Швейцарияның Давос қаласында жыл сайын өтетін дүниежүзілік экономикалық форум аяқталды.
Davos – 2024: кеңес құрғандар не айтты?
1,545
оқылды

Биыл 54-ші рет ұйымдастырылған фо­рум­ға әлемге танымал 2,7-ден астам бизнесмен, сая­сат­кер, мемлекеттік қоғам қайрат­кері қа­тысты. Жиынға ат ба­сын ті­ре­ген 60 мемлекет және үкі­мет басшысы­ның 30-ы Еуропа елдерінен келіпті. Ал форум «Сенімді қалпына келтіру» дейтін тақырыппен өтті. 

Форумға Қазақстан атынан Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бастаған деле­гация қа­тысты. Көрші Ресейден делегация қатысқан жоқ, Мәскеу өкілдері форумға 2020 жылдан бері қатысқан емес. Бастапқы кезде пан­демияның кесірінен қатыс­паса, кейін форум­ды ұйымдастыру­шылары ресейлік­тер­ді шақыр­ғанды қойды. Ал Қытайдың 80-нен астам адамнан құралған де­легациясын премьер-министр Ли Цян бастап барса, АҚШ өқкілдеріне ел пре­зидентінің климат мә­селелері бойынша кеңес­шісі Джон Керри басшылық етті. Ал Еуропа елде­рінен жиынға Ис­па­ния, Франция, Ирландия, Нидер­ланд, Бельгия, Польша, Сербия мен Грекияның прези­денттері мен үкімет басшы­лары, Еурокомиссия­ның прези­денті, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гу­терриш қатысты. Сөй­тіп, әлем­нің қаржылы кәсіпкерлері мен беделді саясаткерлері жаһан­дағы өзекті мәселелерді талқыға салды. Тың тақырыптар, болжамдар ай­тылды, түрлі деңгейдегі кездесу­лер де болды. Әйтеуір, «алқалы жиын» өтті, ал оның адамзат өмірін өз­гертуге пай­дасы бола ма, жоқ па, оған жауап беру қиын. Өйткені С.Хан­тингтон айтқан «Давос мәде­ниетіне» кіретін топтың гео­саясат­тағы ықпалы мен әрекеті бөлек те, жиындағы уәждері басқа.

«Тылсым дерт»... қақтығыстар мен жаңа қатер

Әдетте Давос форумында жаһан жұртын алаңдататын тақы­рып­тардың талқыға түсетіні бар. Геосаясат, жаһандық жылыну, қақ­тығыстар, індеттер, қаржы-эко­номикалық ахуал тәрізді көптеген тақырып сөз болады. Форум ая­сында екіжақты, көпжақты кез­десулер де ұйымдастырылып жата­ды. Түрлі зерттеулердің қорытын­дысы да жария етілетіні бар. Биыл да жиналғандар осынау дағдыла­рынан айныған жоқ. Айталық, бас­қосуда алдағы жылдары адам­зат­қа қауіп төндіруі мүмін «Х індеті» жайлы айтылды. Дегенмен Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы­ның басшысы Тедрос Гебрейесус бұл індеттің нақты бір қауіп емес екенін, ғылымға белгісіз кез келген дерт болуы мүмкін екенін айтты. 

17 қаңтар күні форум аясында «Х індетіне даярлық» дейтін ар­найы панелдік отырыс өтті. Міне, сол отырыста белгісіз індеттің қауіпті екені айтылды. ДССҰ бас­шысы «Х індеті» жайлы алғаш 2018 жылы айтылғанын, ол нақты ауруды білдірмейтінін айтқаны­мен, белгісіз аурудың кесірінен болатын өлім-жітім коронави­рустан 20 есе көп болуы ықтимал екені айтылды. Сөйтіп, сарапшы­лар адамзатқа белгісіз, бірақ кез келген сәтте басталып кетуі мүмкін пандемияға даяр болудың маңыз­ды­лығына назар аудар керек еке­нін алға тартты. Бұл дегеніңіз ме­ди­циналық мекемелерді сақалдай-сай ұстау, мамандардың біліктілігін арттыру, ғылыми-зерттеулерге көңіл бөлу, дамушы елдерді қолдау тәрізді көптеген мәселелерді қам­тыса керек. Алайда әлеуметтік желіде бұл ақпаратты конспироло­гиялық сипатта қабылдағандар бар. Яғни, түрлі вирусты қолдан жасау мүмкін екенін алға тарт­қандар кездесті. Әрине, әлеуметтік желілердің қазақстандық сегмен­тінде Давос форумына назар ау­дарушылар сирек болды, медиа да тым қатты назар аудармады. Әйт­песе, «коронавирусты қытайлар жасап шығарған» дейтін мифке, Билль Гейтс коронавирус панде­мия­сы болатынын 2016 жылыдың өзінде біліп отырғаны жайлы алып-қашпа сөзге сенетіндер «Х індеті» жайлы әңгімені сан-саққа жүгіртуі мүмкін еді. Қазірдің өзінде «Х індеті» ұғымының медициналық емес, экономикалық сипаты бар екенін алға тартушылар бар. 

Одан бөлек, форумда БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйлеп, біраз мәселені сөз етті. Ол Израиль мен «Хамас» арасындағы басталғанынан 100 күннен асқан қақтығыстың зардабын атап өтті. «Хамастың» 2023 жылдың 7 қа­занындағы шабуылы қатігездік болса, одан бергі уақытта Израиль­дің соққылары да аз зардап әкел­мегенін айтты. Мыңдаған адам өлді, мыңдағаны босып кетті. Сондықтан Израиль–Палестина кикілжіңін шешу үшін араб пен еврей халықтарының екі мемлеке­тін құру мәселесі шешілуі керек екенін атап өтті. Одан бөлек, ол қазба отындардан бас тарту, жа­санды зерде, үкіметтік институт­тарға сенімнің азайғаны туралы сөз етті. Айталық, БҰҰ Бас хат­шысы 2023 жылдың адамзат ауа райын ресми бақылауды бастаған­нан бергі ең ыстық жыл болғанын атады. Бірақ алдағы уақытта 2023 жыл салқын кездердің қатарына кіріп кетуі мүмкін. Яғни, былтыр­ғыдан да ыстық жыл алда болады. Сондықтан жер астындағы отынды қазып алып, жаға беруді тоқтатқан жөн болса керек. Ал жасанды зер­деге қол жеткізген компаниялар мен мемлекеттер адамзаттың бай-кедей болып бөлініп, дамыған және дамымаған елдер ретінде жіктелуін тереңдетуі мүмкін еке­нінен қауіптенетінін айтты. Одан бөлек, мемлекеттік институттарға сенім азайды. Адамзат ядролық қа­ру­ды таратпау туралы айта оты­рып, керісінше қаруланып жатыр. Теңсіздік күшейді. БҰҰ-ның өзіне реформа қажет болып тұр.

Реформа демекші, БҰҰ инс­тиуттарын жетілдіру жайлы Қа­зақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жиі айтып жүр. Мәселен, 2022 жылдың қыркүйек айында Қ.Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатында сөз сөйлеген еді. Сол баяндама­сында Қазақстан Президенті: «Тәр­тіп пен жауапкершілікке негіз­делген әрі бұрын қалыптасқан халықаралық жүйенің орнын хаос пен болжауға келмейтін жағдай басып жатыр. Жаһандық тежеу мен тепе-теңдік жүйесі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтай алмады. Қауіпсіздік архитектурасы жойыла бастады. Әлемдік державалар ара­сындағы өзара сенімсіздік жылдам артып келеді. Әлем әскери қақ­тығыстардың жаңа толқыны­ның құрбанына айналды. Біз бірінші рет екі буыннан кейін ядролық қаруды қолдану қаупімен бетпе-бет келдік.

...Өткен жылдардағы көптеген және көбіне өзара байланысты дағдарыстар жаһандық басқаруда айтарлықтай кемшіліктер бар еке­нін көрсетті. Олар БҰҰ-ны жаң­ғыр­ту және реформалау қажет еке­­нін айқындап берді. БҰҰ алда­ғы сын-қатерлерге және туындай­тын мүм­кіндіктерге дайын болуға тиіс», – деген еді. Дәл осы мазмұн­дағы пікір биыл Давос форумында да айтылды. Ал ядролық қарулануға келсек, жуырда Солтүстік Корея тағы да ядролық сынақ жасағанға ұқсайды. Былтыр қазан айында Ресей атом қаруын сынауға тыйым салған келісімнен шығатынын мә­лімдеген соң-ақ АҚШ өзінің Нева­да шта­тындағы сынақ алаңдарында ядролық қаруды сынақтан өткізді. Қыркүйекте CNN Ресейдің, Қытай мен АҚШ-тың ядролық сынақ алаң­дарында белсенділік күшей­генін жазды. Ал жуырда Қытайдағы ядролық оқтұмсықтар саны 500-ге жеткені белгілі болды. Олардың 440-ы бірден қолдануға адяр тұрған көрінеді. Ал Ресейде – 5 889 дана, АҚШ-та 5 244 дана ядролық оқ­тұмсық бар. Бірақ бұл деректерге тактикалық масқатта қолданыла­тын ядролық снарядтар кірмейді. Демек, адамзатқа қатер адамның өзінен төнетін сияқты. Климаттың өзгеруі де, ядролық қатер де, түрлі індет тарау қаупі де «адам араласқан ертегі оңбайтынын» байқататын болса керек. Давостағы «әңгіме-дүкеннің» астарынан осындай ой оқыдық. 

«Global Risks Report–2024»: қауіп қайдан?

Дүниежүзілік экономикалық форумда жаһандағы 1,4 мың сарапшының қатысуымен әзір­ленген «Global Risks Report–2024» есебі ұсынылды. Сарапшылардың болжамынша, алдағы 10 жыл бойы әлем ұстараның жүзінде жүргендей күй кешеді екен. Мамандар адам­зат үшін қауіпті 20 жағдайды атап­ты. Тізімді ауа райының экстремал­ды жағдайы бастап тұр. 66%. Одан соң жалған ақпарат пен фейктер­ден, соның ішінде жасанды зерде­нің көмегімен жасалатын осындай өнімдерден көбірек зардап ше­тегін сыңайлымыз. 53% деседі. Сонымен қатар қоғамның әлеу­меттік-саяси поляризациясы күшейеді екен. Сарапшылар оның қатерін 46%-ке бағалапты. Өмір сүру құны дағ­дарысын – 42%, ки­бершабуылдар қаупін – 39%, эко­номикалық құл­дырауды – 33%, маңызды тауарлар мен ресурс­тарды жеткізу тізбегінің бұзылуын – 25%, бір немесе бір­не­ше мем­лекет қатысатын әскери қақты­ғыс­тардың өршуі қаупін 25%-ға бағалапты. Ал 19% ықти­мал­дығы бар қатер ретінде сарап­шылар маңызды инфрақұрылым­дарға шабуылды атапты. Бұл деге­ніңіз, терроризмнен төнер қауіптің жойылмағанын білдіреді. Одан бөлек, адамзаттың бейғам өміріне цензура мен сөз бостан­дығының шектелуі де әсер етеді деп бол­жапты. 16% шамасында қауіп бар деседі. Ал кездейсоқ болған немесе қасақана ұйымдас­тырылған ядро­лық апат қаупі 12% болса керек. 

Қысқасы, «Global Risks Report–2024» есебінде адамзат өмірінің алдағы 10 жылына кері әсер етуі мүмкін басты факторлар сипатталған. Біздің пайымдауы­мызша, осынау 20 қатерді тиісті мамандар сараптап, қажет стра­тегияны ойластыруға тиіс. Өйткені жаһандық қатерлер адамзатқа ортақ. Демек, біздің тұрмысымызға да тікелей әсер етуі мүмкін. Өйт­кені Қазақстан өзгеден бөлек өмір сүре алмайды. Табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұрауға ешкімнің қауқары жоқ. Ал фейктер мен жал­ған ақпараттардың зардабы қо­ғамдағы берекені алуы ықтимал. Кибершабуыл, өмір сүру құнының қымбаттауы, әлем елдерінің жік-жікке бөлініп алып, бір-біріне қыр көрсетуі... Қысқасы, қатер көп. Бәрінің тікелей немесе жанама әсері Қазақстанды айналып өт­пейді. Сондықтан Давоста айтыл­ғандар Швейцария тауларына жиналған ығай мен сығайдың бос әңгімесі емес. Дерегі мен дәйегі, болжамы бар дүниелер. Бәлкім, сол себепті де бұл жиын маңызды шығар.

Амангелді ҚҰРМЕТ