Абай университетінің жас ғалымы, постдокторант Ербол Тілеуберді «Жас ғалым» жобасы аясында ҚР ҒЖБМ қаржыландыратын АР19175900 «Жанғыш пайдалы қазбалардан сұйық отын алу және осы процесс қалдықтарын қайта пайдалану» жобасында мұнайлы құмды қалдықсыз өңдеу процесінің механизмін зерттеп, ғылыми негіздемесін әзірлеп жатыр.
Жас ғалым қалдықты қайта кәдеге жарату әдісін зерттеп жатыр
2,116
оқылды

«Мұнайлы құм құрамындағы мұнай 30%-ға дейін жететін құм-топырақты жыныс (мұнай битумды жыныстар деп те аталады). Ол дәстүрлі емес көмірсутек шикізатына жататын табиғи байлық. Қазақстан аумағындағы дәстүрлі мұнайдың қоры мол. Сондықтан шикізаттың бұл түрін қалдықсыз өңдеу және халық шаруашылығында пайдалану өте өзекті мәселе. Сондай-ақ  әлемде мұнай қорының азаюына байланысты мұндай баламалы қуат көздерін тиімді игеру басты қажеттілікке айналып отыр», – дейді жас ғалым.

Мұнайлы құмды өңдеудің қиындығы – ол әлемде қолданылатын дәстүрлі өңдеу технологиясымен өңдеуге келмейді. Өйткені ол биодеградацияға ұшыраған ауыр мұнай мен минералды қоспадан (құм, топырақ, саз) тұрады. Сондықтан мұнайлы құмды өңдеудің заманауи әдістерін зерттеп, оны мұнай-химия өнімдерін алу үшін тиімді пайдалану маңызды. 

Шикізаттың бұл түрі Канадада, АҚШ-та, Венесуэлада, Ресейде және ішінара басқа мемлекеттерде кең таралған. Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында 50-ден астам мұнайлы құм кен орындары бар. Қазақстанда мұнайлы құмның қоры дәстүрлі мұнайдан көп болғанымен, оны өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Сондықтан оларды өндіру, кешенді өндірудің ғылыми негізін дайындау қажет.

Жас ғалым жоба нәтижесінде, еліміздің мұнайлы құмын өңдеп, одан сұйық отын өндіріп, қалдықтарды қайта пайдаланудың ғылыми негізін жасауды көздеп отыр. 

Айта кетейік, Ербол Тілеуберді 2023 жылғы Жоғары оқу орындары профессор-оқытушылар құрамының бас рейтингінде (АРТА) ТОП-50 үздіктер қатарына кірді.