдік.

– Тау – жаратылыстың жарты бөлшегі. Ол қанша асқар, асқақ болса да, аспанның астында екенін ешкімнің естен шығаруға қақы жоқ. Бірақ ел аман, жұрт тынышта, «тау-тасты қойын-қонышына тығып, меншіктеп алыпты» дегенді естідіңіздер ме?! Ендеше айтайын. 

Үшқоңыр деген таудың барын бәріңіз білесіздер. Талайлардың кіндік қаны тамып, тірлігіне арқау болған сол тау бүгінде сай-сала, қырат-жоталарымен тү­гел бір азаматтардың ғана меншігінде. Алматы облысындағы Үшқоңыр үстіртіне барар жолды басынан-аяғына дейін мұздай қаруланған топ күзетеді. Жол жоқ емес, бар. Бірақ жабық. Көзіммен көріп, сол таудың етегіндегі елмен тілдескен соң депутаттық сауалға арқау болып отыр.

Бірінші. Үшқоңыр Іле Алатау  паркіне қарайтындықтан, ол аумақты Ұлттық парктің күзетшілері күзету керек емес пе? Әлде бұл тау «ДүниеАгро» компаниясына атасынан мұра болып қалған ба? Қыратқа кіреберістен 8 шақырым қашықта орна­ласқан резиденцияның аумағы ғана қоршалып,  шлагбаум қойылса тағы бір сәрі... Ал жан баласын жуытпай,  тауды айналдыра қоршап тастау – барып тұрған бассыздық. Қарасай ауданының тұрғын­дары өз жеріне өз малын жая алмай, пұшайман күйде отыр. 

Біз «AMANAT» партиясы жайылым тапшылығын шешу үшін арнайы «Жер аманаты» комиссиясының тікелей ара­ласуымен республика бойынша 9 миллион гектардан астам жер қайтарсақ, ал оның осы аймақтан 1 400 гектары ел игілігіне берілді. Сөйтсек, онымыз бекер екен, «ама­наттық» ағайын! Жұртқа қажет жайы­лым жердің бәрі жаңағы қоршауда қалып қойған. Осылайша, жұрттың өз жеріне кірмек түгілі жаңағы қарулы бекеттен өтуге дәті жетпей жүр.

Анығы, «ДүниеАгро» ЖШС-ға 2004 жылы «Үшқоңыр» үстіртінде орналасқан жүздеген гектар жерге меншік құқығы заңсыз берілген. Өйткені заң талаптары бойынша,  (23-бап, 50-бап, 8 және 43-бап) арнайы мақсаттағы жерлерді заңды тұл­ғалардың жекешелеп алуына құқығы жоқ. Тіпті, оны бөлуге де келмейді. Бұл норма­ларды жергілікті прокуратура жақсы біледі. Бірақ жердің заңсыз берілу фактісі бо­йынша прокуратураның талаптарын сот қанағаттандырмай тастаған. Сорақысы да сол болып тұр. «Сонда Қазақстан Респуб­ликасының заңына шекесінен қарайтын бұл не қылған шектен шығу?», – деген ха­лық­тың базынасына қалай жауап бе­реміз?!

Бұдан басқа, «Үшқоңыр» үстіртінде Steppe AgroMeat, Breeding Company сияқты  екі-үш компания 13 597 га жерді  әлі күнге дейін мақсатсыз пайдаланып отырғаны анықталды. Шұғыл қайтару керек! Алайда алпауыттармен алысуға әкімдік пен аудан прокурорларының пәрмені жетпей, тағы да дәрмені құри ма деген күдік те жоқ емес. Сондықтан Алма­ты облысының Қарасай ауданында болып жатқан заңсыздықтарға Бас прокуратура мен Үкімет шұғыл назар аударып, арнайы комиссия құрып, жоғарыда мен келтірген мәселелерге тиісті құқықтық баға беруі тиіс деп есептеймін. Президенттің ел игіліне қайтарылуы қажет жайылым жерлер бо­йынша тапсырмасын нақты орындауымыз керек,  – деді депутат.

СУБСИДИЯ МЕН ҚАРЫЗ

Келесі сауал Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа арналды. Асылтұқымды мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау жайын сөз еткен депутат Бақ­тықожа Ізмұхамбетов азыққа жұмсалатын шығындарды субсидиялау гидрометеоро­логиялық қызмет растаған, өңірде азық дайындауға теріс әсер еткен төтенше жағдай жарияланған немесе қалыптан тыс ауа райы басталған кезде ғана жүзеге асырылатынына назар аудартты.

– Мал азығын субсидиялаудың тәрті­бін біржола бекітетін уақыт болды. Жылдар бойы өзгертіп, үлкен қиыншылықпен азық-түлік қауіпсіздігі үшін жүзеге асқан инвестициялық жобаларды сергелдеңге салуды қою керек. Бұл тәртіп бірнеше рет ашылып, жабылып, өзгеріп, нәтижесінде табиғаты ауыр аймақтардағы асылтұқымды сауын сиыр шаруашылықтары қиналуда. Мысалы, Атырау облысының мал азығын сырттан сатып алатыны баяғыдан белгілі. Бұл туралы министрлікке жылдар бойы жазылды. Бұндай жағдай басқа аймақтарда да бар. Соған қарамастан осыдан 10 жыл бұрын ашылған «Первомай» ЖШС қаланы сүтпен, сүт өнімдерімен қамта­масыз етіп келеді,  – деді Қазақстанның Еңбек Ері, депутат, «AMANAT» партиясы фракция­сының  мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Ал депутат Қайрат Балабиев Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауа­лында Түркістан облысы Арыс, Түркістан, Кентау қалалары мен Қазығұрт, Отырар, Сауран, Сайрам және Шардара аудан­дарының жеке кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарының «Аграрлық несие кор­порациясы» АҚ Түркістан филиалы басшыларына заңсыз әрекеттері үшін қойған талап-өтініштерін жеткізді. Жо­ғарыда аталған азаматтар 2015-2018 жыл­дарда мал шаруашылығын дамыту үшін топтарға бірігіп, Түркістан облыстық фи­лиалынан делдал «Арыс несие», «Наурыз-несие»», «Отырар несие» және «Яссы-несие» кредиттік серіктестіктері арқылы 5 жылға 6%-бен несие алып, кепілге өзде­рінің жылжитын және жылжымайтын мүліктерін қойған. Бүгінде 300-ден астам адам алған несие қарыздарын толық өтеген. Бірақ кепілге қойылған мүлік құжаттарын рәсімдей алмай, көптеген қиындыққа тап болған.

– Көпшілігі берешектерін 3 жыл бұрын жауып тастаса да, әлі борышкерлер есе­бінен шығарылмаған. Сондықтан басқа банктер мен несие ұйымдарынан қаражат ала алмай немесе мүліктерін де сата алмай отыр. Тіпті, несиелерін толық өтесе де, кепілге қойған  мүліктерінен себепсіз айырылып қалу қаупі де бар. Оған себеп, делдал мекемелердің «Аграрлық несие корпорациясы» алдындағы қарызы. Мәселен, «Яссы-несие» КС қызметкерлері Түркістан облыстық филиалынан алынған 8 млрд теңге мөлшеріндегі қаражатты  бірнеше адамнан құралған белгісіз топ болып кепілсіз несие ретінде таратып, аса ірі мөлшерде жымқырған. Қазір заңсыз несие беру фактісіне қатысты Экономика­лық тергеу департаменті  ҚК-нің 190 бабы 4-бөлігі 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Осы орайда,  халыққа бір көзден несие берудің орнына корпорация мен оның Түркістан облыстық филиалы жеке тұлғалармен жұмыс істе­мейтін делдалдық және күмәнді кредиттік серіктестіктердің көмегіне неліктен жүгін­гені түсініксіз. Олардың осындай ұшқары әрекеттерінен адамдар зардап шегуде. Азаматтардың конституциялық құқықтары шектелуіне наразылық білдіруі орынды. Олар алған несиелерін толықтай өтеген және делдалдық кредиттік серіктестіктер­дің жұмысы мен қарыздары үшін жауап бермейді, – дейді «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Қайрат Балабиев.

Осы айтылғандардың негізінде депутат Бас прокурордан «Аграрлық несие кор­порациясы» АҚ-ның Түркістан облыстық филиалы мен «Арыс несие», «Наурыз-несие»», «Отырар несие» және «Яссы-не­сие» кредиттік серіктестіктерінің Түркістан облысының халқына несие беруінің заң­дылығын тексеріп, оның қорытындысы бойынша құқықтық баға беруін, берілген несие бойынша өз уақытында қарыздарын толықтай өтеген азаматтардың кепілдікке қойған мүлік құжаттарын қайтару мүм­кіндіктерін қарастыруын сұрап отыр.

БАТЫСТА ЖЕР ЗАҢНАМАСЫ

ЖИІ БҰЗЫЛАДЫ

Депутат Абзал Құспан болса Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында Батыс Қазақстан облысы, өкінішке қарай, жер заңнамасы өте жиі бұзылатын аймақ екеніне назар аудартты. Ең сорақысы, ол заңбұзушылықтарды жер­гілікті әкімдердің судьялар арқылы оп-оңай заңдастырып алатыны. Осы ретте ол сөзіне дәлел етіп Жоғарғы Соттың аза­маттық істер бойынша екі шешіміне сіл­теме жасады.

– Біріншісі, былтыр АШМ Жер ре­сурс­­тары комитеті тексеру жүргізіп, Орал қаласы әкімінің 20.02.2015 жылғы №605 қаулысын заңсыз деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінді. Бұл құжатқа сәйкес, қала тұрғындарына бағбандықпен ай­налысу үшін «Венера» бағбандық серік­тестігі арқылы жер учаскелері заңсыз бе­рілген. Заңсыздығы сол, аталған жер учас­келері Жайық өзенінің рекреациялық су қорғау аймағына жатады. Ол аумақта қалың ағаш өсіп тұр, соған қарамастан ол жерлер Жайық-Каспий бассейн инспек­циясының келісімінсіз берілген. Нәтиже­сінде, қолданыстағы Жер кодексі, Су кодексі, Экология кодексімен, 200 мыңға жуық жер кезегінде тұрған оралдықтың конституциялық құқығы бұзылған.

Алайда сотта қала әкімінің өкілі заң­бұзушылықпен толық келісе отырып, соттан ескіру мерзіміне, яғни жер беріл­геніне 3 жылдан астам уақыт өтіп кетуіне байланысты уәкілетті органның талап арызын қанағаттандырудан бас тартуды сұрайды. Заңдылықты қадағалауы тиіс прокуратура өкілі де қалалық әкімдікті қолдап қорытынды береді, судья да олар­мен келісіп талап арызды қанағат­тан­дырусыз қалдырады. Ал Жоғарғы Сот өзінің 01.12.2023 жылғы қаулысымен бұл шешімді заңды деп табады.

Ал екінші жағдайда керісінше. БҚО Жаңақала ауданы әкімінің бірнеше шаруа қожалық иесіне 2015-2017 жылдар ара­лығында ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді конкурстық процедурасыз бер­гені үшін қарау туралы уәкілетті органның талап арызын Жоғарғы Сот 13.12.2023 жылғы қаулысымен ескіру мерзімі өткеніне қарамастан, қанағаттандырып береді. Екі жағдайда да ескіру мерзімін қолдану туралы өтініш негізі бірдей, тексеруші де, сотқа жүгінген уәкілетті орган да бір орган, бірақ Жоғарғы Сот екі жағдайда екі түрлі шешім қабылдайды. Екі шешімнің арасы бар-жоғы 12 күн, ол аралықта жаңа заң қабылданып, азаматтық-процестік кодекс талаптары өзгеріп кете қоймағаны түсі­нікті, маған және менің сайлаушы­ларыма Жоғарғы Сот қалыптастырып отырған сот тәжірибесі түсініксіз, – дейді депутат.

Бұрын адвокат қызметін атқарған Абзал Құспан мұндағы заңсыздықтардың себебін де айтып берді. Екі істің салдары да бірдей. Бірінде экологияға нұқсан келсе, енді бірінде шаруалар жерінен айырылып қалып отыр. 

– Бірінші жағдайда Орал қаласының сол кездегі әкімі А.Көлгінов қол қойған қаулы бойынша, заңсыз жер учаскесін алған жер иелерінің алдағы көктемде Жайық өзені жағасындағы ағаштарды қырқып, табиғатқа өлшеусіз зиян келтіре отырып құрылыс жұмыстарын бастауына кеңінен жол ашылды, себебі қолдарында Жоғарғы Соттың шешімі бар. Ол өз кезегінде қала тұрғындары мен табиғат жана­шырларының ашу-ызасын тудыра­тыны түсінікті, алайда ол жер иелерінің құрылыс жүргізуіне ендігі жерде ешкім тосқауыл қоя алмайды!

Сонымен қатар осы іспен айналысу барысында қолыма «Венера» бағбандық серіктестігінің арызы бойынша жергілікті Антикор тарапынан жүргізілген тергеу материалдары түсті, оған сәйкес 2019 жылдан бастап осы факт бойынша тір­келген қылмыстық іс екі рет қысқартылған! «Жайық» өзені бойындағы жерлер әу баста жергілікті әкімдік, гипрозем және про­куратура қызметкерлері ұсынған тізім бойынша өз кісілерінің, орысша айтқанда «подставной» адамдардың атына рәсім­деліп, кейін басқа адамдарға ауыстырылған. Бұл фактілер тергеу барысында анықталса да, қылмыстық іс бүгінгі күні тоқтатылған. Ең қызығы, дәл осы қылмыстық іс тергеліп жатқан тұста, 30.12.2022 жылы, яғни жаңажылдық қарбаласты пайдаланып әлдекімдер гипрозем мекемесінің архивіне қасақана өрт қойған, соның салдарынан жер кадастрының мәліметтер базасы орналасқан сервер жанып кеткен. Қазір бұл қылмыстық істе күдіктінің анықтал­мауына байланысты тоқтатылған. Неге екені белгісіз, бұл қылмыстық істер өзара тығыз байланысты болса да, бір өндіріске біріктірілмеген.

Ал екінші жағдайды алып қарайық, ондаған жыл бойы табан ақы, маңдай терімен жерлеріне малға қора, өздеріне үй-жай салып, ең бастысы мыңдаған бас мал жайып отырған қожалық иелері про­цедура бұзылды деген желеумен сол жер­лерінен Жоғарғы Соттың шешімімен айырылып отыр. Ол өз кезегінде шаруа қожалықтары мен өз күнін өзі зорға көріп отырған ауыл тұрғындарының ашу-ызасын тудыратыны түсінікті жағдай. Сонда Жоғарғы Соттың көздегені не? Ол жер­гілікті әкімдер мен ауыл шаруашылығы министрлігінің жетегінде кетті ме, әлде мақсаты әлеуметтік жағдайды шиеленістіре түсу ме? – дейді депутат.

Абзал Құспан бұл мәселені қазіргі об­лыс прокуроры және антикор басшысына арнайы жолығып жеткізген. Қызметтеріне бұл оқиғалардан кейін тағайындалған бұл басшылар істі қайта жандандырып, әділ­дікті қалпына келтіреді деп сенеді. Жоғарғы Сот заңдастырып берген ше­шімнің ар­тында осыншама заңсыздық жатқаны, тіпті қылмыстық фактілер болғаны еліміздегі құқықтық қатынастар ахуалының ушығып кеткенін білдірсе керек. Ендеше депутаттық сауалда кө­терілген кейбір мәселелердің ендігі бір инстанциясы Конституциялық Сот болуы керек сияқты.

Нұрлан ҚОСАЙ