Абай университеті тұңғыш жоғары оқу орны ретінде 1928 жылы құрылған. Сол кезде жаңа ашылған жоғары оқу орнының құрамындағы жалғыз факультеттегі үш бөлімнің бірі – физика-математика бөлімі болды.
Қазіргі заманның ең мықты қаруы – білім
3,074
оқылды

Осы бөлімнің негізінде физика-математика факультеті, ал бүгінгі күні Математика, физика және информатика институты қалыптасты. 

Алғаш ашылған факультетіміздің деканы, қазақтың біртуар азаматы, Алашорда көсемдерінің бірі – Әлімхан Ермековтің болғанын мақтанышпен айта аламыз. 95 жылдық тарихы бар біздің түлектерден көптеген ұлағатты ұстаз, ғалым шықты. Солардың бірегейі ретінде физика-математика ғылымдарының докторы, профессор О.Жәутіковтің есімін ерекше атауға болады. 

Ол факультетте кафедра меңгерушісі, декан, университеттің ғылым жөніндегі проректоры қызметтерін атқарды. Ерекше түлектеріміздің қатарында Б.Жаңбырбаев пен Қ.Қалиеваларға тоқталғым келеді. Сол жылдары профессор Б.Жаңбырбаев елімізде ықтималдықтар теориясы саласынан ғылыми атақ қорғаған жалғыз маман болды. Факультет деканы, кафедра меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. 

Институтымызда Кеңес Одағының алдыңғы қатарлы университеттерін бітірген доцент С.Боқаев, ҚССР ҒА корреспондент-мүшесі, профессор Б.Оразбаев, профессорлар Ш.Еркеғұлов, Қ.Бақтыбаев, С.Ерматов, М.Құдайқұлов, Б.Нақысбеков, Б.Баймұханов, Қ.Мұқашев, Е.Шалбаев, Ж.Тоқыбетов, О.Сатыбалдиев, академик Ғ.Уәлиев және т.б. көптеген ұлағатты ғалым-ұстаздардың қызмет атқарғанын ерекше жылы сезіммен еске аламыз.

Студенттерге заманауи білім беру өз алдына, олардың жан-жақты тұлға болып қалыптасуына ықпал ету үшін біршама жұмыс атқарылып жатыр. Ең алдымен, студенттерге өз мамандығы бойынша және одан тыс әртүрлі машықтану курстары бар. Бұл студент әртүрлі дағдылар мен қызығушылығын дамытуға көмектеседі (шахмат, робототехника, программалау және т.б.).

 

Екіншіден, студенттерге әртүрлі салалардағы білімін біріктіруге ықпал ететін минор бағдарламалар қарастырылған, яғни педагогикалық емес мамандық студенттері өз таңдауы бойынша педагогикалық мамандықтың пәндерін оқу мүмкіндігіне ие. Себебі  бұл студенттер келешекте білім беру саласында жұмыс істеуге қызығушылық танытады.

Үшіншіден, студенттердің шығармашылығын шыңдап, дамытуға ықпал ететін әртүрлі мәдени іс-шаралар (мысалы, екі жұлдыз, КВН сияқты) ұйымдастырылып отырады.

Төртіншіден, студенттер алған білімдерін практикада қолдануға мүмкіндік беретін кәсіби пәндер бойынша жобалық жұмысқа, олимпиадаға, ғылым декадасына қатысу мүмкіндігіне ие.

Бесіншіден, цифрлық сауаттылықтарын дамытуда студенттерге заманауи технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын шыңдау бағытында цифрлық білім беруге арналған пәндерді оқиды, яғни Жасанды интеллект технологиялары, Білім берудегі робототехника және мехатроника, Білім беруді цифрлық технологиялар, GameDav негіздері және т.б.

Алтыншыдан, студенттердің өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі зерттеуге және білімді үнемі жаңартуға деген қызығушылығын оятуға бағытталған жеке өзіндік жұмыс қарастырылған.

Содан соң, студенттер жеке тұлға және кәсіби маман ретінде дамуына көмектесетін педагогикалық және өндірістік практикаларын орта білім беру мекемелерінде, ғылыми-зерттеу институттарында, өндіріс орындарында өтеді.

Шығармашылық, ғылыммен айналысамын деген жастарға университетте барлық қолайлы жағдай жасалған. Мысалы, біздің институт туралы айтатын болсақ, математика, физика және информатика ғылыми бағыттары бойынша бірнеше ғылыми-зерттеу лабораториясы қарастырылған. 

Олар: «Педагогикалық білімді дамыту орталығы», «Білімді ақпараттандыру және білім технологиялары мәселелері ғылыми зертханасы» мен «Физиканы оқыту технологиялары және қолданбалы зерттеулер лабораториясы». Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын шыңдауға 10 компьютер сыныптары, 8 физикалық оқу лабораториялары және робототехника, мехатроника зертханалары қызмет көрсетеді.

Институтымыздың оқытушы-профессорлар құрамы және білім алушылар өздерінің бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын осы зертханаларда ұйымдастырып, жүргізеді. Бүгінгі таңда институтымызда мемлекет тарапынан қаржыландыратын 10 ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Оған бөлінген жалпы көлемі 550 млн теңгеден асады. Бұл бағыттағы жобаларды жүзеге асыру үшін институттың ғылыми әлеуеті жоғары екенін атап өтуіміз керек, яғни жалпы ОПҚ құрамының 60% астамы ғылыми дәрежелі атаққа ие. Атап айтқанда, Қазақстан ҰҒА академигі А.Әбілқасымова, ҰҒА корреспондент-мүшесі В.Косов, профессор А.Бердышев, профессор Б.Ахметов, PhD докторлар Ә.Қырықбаева, Е.Оспанбеков, М.Ревшенова, Ж.Байшемиров, А.Рысқан осы аталған ғылыми жобаларға жетекшілік жасайды. Мақтаныш сезіммен атап өтетін жағдай, биылғы оқу жылында PhD Ә.Қырықбаеваның ғылыми жобасының нәтижесі коммерциялизация жасалынуда, яғни оның нәтижелері өндірісте кеңінен қолдану үшін қосымша қаржыландыруға ие болды. Бұл – университет тарихындағы алғашқы жағдай. 

Абай университеті Қазақстанның өңірлік ЖОО-мен екіжақты келісімдер негізінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы жұмыс істеп жатқаны белгілі. Бұл мәселе біздің МФИИ-да да жақсы жолға қойылған. Қысқаша түсіндіріп өтсем, академиялық ұтқырлық негізінде білім алушылар алмасу арқылы өз білім беру бағдарламаларымыздың кемшін тұсын шыңдай отырып, өз жетістіктерімізді шәкірттеріміз арқылы басқа ЖОО-да көрсету мүмкіндігіне ие боламыз. Осы оқу жылында біз академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша 26.02.2024 - 06.07.2024 ж. аралығында 5 студентті 1 семестрлік оқуға Адам Мицкевич университетіне (Польша) жібереміз. Ал бізге Ресейдің Петрозаводск мемлекеттік университетінен магистранттар осы семестрде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқуға қабылданды. Сонымен қатар ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Есенов университетінен, Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінен және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен 12 студент осы семестрге академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқуға қабылданды. Сондай-ақ біздің магистратура бағдарламасы бойынша білім алушыларымыз Ыстамбұл, Қазан университеттерінде тағылымдамадан өтіп келді.

Жастар – ел болашағы, ата-ана мен Отанының үміті. Біздің студенттер білімге құштар, жан-жақты дамыған, белсенді және шығармашыл жастар. Студенттеріміз ғылымда да, спортта да, өнер-білім жағынан да  жақсы жетістіктерге жетуде. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, қашанда халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім.  Дамыған заманның ең мықты қаруы – білім. Осы орайда институтымыздың 4-курс студенттері Лейла Заирова, Диана Нұрмухамедова мен Мерейлім Төлебай оқуда көрсеткен жоғары білім көрсеткіштері нәтижесінде президенттік шәкіртақы иегерлері болып саналады. Республикалық «Елбасы медалі» жобасы  аясында физика-информатика мамандығының 1-курс студенті Ақниет Налхан күміс медальмен, ал математика мамандығының 1-курс студенттері Ақерке Танабай мен Аружан Несіпқазы, Нұрасыл Орнықбай қола медальдарымен марапатталған.

Спорт саласында да студенттеріміздің жеткен жетістіктеріне тоқталып өтсем. Математика мамандығының 3-курс студенті Шарапат Бейсенова волейболдан өткен институтішілік байқауда үздік ойыншы марапатымен, университетаралық байқауда жүлделі II орынмен марапатталды. 

Математика мамандығының 2-курс студенті Низамдун Хезизов 2023 жылы республикалық жарыста ережесіз жекпе-жектен күміс жүлдегер атанды. Алматы қаласының чемпионы болды. Понкратионнан Алматы қаласының чемпионы, ММА-дан Алматы қаласы бойынша күміс жүлде иегері атанды. 

Физика мамандығының 2-курс студенті Алуа Каримбекова былтыр өткен ХІІ жазғы универсиадада 100 метр кедергімен жүгіруден жүлделі 3-орынды иеленді.

Физика мамандығының 4-курс студенті Ирадам Нариманова «VIII халықаралық кітап басылымы», «Үздік жас студенттер – 2023» ғылыми және оқу орындары арасында Бірлестік түріндегі заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырған жоба аясында II дәрежелі дипломмен марапатталған.

Математика-физика мамандығының 1-курс студенті Нұрдаулет Елубай республикалық ғылыми жобасында және Ө.Жолдасбеков атындағы халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларында 3-орын, ал Республикалық зерттеу жобалар конкурсында 1-орын иегері. Физика мамандығының 4-курс студенті Наталья Петри «Мисс Алматы – 2023» атағын иеленді. Міне, бұл – жастардың бәрі біздің болашағымыз әрі мақтанышымыз.

МФИ институтының басты мақсаты – еліміздің ғылымына, экономикасы мен басқа да маңызды салаларына қажетті заманауи, жоғары білімді, тәрбиелі, бәсекеге қабілетті мықты мамандар буынын қалыптастыру. Институттың негізгі ұстанымы – «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қағида.

Бақыт СЫДЫҚОВ, Абай университеті Математика, физика және информатика институтының директоры