«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы бірнеше маңызды мәселе бойынша Саяси кеңесі бюросының отырысын өткізді. Соның ішінде облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциямен бірлесіп, 2023 жылы атқарылған жұмыс қорытындыланды.
«AMANAT»: Саяси кеңес жылдық жұмысты саралады
955
оқылды

Жиында Партияның облыстық филиалының Саяси кеңесі бюросының 2023 жылғы 28 наурыздағы қаулысымен облыстық мәслихатта партияның депутаттық фракциясы құрылды. Жиын барысында осы жаңа құраммен есепті кезеңде атқарылған жұмыстарды фракция жетекшісінің орынбасары Мақсұт Нәлібаев кеңінен баяндады. 

«Негізінен фракцияның қызметі жарғыда, партияның саяси тұғырнамасында және сайлауалды бағдарламада айқындалған партияның стратегиялық мақсаттары мен жоспарларын іске асыруға бағытталды. Бұл тұрғыда фракция нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу, қарау және бекіту жұмысында осы мақсаттарды басымдыққа алып, облыстық мәслихаттың тоғыз сессиясында 73 шешім шығарды. Соның ішінде негізгі қаржы құжаты – 2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде 6 рет нақтылау жұмысы жүргізілді. Сонымен бірге, 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет бекітілді», – деді сөз басында Мақсұт Нәлібаев. 

Жалпы облыстық мәслихаттағы 32 мандаттың 78,1 пайызы, яғни 25 мандат «AMANAT» партиясының үлесіне тиесілі. Фракция жетекшісінің орынбасары есепті кезеңде  фракцияның 8 отырысы өтіп, оларда әкім және оның орынбасары, сонымен бірге облыстық басқарма басшылары – партия мүшелері Сайлауалды бағдарламаларды іске асыруға байланысты қызметі бойынша есептері тыңдалғанын жеткізді. Сонымен қатар фракция мүшелері Партиялық бақылау комиссиясының 17 отырысы мен мониторинг жұмыстарына және партия жанындағы 8 кеңестін 50 отырысына қатысып, тиісті ұсыныстар беріпген. Жергілікті атқарушы органдармен бірлескен осындай жұмыстар нәтижесінде Сайлауалды бағдарламаны іске асырудың Жол картасындағы 115 іс-шараның 95% орындалып отыр.

Келесі кезекте Сайлауалды бағдарлама аясында атқарылған бірқатар жұмыстар сөз болды. Атап айтсақ, өңірде  13 елді мекен газдандырылып,  9 спорт нысаны, 3250 орындық 8 білім беру ұйымдарының ғимараттары бой түзеген.  Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 мектептің құрылысы басталса, 1200 орындық 5 мәдениет нысаны, 15 денсаулық сақтау ғимараты ел игілігіне пайдалануға берілген. Сол сияқты халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін 1302 пәтер сатып алынған. 

«Депутаттық фракция мүшелері тұрғындармен тұрақты кері байланыс жасау мақсатында партияның Қоғамдық қабылдау бөлмелерінде 120 қоғамдық қабылдау өткізіп, нәтижесінде 320 мәселенің 64 пайызы оң шешілуіне ықпал жасалды. Қабылдаулардың 48-і көшпелі форматта аудан орталықтары мен шалғай елді мекендерде өткен. Сонымен қатар, есепті кезеңде түрлі мәселелер бойынша тиісті органдарға 70 депутаттық сауал жолдаған. Бүгінде олардың шешілу барысы бақылауда», – деп өтті фракция жетекшісінің орынбасары.

Алқалы жиында партияның облыстық филиалының 2023 жылғы бюджетінің орындалу барысы қаралды.  Сол сияқты облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшелерінің қоғамдық қабылдау кестесі, филиал жанындағы кеңестер мен комиссиялардың ережелері бекітіліп, құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы