Сәтбаев кенересін, яғни ақыл-ойы­ның, ұшқыр қиялының, фәл­­сафалық интуициясының, энци­к­лопедиялық білімінің, жаратылыстану және гуманитарлығының ауқымын, шек-шекарасын, шарықтау деңгейін ай­қындау – жүзжылдықтардың енші­сінде...
Пір: Сәтбаев кенересі
1,817
оқылды

Ұлы даламыздың, ұлық жұртымыздың рухы мен ұлылығын, кереметі мен кемеңгерлігін, кеңдігі мен тереңдігін, асылы мен киелі қасиеттерін тумысынан, жаратылысынан болмыс-қалпына дарытып, халық, тарих, мемлекет алдында, Тайбурыл шабысты ересен, өрен дүлдүлдігімен, орасан намыс, отты жігерімен, дария білімімен, тұңғиық көрегендік-көсемдігімен, теңдесіз ұйымдастырушылық өнегесімен, әмбебап мәдени қызметімен айрықша ардақталған әлемдік деңгейдегі қазақ ғылымының пірін, дүрін, дүлдүлін академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның естелігінде халықтың қадірлісі Қ.Сәтбаевпен дидарласуын Қаратау, Талас, Бетпақдала, Шу, Сарысу, Ұлытау, Есіл, Нұра, Балқаш аймағындағы ел тарихын, жер-су сырын терең білетін шежіреші қариялар, қарт жұмысшылар, шопандар «қызықты дәуренге», «бақ құсына», «білім сарайына», «ақыл – ойдың шамшырағына» балағаны әңгімеленген.

Алаш қайраткерлерінің көзін көр­ген, тәлім-тәрбиесіне қаныққан, ұлты­ның озық рухани игілігіне жастайынан үңілген жас жайнақ Қанышты 1920 жыл­дарда дала данышпаны, көріпкел Мәш­һүр Жүсіп: «Осы күнгі жастарда Қа­ныш Сәтбаев – адамның жорғасы. Тірі болса, тірі жүрсе, бақты, талайлы бо­ла­тын жігіт ... тірі Қаныштың өміріне Құ­дай береке берсін!» деп, келешектің ке­мел тұлғасын сәуегейлікпен болжап­ты.

Тұйғындық, сұңқарлық қасиет­тері ерекше, дүниетануы, бар­лауы, бақылағыштығы өзгеше Қаныш Сәт­баев 1927 жылдың 8 ақпанында: «Мен – қазақпын, жаратылысым да, жа­ным да қазақы; ой-түйсігім бойынша да қазақпын; алдағы өмірімді тек туып өс­кен Қазақстанда өткізбекпін... бұл жол­да ...рухани күрес жолында өткізген­ді жөн көремін, ...Қазақстан қиырында «кезбе» болып, өмір-бақи кен іздеуге құш­тармын...». Мінеки, Ұлы дала пат­рио­тының, лидерінің, стратегінің фәл­сафалық-ғылыми ұстанымы.

1919-1924 жылдарда ұлт тілінде «Ал­гебра» оқулығын жазған, Сібір гео­лог­тарының мектебінде тәрбиеленген, әй­г­ілі ұстаз М.Усовтың майталман шә­­­­кірті, палеонтология, тарихи гео­ло­гия (яғни жер қыртысының түзілісі, зат­тық құрамы, даму тарихы, қозға­лы­сы, кен байлықтарының жаралуы мен жайғасу тәртібі жайында), петрография дейтін ілімдерді мінсіз байыптаған-ды.

Ілім-біліммен мұздай қаруланған жас жаратылыстанушы, «дала дейтін клас­сикалық мектептің» (М.Усовтың тұ­жырымдамасы) қабілетті өкілі Қ.Сәт­баев «Минусин өңіріндегі Маин кенінен мыс барлау және оны геологиялық зерт­теу» дейтін күрделі тақырыпта дип­лом жұмысын қорғады. (1926 жыл, 14 мамыр)

Дереу Семей губерниялық «Қазақ тілі» газеті: «...Қазақстанның өнеркәсіп та­рихында Қаныш жолдас өндіріске бас­шылық ету қызметіне кірісіп отыр­ған тұңғыш маманымыз.... Сәтбайұлы Қа­ныш азаматтың қаз тұрып келе жат­қан Қазақстан өндірісін қаз тұру жо­лын­да аянбай қызмет етуіне сеніміміз күш­ті, әмсе сол істе жолы болғай!» – дей­тін лебізін жалпақ елге жайыпты.

Оқымысты-геолог Қ.Сәтбаев 1) ру­да­лық кендер геологиясы мен гео­хи­мия­сын; 2) Қазақстанның тұтастай ми­нералдық ресурстарын барынша ба­жайлап анықтауы, саралауы; 3) ме­таллогения мектебінің негіздеушісі. Со­нымен қатар формациялық метал­ло­гендік талдаудың кешенді тәсілдерін енгізді. Егер де ғылыми-методоло­гия­лық ұстанымдарының кестесін былай­ша жіктеп көрсетелік: 1) тектоникалық шарттар; 2) стратиграфиялық шарттар, 3) литологиялық-петрографиялық шарт­тар, 4) құрылымдық белгі-сипат­тар. Жер қойнауының білгірі жинақ­тал­ған геологиялық деректерді, болжам кар­таларының қисындарын сараптап-саралауда көріпкелдік танытады.

Алатаудай жемісті кесек істерімен за­мана қайраткерлерін мойындатқан Қ.Сәтбаев хақында академик А.Яншин: «Сәтбаев талантының сан қырлылығы таң қалдырады: әдебиет және өнер, фи­ло­софия мен экономика, геология, аст­­рономия, астрофизика, ботаника мә­селелері – міне, осылардың барлығы оның мұрат тұтқан құлшыныстарының бір бөлігі ғана еді» деп тебіренеді. Әрі жал­ғастырсақ, агробиология, виру­со­ло­гия, микробиология, зоология, энер­гетика және т.с.с.

Академик Қ.Сәтбаевтың ғылыми-шы­ғармашылық еңбегінің беломырт­қа­сы – Ұлытау өңірі. Жер бетінің беде­рі, тау жыныстары мен топырағының сарабдал сыншысының мына бір ой-тұжырымдарын миға жүгіртейікші: «Ұлы­тау кенересі көбінесе қатты тау жы­ныстарынан жасалған. Кей жерінде бұ­ларға түйіршікті тақта тас жыныстары да қосылып отырады. Қазақ дала­сын­дағы ең көне тау – Ұлытау деп айтуға бо­ла­ды. Жердің тарихын зерттейтін ғы­лым жер жүзінің жасалу тарихын тө­мен­гі төрт дәуірге бөледі: 1) Агностозой, 2) Палеозой, 3) Мезозой, 4) Кайнозой. 

Бұлардың ең ертесі – агностозой дәуірі. Бұл дәуірде жер жүзі тегіс дер­лік топан суының астында болған. Дүниеде еш тірі жәндік болмаған мезгіл. Палеозой дәуірінде жердің сыртының бі­разы су астынан шыққан. Жәндік­тер­ден бұл дәуірдің басында – су ішіндегі құрт, балдыр ғана жасалған, аяғында – ба­лық табы жасалған. Мезозой дәуірі жән­діктердің ең алғаш теңізден құр­ғақ­қа шыға бастаған мезгілі. Кайназой дәуі­рінде адам баласы жаралған. Ұлытау кенересі бұл бөліктің агностозой дәуі­рі­не қосылады. Бұл дәуірде судан шық­қан бүкіл жер жүзінде Скандинавия, Шот­ландия, Сібірдің таулары, Саян тауы мен Ұлытау ғана болған. Біздің Қа­зақ даласының жартысы, тіпті бертін кай­нозой дәуірінде ғана су астынан шық­қан».

«Ұлытау кенересі» ұғымы нендей ма­­ғына беретініне зейін аударалық. Мә­селенің мәнісін түп-төркінінен тү­сін­діруге шебер ойшыл-геолог Ұлытау кенересінің бір жақ шеті Бетпақдалаға дейін, екінші бір шегі Арал теңізіне шейін созылатынын жазған-ды. Ра­сын­да, Құранның қағидаты бойынша, тау – қара жер­дің қазығы. «Қаф» сүресінің 7 ая­тын­да «барлық биік таулардың түп не­гі­зі жердің жоғарғы қыртысынан өтіп, оның көрініп тұрған биігінен он-он бес есе үлкен көлемде тереңдеп кетіп, сол ар­қылы континенттердің тұрақтылығын кү­шейте түседі». («Қасиетті Құран: ма­ғы­­насы мен түйінтемелері». – Нұр-Сұл­тан, 2020. 776 бет).

Жер жаралуының, жанды-жансыз дүниенің тарихы, жаратылыс гармо­ния­­сы тиянақты баяндалған. Құбы­лыс­тар­дың мәні мен мағынасын, сыры мен күйін тұтасымен сөйлету, зерделеу – саң­лақ Қ.Сәтбаевтың өкімді тәсілі. Жер ас­ты құпиясын талдаумен қатар ел тари­хынан да әңгімелейді: Талай хандар ор­дасын осы Ұлытауға тіккен. Талай ба­тырлар жасағын осы Ұлытауға орнат­қан. Сондықтан Ұлытаудың жотасы ес­кі сөз – естеліктің кені. Ұлытаудың биік шың, әжімді құз, терең сайларынан ес­кіліктің, ерте заманның исі аңқиды. Ұлы­таудан шығып, түстікке ағатын Сарысуға құятын «Қаракеңгір» дейтін өзен­нің жиегінде атақты Шыңғыс хан­ның баласы Жошы хан, Алаша хан­дар­дың мазарлары әлі күнге дейін бұзылмай тұр; Жыланшық өзенінің бастау көзі шығатын Ұлытаудың бір биігінде Ер Еді­генің моласы бар деп жұрт аңыз ете­ді; Абылай да ордасын Ұлытауға тіккен; Ұлытаудың түстік бөктеріндегі «Хан төбе» дейтін жерде өткен ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарында атақты Кенесары ба­тырды Орта жүздің баласы басы ар­ғын Шеген би болып ақ киізге салып хан көтерген.

Задында, жер мен ел тарихы жө­нін­дегі түйдек-түйдек сара, дара пі­кірлері «Қарсақбай ауданының күйі» дей­тін еңбегінде өрнектеліп, 1927 жыл­ғы «Жаңа мектеп» журналының № 5-6 сан­дарында жарияланған. Кеңестік сой­қан идеологияның дәуірінде Шың­ғыс ханның, Жошы мен Алаша, Абылай мен Кенесары хандардың, тархан Шақ­шақ Жәнібектің ұрпағы Шеген бидің, Ер Едігенің аттарының аталуы – нағыз қаһармандық, көкжалдық.

Сәтбаев кенересін, яғни ақыл-ойы­ның, ұшқыр қиялының, фәл­­сафалық интуициясының, энци­к­лопедиялық білімінің, жаратылыстану және гуманитарлығының ауқымын, шек-шекарасын, шарықтау деңгейін ай­қындау – жүзжылдықтардың енші­сінде...

Ол – сөз зергері, өнертанушы, театр­танушы, қазақ тарихи жырлары­ның білімпазы, көсемсөзші, этимо­логия мен топонимикаға жүйрік, 1926 жылы А.Затаевичке Мәскеу шаһарында дом­быра­мен халықтың жиырма бес әнін нәшіне келістіре орындап, мәтіндерін орыс тіліне тамылжыта тәржімалап, ән­­дердің шығу тарихына қатысты ба­ға­лы деректерді, мәлімет­терді жұтын­тып жеткізген.

Оның суреткерлік, шеберлік қабілеті «Обаған» дейтін новелласында («Қазақ ті­лі» газеті, 1923 жыл, 13 декабрь) жар­қын түрде көрініс тапқан. Бұлшық ақ­са­қал қазақтың ежелгі ғашықтық әні «Оба­ғанның» тарихын есілте-көсілте баян­дайды. Ол он төртінен туған айдай Ақық арудың қасіреті, жүрек түкпірін­дегі сыры...

1927 жылы Мәскеуде «Ер Едіге» жи­на­ғына жазылған «Сөз басы». Мұнда «Ер ­­­Едіге» жырының жазылу, жариялану та­рихынан бастап, қазақ елінің тер­ри­то­риясын («Бір шеті Алтай мен Тянь-Шань, екінші шеті Балқан тауларының Шығыс бөктері аралығындағы ұлан-байтақ жерде түрлі түрік қауымдарының ерік­ті, бұланды көшпелі өмірімен ер­сілі-қарсылы жөңкіліп жүретін мез­гі­лі»), Дешті Қыпшақ, Алтын Орда за­ма­нын, «ескі жолды» Есімхан, «қасқа жол­ды» Қасым хан, «тура жолды» Тәуе­­кел хан, «жеті жарғыны» Әз Тәуке, Ер Абылай дәуірлерін және де хал­қының қа­мал-қорғаны хас батырларын меруерт­тей тізіп атайды. Солай десек те, Ер Едіге «қазақ батырларының ішін­дегі ең маңдайы, аруағы күшті көсемі, сәу­лесі күшті шолпаны», «әрі би, әрі ба­тыр, әрі көсем, әрі ақылды дана».

Академик Қ.Сәтбаевтың жазуынша, «ел аузындағы ескі сөз көпшіліктің ар-има­­нының айнасы». Сондықтан да, Еді­­­ге әңгімесінің көркемдік әлемін, та­­­­рихилық қырын, барша түрік нәсіл­де­­ріне ортақ мұра екендігін әдебиет та­рих­­шысының тұрғысынан байып­тайды.

Сонымен қатар әдеби тіл мәселесі, «тіл сақтау», «тіл байыту», жыр уәзіні дей­тін қымбат құндылықтар мен қи­сын­дарды айрықша атайды.

Филологиялық білімі, танымы, пайы­мы ерте қалыптасқан Қ.Сәт­баев ескі сөздердің «бейнешілдік, кең­дік, суретшілік жақтарынан алған­да» «әлі күнгеше жаңа ақындардың кө­бі­не үлгі» деп ескертеді. Тағы да: «Ес­кі сөздердің ішінде қазақ жұртының өт­кен кездегі тұрмысы, салт-санасы, әдет­тері көп суреттеліп отырады. Бұл та­рих жағынан қымбат нәрселер». Мі­не, толық түсіндіру, кешенді талдау де­ге­німіз осы.

Ғұлама Қ.Сәтбаевтың «Том қала­сын­да ұлттар кеші» дейтін мақаласында («Қазақ тілі» газеті, 1926 жыл, 28 май) Сібір халықтарының ән-күйлерінің гар­мониясына, көркемсөз оқу­ға, ер­тек­шілерге қатысты ойларымен бөліседі. Сон­дай-ақ түркі рухын оятатын Мағ­жан Жұ­мабаевтың «Тез барам» өлеңі оқыл­ған (айтушы Қаза­лы). Қазақ жұртының «отқа май салар ыры­мы жанды сүгірет түрі­нде көр­се­­тіл­ген».

Қ.Сәтбаевтың «Қазақ­стан­ның ұлт театры туралы» дей­тін байыптамасында («Ең­бекші қазақ», 1927 жыл, 24 ян­варь) ұлтымыздың ұлы ән­шісі Әміренің орын­даушылық шеберлігі, қазақ труп­пасының сауық кеші (ән, күй, хор, би, дек­ламация), Исаның толғаулары ха­қын­да қалам тербейді де, «Театр – ел өмі­рінің түзу айнасы, ел міндерінің құру­лы тезі, төреші ұстазы, қазақтың салт-сана, күйі, сарындары сияқты мә­де­­ниет, өнер кендерінің терең ошағы, ұйт­­қысы» деп тұжырым­дайды.

Академик Қ.Сәтбаев өзінің артында үш ұлы игілік қалдырды: 1) Жезқазған, 2) Ғылым академиясы, 3) Геологиялық ғы­­лымдар институты. (Профессор В.Коп­тев – Дворников) Қ.Сәтбаевтың ұлы еңбегін, астрономия ілімін іл­ге­рі­ле­туге қосқан қызметін бағалап, ғалам­шар­лар жүйесінің жаңа астероидтына Халықаралық астрофизика орталығы (АҚШ-тың Смитсон институты) Жұл­дыздар картасында 2402 санды «Сәтбаев ғаламшарын» тағайындайды. Бұл орай­да ақын Хамит Ерғалиев «Ғарыштағы Қаныш» дейтін жырында:

– Құдайлығын тіріде құндайды Алып,

Бұл дүниеде қалыпты кім байланып.

Данышпанның талайы тасқа айналса,

Біздің ағай ұшып жүр Күнді айналып!..

Академик Қ.Сәтбаевтың ой-толғау­ларын­да, жазбаларында Хан Кенеге құр­меті орасан. Кенесары Иман батыр­дың үздік жауынгерлік өнері мен тә­жі­ри­­­бесін жоғары бағалап, «Иман келді – аман кел­ді» дейді екен. «Сөз түйінін Иман ше­­шеді екен дейтін лебіздерін арқау ет­­кен («Аманкелді батыр бабалары». «Со­­циалистік Қазақстан», 1944 жыл, 18 ию­нь) Ел келешегін кемеңгерлікпен ой­лаған, болжаған, бағдарлаған Қ.Сәт­баев ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында Қа­зақстанның көмір, мұнай, газ, су, то­пырақ, шөлейт даланы игеру мен күн, жел қуаттары сияқты энергетиканың ресурс­тарын үнемдеуді, өрістетуді ой­лас­тырған.

Ғұламалық зердесі, ой-парасат дүниесі, ғылыми ойлау жүйесі ке­­мел кемеңгер 1947 жылдың науры­зын­­да КСРО Жоғарғы Советінің деле­га­­­циясының құрамында Англияға бар­ғанда Премьер-Министр Уинстон Чер­чилль таңданып: «Қазақтардың бар­лығы осындай ұзын бойлы ма?» деп сұ­рап­ты. Сонда тұтқиылдан Қаныш Сәт­баев: «Менің халқым менен де биік» деп, жауап қайтарыпты.

Әсілі энциклопедист-оқымысты, өрен ұйымдастырушы, ұлт, мемлекет қай­­раткері Қаныш Сәтбаев – Ұлы даланың жиһанкез кеншісі, ұлы көш­басшылық идеялардың кеніші, халық перзенті.

СЕРІК НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

филология ғылымдарының докторы, профессор