Мемлекет басшысы Италияға ресми сапары барысында БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) Римдегі штаб-пәтеріне барды.
Алматының апорты әлем нарығына шығады
963
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Цюй Дунъюймен кездесуде жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және агроөнеркәсіп кешенінің орнықты дамуын ілгерілетудің маңыздылығына на­зар аударып, Қазақстанның Ұйыммен ынты­мақтастығын нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

– Азық-түлік тапшылығы – жаһандық күн тәртібіндегі өзекті проблеманың бірі. Қазақстан бұл мәселені шешуге өз үлесін қосуға ұмтылады. Біздің еліміз дәнді дақылдар өсіру жөнінен алдыңғы қатарда. Бидай экспортының көлемі шамамен 6 миллион тоннаға жетеді. Біз астық және ұн өндіретін 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ұйыммен арадағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.

Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз тұқым шаруашылығын жетілдіру, ауыл шаруашылығына арналған жерлердің тозуына қарсы күрес, жасыл ауыл шаруашылығын ілге­рілету, жер-су ресурстарын оңтайлы және тиімді пайдалану мәселелері бойынша БҰҰ сараптамалық қолдау көрсетеді деп үміттенеді. Қазақстан жергілікті бірегей ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өткізу үшін тұрақты өндіріс және сауда тізбектерін жетілдіруді көздейтін FAO-ның «Бір ел – бір негізгі өнім» бастамасына қатысады.

Мемлекет басшысы Цюй Дунъюйге Алматының әйгілі апортын таныстырды.

– Қазақстан алманың отаны ретінде кеңінен танымал. Апорт сұрпы еліміздің ең ірі мегополисі – Алматының маңайында өседі. Біз алманың осы түрін өздеріңіз­бен күш біріктіре отырып, әлем нарығына шығаруға ниеттіміз. Осы бастамамызды іске асыру барысында Сіздің жеке қол­дауыңызға арқа сүйейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Халықаралық Аралды құтқару қоры және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының төрағасы ретінде Қазақстанның басымдықтары туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымды Арал бассейніндегі жерлердің топырағын мелио­рациялауға және су ресурстарын басқаруға қатысты жобалар әзірлеу ісіне жан-жақты қолдау көрсетуге шақырды. Сондай-ақ Президент елімізде FAO-ның Орталық Азиядағы өңірлік бөлімшесін ашуды ұсынды.

Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және гуманитарлық көмек көрсету ісінде Қазақстан аймақта ғана емес, бүкіл әлемде елеулі рөл атқаратынын атап өтті.

Мемлекет басшысы Римге ресми сапары аясында БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының Атқарушы директоры Синди Маккейнмен кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету және БҰҰ, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы секілді басқа да халық­аралық ұйымдар аясында гума­ни­тарлық көмек көрсету бо­йынша жүзеге асырып жатқан шаралары жайында айтты.

2023 жылы Қазақстан алты мемлекетке 9,2 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Еліміз Газа секто­рындағы күрделі ахуалды ескере отырып, Палестина халқына қайырымдылық шарасы ретінде 1 миллион доллар бөлді және 2 рет гуманитарлық көмек жеткізді. Сондай-ақ табиғи апаттан зардап шеккен Ауғанстан, Түркия, Пәкістан және басқа да елдерге қаржылай көмек көрсетті.

Президент Ауғанстандағы жағдайға баса назар аударды. Мемлекет басшысының пікірін­ше, халықаралық қоғамдас­тықтың осы елдегі гуманитарлық дағдарысты тоқтату ісін жал­ғастыруы өте маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазір Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнық­ты даму жөніндегі аймақтық орталығын ашу жұмыстары жүр­гізіліп жатқанын жеткізді. Бұл Орталықтың қызметі аймақ­тағы бейбіт­шілікті, қауіпсіздікті және орнықты дамуды нығайтуда БҰҰ-ның ведомство­аралық үйлестіру жұмысын реттеуге мүмкіндік береді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев FAO басшылығын алдағы Халықаралық Астана форумына қатысуға шақырды.