Көкшетауда төленбеген алименті 6 миллион теңгеден асып жығылған екі тұрғын ұсталды.
Көкшетауда 6 миллион теңге алимент төлемеген ер адамдар ұсталды
935
оқылды

Олар бауыр еті баласына мүлде көмек бермей қойған,  деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Екі жағдайда да бұрынғы күйеулеріне шағымданған әйелдер алименттерін жылдар бойы ала алмағанына жеткізген. 

–  26 жастағы қала тұрғыны баласына 1 миллион теңгеден астам алимент қарыз. Ал Қарағанды облысы Теміртау қаласында тұрып жатқан екінші арызданушының айтуынша, бұрынғы күйеуі 2010 жылдан бері алиментті мүлде төлемеген. Қазір қарызы 5 миллион теңгеден асып жығылған. Екі факт бойынша да сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, –  деді Ақмола облысы Полиция департаментінің өкілі. 

Тәртіп сақшылары Қылмыстық кодекстің 139-бабы алимент төлемейтіндерді 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа, яғни екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе дәл осы мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы