Жемқорлықпен күрес жалғасады
Жемқорлықпен күрес жалғасады
398
оқылды
Елбасы Н.Назарбаевтың тө­ра­ғалығымен өткен Nur Otan партиясы Саяси кеңесі бюро­­сының отырысында пар­­тияның 2025 жылға дейінгі Сы­байлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл бағ­дар­ламасын жү­зеге асырудың Жол картасы бекітілді. Бағ­дар­­ламаның 2015-2020 жыл­дарға арналған алғашқы Жол картасында көр­сетілген іс-ша­раның барлығы толық­қан­ды орындалды. Атап айтқанда, ол құжатта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қоғамдық кеңестер, ақпаратқа қол жеткізу, мемлекеттік қызметті жетілдіру, мемлекеттік сатып алу туралы заңдарды қа­былдау көзделді. Бұл заңдар қа­был­данып, жұмыс істеуде. Енді аталған бағдарламаны жүзеге асыру­дың ІІ кезеңі қолға алынып отыр. Жаңа Жол картасы 21 бап­тан тұрады. Онда мысалы, корруп­цияны қоректендірер тәуекелдер көзі саналатын мемқызметті ав­томаттандыру қарастырылған. Электронды түрде ұсынылатын қызметтер үлесін 90 пайызға дейін жеткізу міндеті қойылды. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, заң­на­маны жетілдіру шаралары көз­деледі. Қоғамдық бақылауды күшей­тетін, үй салу үшін жер учас­кесін алу кезіндегі бюрократияны азайтатын заңнамалық түзетулер әзірленеді. Халық мемлекеттік мекемелер мен олардағы басшыларға ша­ғым айтып жүгінеді, алайда сыр­ғытпа, жалтарма жауап алады. Сал­дарынан төменгі деңгейде шешім мен әділдік таппаған азаматтар жоғары жаққа шабады. Жыл сайын қаншама тонна арыз түседі. Осының алдын алу үшін ең алдымен жергілікті жерде жұртшылықты қабылдап, мұң-мұқтажын қарайтын орган­дар жұмысы сапалы болуы керек. Осы мақсатта олардың жауап­кершілігін арттыру қажет. Демек, өз өкілетіне сай ел мәселесін шешпесе, салғырттығы мен сер­гелдеңге салғаны үшін жазалануы тиіс. Мұны да заңда қарастырсақ деген ой бар. Барлығын заңмен реттей беру қиын. Сондықтан тәрбие бағытына да назар аударылады. Бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша біраз жобаларға мем­лекеттік тапсырыс жасалып, бюджеттен қаржы бөлінбек. Бүгін бекітіліп, алда қолға алынатын Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл бағдар­ламасын жүзеге асырудың Жол картасы партияның беделін арт­тыруға, коррупциямен күресті жандандыруға, саладағы істердің нәтижелі болуына септігін тигізеді деген сенімдемін. Бұл заңдар кезең-кезеңмен биылдан бастап, 2024 жылға дейін қабылданады деп күтілуде. Қазір қарасақ, елімізде жем­қорлықпен күреспей жатқан орган жоқ. Партиямыз да, қоғамдық ұйымдар да соған жұмылған. Әйтсе де, бұл қоғамдық кеселді жеңу үшін қоғамға отаншылдық керек. Екіншіден, заңнамада ол­қылықтар бар және соны біліп ал­ған қарау ниетті жандар, пы­сық­­­тар олқы тұсын өз орайына пай­­да­л­анып, заңсыз кіріс тап­қысы келеді. Сондай-ақ рес­пуб­ли­ка­лық және жергілікті бюд­жет­тер ашық, жария болмай тұр. Осы кем­­ші­л­іктер түзелсе, бұл жем­қор­лық та­мы­рының өркен жай­мауына ық­пал етеді.   Омархан ӨКСІКБАЕВ, Мәжіліс депутаты