Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Талғат Жүнісов Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады. Үкімет басшына жолдаған сауалында сенатор оңалту орталықтары тәрбиешілерінің жалақысына қатысты мәселе көтерген.
Оңалту орталықтарындағы жағдай оңалмай тұр
815
оқылды

– Құрметті Әлихан Асханұлы! Өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының төрағасы мен бірқатар депутаттарының Шығыс Қазақстан облысы басшы­лы­ғымен, мәслихат депутаттарымен кез­десуде және де осы жылдың қаңтарында өңірлерге іс-сапарымыз барысында арнайы білім беру ұйымдарының, оның ішінде оңалту орталықтары тәрбиешілері жалақысының өспеуі жайлы мәселе көтерілді. 

Бүгінде республиканың білім беру жүйесінде психологиялық-меди­­­ци­на­лық-педагогикалық консульта­­­­ция­ла­ры­ның (ПМПК) есебінде ерекше білім бе­ру қажеттіліктері бар 188 мың бала тір­кел­­­ген. Оның ішінде 55 мыңы не­месе 29 па­йызы – мектеп жасына дейінгі ба­ла­лар. 

Мүгедектігі бар балалардың білім ал­уына жағдай жасау мақсатында білім бе­ру жүйесінде арнайы білім беру ұйым­дарының желісі жұмыс істейді. Оның ішін­де орта мектепке дейінгі білім сала­­сында – 44 арнайы балабақша, 99 арнайы мектеп-интернат, 9 бақша-мектеп ке­шені бар. Осы мекемелерде 20 мыңға жуық тәрбиеші еңбек етеді, – деді сенатор. 

Дегенмен депутаттың айтуынша, инклюзивті және арнайы білім беру са­ла­­сында бірқатар мәселелер болып отыр. Атап айтқанда:

- арнайы мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептер желісінің саны өспей, орын тапшылығы көбеюде; 

- осылайша, еліміздің 11 өңірінде 29 арнайы мекемелер ашу қажеттілігі бар. Оған себеп республика бойынша 24 мыңнан астам бала кезекте тұр;

- сондай-ақ арнайы балабақша мен мектептерде оқыту сапасы дұрыс бақы­ланбайды;

- интеллектісі бұзылған балаларға ар­налған мектеп түлектерін жұмысқа орна­ластыру деңгейі өте төмен;

- бұдан бөлек, арнайы педагогтердің, әсіресе сурдо мен тифлопедагогтердің тапшылығы мен олардың біліктілігін арттыру курстары жетіспейді;

- бүгінгіде арнайы мектеп-интернат­тардың материалдық базасы әлсіз, жаб­дықтау нормаларына сәйкестігі тек – 40 пайызды ғана құрайды.

Сонымен қатар былтырғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап Мемлекет бас­шы­сының Жолдауына сәйкес, педа­гогтердің жалақысын 30 пайызға арт­­тыру тізіміне арнайы мектептер мен мек­теп-интер­нат­тардың, ерекше білім беру қажетті­ліктері бар балаларға ар­налған күндізгі топтары бар оңалту ор­талықтарының тәрбиешілері мен қыз­­меткерлері кір­ме­ген. Қазіргі жағ­дайда, бұл мекеме­­лерден білікті және тәжі­рибелі кадрлар­­дың кетуіне әкелуі мүмкін. 

Осындай жағдай әлеуметтік қорғау жүйесінде де байқалады. Онда балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету­­дің 21 орталығы, оның ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған 4 орталық жұмыс істейді. Па­­­тологиясы бар балаларға арналған 17 ор­талық және 98 жартылай стационар бар. Онда 4 700-ден астам балаға білім беру қызметтері көрсетіледі. 

Депутаттық сауалда айтылғандай, еліміздің медициналық-әлеуметтік ме­ке­­мелерінде де ерекше білім беру қажет­­тіліктері бар балалармен педагогтер қыз­мет атқарады. Бірақ олардың мәртебесі «Педагог мәртебесі туралы» заң­да қарас­тырылмаған және олар­­­дың еңбекақысы білім беру жүйесіне қа­рағанда әлдеқайда төмен. 

– Құрметті Әлихан Асханұлы, баян­далғанның негізінде, келесі мәселелерді шешуді қолдауыңызды сұраймыз. Бірін­шіден, республикалық бюджетті нақ­тылау кезінде мектепке дейінгі тәр­бие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға мін­­детті білім беру стандартын іске асы­ратын арнайы білім беру ұйымдары тәр­биешілерінің жалақысын көбейту. Екін­шіден, әлеуметтік қорғау жүйесінде білім беру, түзету және балаларды тәрбиелеуді жүзеге асыратын медици­налық-әлеу­меттік мекемелерде жұмыс істейтін пе­да­­гогтер үшін «Педагог мәртебесі тура­лы» заңға сәйкес мәртебе беру мүм­­­кін­­­дігін қарастыру.Үшіншіден, ар­найы мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептердің санын кезең-кезеңімен көбейту, олардың жаб­дықтау деңгейін арттыру, сондай-ақ осы білім беру меке­­мелері үшін кадрлар даярлау мәселесін қамтамасыз ету. 

Айтылғандардың маңыздылығын ес­кере отырып, депутаттық сауалға, заңда көзделген мерзімдерде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз, – деді сенатор Талғат Жүнісов.