Волонтерлік – дамыған азаматтық қоғамның мызғымас бір бөлігі. Олар көмекке мұқтаж азаматтарға қол ұшын беріп қана қоймай, маңызды мемлекеттік міндеттерді атқаруда.
Жемқорлық – індет, бірлесіп күресу – міндет
806
оқылды

Атап айтқанда, коррупциямен күрес бойынша еріктілердің көрсеткен көмегі орасан. Жемқорлықты жеңудің тың әдістерін меңгерген волонтерлар күдікті жағдайларды анықтауда және хабарлауда маңызды рөлге ие болып отыр.

Волонтер мен антикор

Мамандардың пікіріне зер салсақ, жемқорлықты түбегейлі жеңіп шыққан ел жоқ екен. Тек еңсеруге, яки деңге­йін төмендетуге болады. Осы тұрғыдан келгенде елімізде, әрине көптеген жұмыс жүргізіліп жатқанын айтпай кетуге болмайды. «Ауырып ем іздегенше...» демекші, мұндағы басты мұрат – алдын алу. Осы мақсатта былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасын іске қосқан болатын. Тамыз айында басталған жобаның көздегені – республика бойынша белсенді азаматтарды, қоғамдық бірлестіктерді, жеке және квазимемлекеттік сектор субъектілерін, сондай-ақ басқа да ұйымдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларға ерікті ретінде тарту. Мұнда 4 бағыт қарастырылған. Олар – Қоғамдық бақылау, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеу және ағарту, Pro bono волонтерлік және Корпоративті волонтерлік. Басталғанына төрт-ақ ай өтсе де жобаға қатысуға тілек білдіруші қатары көп екен. Сондай өңірлердің бірі – Қостанай облысы.

«Бізде бүгінде 129 волонтер жұмыс істеуде. Олар әртүрлі салада қызмет ететін белсенді азаматтар. Осы ретте, олардың жемісті еңбегі мен қызметке көп қолғабыс етіп отырғанын атап өткім келеді. Көбінесе бірінші бағыт бойынша, яки мемлекеттік сатып алуға мониторинг жүргізу немесе аяқтай барып тексеруде еріктілер көптеген деректерді анықтауда. Мәселен, Рудный қаласында волонтерлер әлеуметтік нысандар құрылысына мониторинг жүргізіп, мердігер компанияның жұмыс жүргізуге лицензиясы жоқ екенін анықтады. Нәтижесінде, мемлекеттік Сәулет-құрылыс комиссиясы ол мекемені жауапкершілікке тартты. Тағы бір мысал, олар жүргізген тексеру нәтижесінде біздің департамент Арқалық қаласы әкімінің аппаратына және «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның облыстық филиалына жол төсемдерін жөндеудегі сапасыз жұмыстарды жою үшін тиісті шаралар қабылдау туралы ұсыныс хаттар жолдады. Ал мемлекеттік сатып алу бойынша волонтерлердің ақпараты арқылы мемлекеттік органдарға сатып алғалы отырған жанар-жағармай мен азық-түлік тауарларына ұсынған бағасын қайта қарау туралы 13 хат жолданды. Осылайша, 4,2 млн теңге бюджет ақшасы үнемделіп қалды», – дейді сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызметтің Қостанай облысы бойынша Аумақтық департаментінің бас маманы, «Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасының кураторы Евгений Бедыч.

Жоба кураторының айтуынша, волонтер болып белсенді азаматтар, қоғамдық ұйымдар, студенттер, ғылыми орталықтар, адвокаттар, нотариустар, сот орындаушылары, сарапшылар мен мамандар және тағы да басқалар жазыла алады екен. Мәселен, сондай жанның бірі – Sanaly urpaq-2050 қоғамдық қорының төрағасы Нұрбек Әбдібеков.

«Мен бұрыннан да қоғамдық жұмыстарда белсенді адаммын. Ұйым басшылығынан бөлек, Қостанай облысы қоғамдық кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, құрылыс, индустриялық-инновациялық даму, Көлік және жолдарды дамыту комитетінің төрағасымын. Сондықтан жемқорлықпен күрес жұмысына бұған дейін де атсалысып жүрмін. Еліміздің өркениетті елдердей гүлденгенін, қоғамымыздың демократиялық құндылықтарымен дамығанын қалаймын. Енді осы жолда «Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасының артық­шы­лығы – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен тікелей байланысқа шыға алаты­нымыз­да. Мәселен, бұған дейін анық­талған заңбұзу­шылықтарды БАҚ, әлеуметтік желі немесе түрлі блогқа жазып, содан кейін барып, ол антикорға жететін болса, қазір мессенджерлердегі ортақ топтамыз. Мониторинг жасап отырып көрген кемшілігімізді бірден сонда сала қойсақ, олар да жедел әрекет ете қояды. Мәселен, таяуда өз басым Білім басқармасының бір бума А4 форматтағы кеңсе қағазының бағасын 3 000 тең­ге етіп қойғанын анықтадым. Ал талап бойынша ол 510 теңгеден аспау керек. Осылайша, бюджет ақшасын алты есе артық шығындау әрекетінен сақтап қалдым», – дейді ол. 

Волонтердің айтуынша, мемлекеттік сатып алуларда баға қоюдың заң­мен белгіленген нормалары болады екен. Одан 1 тиын артық белгілеу, заңбұзушылық болып саналады. Осы ретте, бағаны көтеріп қою салаларға емес, белгілі бір тауарларға тән екен. Олар – көбіне кеңсе қағаздары мен жанар-жағармай. Осылайша, қоғамдық бақылау мемлекет қаржысын үнемдеуде үлкен үлес қосып отыр. Ал жобаның жалпы мақсаты – қоғамда жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыру, жемқорлық құқық­бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептерді анықтау және олардың салдарын жою бойынша жұмыс істеу.

«Ақсақаловтың резиденциясы»

Еліміздегі жемқорлықпен күрес туралы айтқанда, оған мемлекеттік превентивті саясаттан бөлек, қоғамдық күштің де араласуын сөз еткен жөн. Мұндайда есімізге бірінші кезекте «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі түсетіні белгілі. 2020 жылы құрылып, содан бері әділдіктің даңғылына айналып келе жатқан бұл ұйым жақында 2022-2023 жылдарда істеген жұмыстарының қорытындысын жариялады. Ол бойынша елімізде тиімсіз жұмсалған 800 миллион теңге бюджетке қайтарылған екен. Оның 160 миллионы ҚҚС төлеуші болып табылмайтын өнім берушілерге ҚҚС түрінде заңсыз төленген ақшалар. Одан бөлек, мемлекеттік сатып алулардан 15,1 млрд теңге үнемделген. Оның ішінде мәселен, Ішкі істер министрлігінің 5 миллион теңгеге костюм­ге тапсырыс берген, Ұлттық статис­тика бюросының бір қаламсапты 3,8 миллион теңгеге сатып алмақ болған деректер бар. Сондай-ақ 77 қылмыстық іс қозғалып, 1 224 әкім­шілік хаттама толтырылған. Соның ішінде 296 лауазымды тұлға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оларға 264 млн теңгеге айыппұл салынған, оның ішінде төртеуі жұмыстан шығарылған. «Әділдік жолы» ашқан деректердің ішінде резонансты істер де, белгілі есімдер де бар екен.

«Белгілі есімдерді ата десеңіз, өкінішке қарай, ондайлар жоқ емес. Негізінен әкімдер. Бірақ бұл жерде сотты болғандарын емес, солар басшылық еткен өңірлердегі «мұраларын» айтуға болады. Мысалы, осы уақытқа дейін ақпарат кеңістігінде «Шөкеев жағажайы», «Ахметовтің құбырлары», «Ақсақаловтың резиденциясы», «Айтахановтың қалтарысы», «Шөкеев мұражайы» деген сияқты тағы да басқа фактілер біздің команданың анықтаған сорақылықтары. Ондай былықтарды қоғам мен мемлекеттің назарын аударту үшін біз осылай атауға мәжбүрміз. Мәселен, «Ақсақаловтың резиденциясын» алайық. Қазіргі Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болған кезінде Президенттің бұрынғы резиденциясын Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация арқылы жеке қолға өткізіп жіберген. Ал ӘКК оны төмен бағамен жеке кәсіпкерге сатқан. Біз осыны анықтап, Петропавлға барғанымда сол кездегі антикордың басшысы маған «Біз оны білеміз, қылмыстық іс бар, сондықтан БАҚ-ты шулатпаңдар, нәтиже болады» деді. Бірақ ешқандай нәтиже болған жоқ. Қылмыстық іс қысқартылып кетті. Ал резиденция мемлекетке қайтарылды ма, жоқ па нақты жауап жоқ», – дейді «Әділдік жолы» РҚБ директоры Дидар Смағұлов.

РҚБ-ның соңғы екі жылда жүргізген белсенді жұмыстарының жемісі – қоғам дамуына, ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың да арқасы. Өйткені аталған кезеңде бірлестікке 11 000-нан астам адам хабарласыпты. Солардың атсалысуымен көптеген заңбұзушылықтар анықталған. Мамандардың айтуынша, жалпы коррупциялық қылмыстарға пара алу, пара беруден бөлек, мемлекет қаржысын жымқыру, ысырап ету, қызмет бабын асыра пайдалану, теріс пайдалану сияқ­ты баптар жатады екен. Ал еліміздегі парақорлар мен жымқырушылардың ең көбі ішкі істер және білім беру саласында көрінеді. Олар – ІІМ-де тергеушілер, патрульдер және тағы басқалар болса, білім саласы бойынша бухгалтерлер. Мысалы, соңғы 3 жылда білім саласындағы жемқорлық салдарынан мемлекетке 11 млрд шығын келген. Оның жартысына жуығы қазынаға қайтқанымен, 6 млрд теңгесі құмға сіңген судай жоғалыпты. Әрине, мемлекет қаржысының талан-тараж болып, діттеген жеріне жетпей, жауапкершіліктен жұрдай ашкөз отандастарымыздың құлқынына жұтылып кеткені өкінішті-ақ. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне жүгінсек, мұндағы сома тіптен ашындырады. Жыл басындағы мәлімет бойынша, алдынғы жылдардан ауысып келгенін қоса алғанда былтыр 2 133 коррупциялық қылмыс тіркеген екен. Оның ішінде 1 692 дерек 2023 жылы анықталғандар. Ал барлық қылмыстық істер бойынша белгілі болған шығын сомасы – 51 миллиард 36 миллион 153 мың теңге. Зерделеп көрсек, жыл сайын жемқорлықтан келген залал өсіп барады. Мәселен, 2021 жылы алдынғы жылдарды қоса алғанда 2046 дерек тіркеліп, 9 млрд 655 млн 348 мың теңге шығын келген. Халықаралық рейтингке келер болсақ, ranking.kz. сайтының мәліметінше, Қазақстан былтыр 180 елдің ішінде жемқорлықты қабылдау бойынша 101-орында орынққан екен. Бұл да болса елімізге абырой әпермейтіні анық. Сол үшін де жемқорлықпен күресті ымырасыз жүргізуіміз қажет. Бұл тұста мемлекетте атқарылып жат­­­­қан жұмыс көп болар. Бірақ оған қоғам да белсене қосылуы керек. Жоғарыда біз соның тек бір парасын ғана атап өттік. Сол кішкене ғана аянның өзінен сұрағымызға жауап таптық деп білемін. Ол: «жемқорлықты жеңу – сіз бен біз­дің қолымызда!».

Нұрлан ҚОСАЙ