Қазақ зиялы қауымының көрнекті өкілі Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай Ұлттық академиялық кітапханада Komiser Jürgenov және «Темирбек Жургенов: Триумф и трагедия» кітаптарының тұсаукесері өтті.
Қазақ мәдениетінің темірқазығы
677
оқылды

Рухани іс-шараға Мемлекет және қоғам қайраткелері, Парла­мент депутаттары, Президент жа­нындағы Ұлттық құрылтай мүше­лері, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, журналистер мен кітапхана оқырмандары қатысты.

ТҮРКСОЙ ұйымының ше­шімі­мен 2023 жыл – Темірбек Жүргенов жылы деп жарияланған бо­латын. Даңқты тұлғаның құрме­тіне орай­ластырылған шаралар жыл бойы Жүргеновтің өмірі мен рухани мұра­сын кеңінен дәріптеп, оның Орта Азия мен Қазақстанның мәде­ниетін, өнерін дамытудағы еңбегін зерделеді. Соның ішінде жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» кітабы түрік тіліне ау­дарылса, жазушы Алмажан Өте­ғалиеваның «Темирбек Журге­нов: Триумф и Трагедия» кітабы орыс тілінде жарық көрді.

Бейбіт Қойшыбаевтың «Ко­мис­сар Жүргенов» романында мем­лекет, қоғам және мәдениет қайраткері, үлкен террор құрбаны Темірбек Қараұлының өмір жолы, өскен ортасы, ел игілігін көздеген жанқиярлық еңбегі, қуғын-сүргін­ге түскен отбасының ахуалы сурет­теледі. Жазықсыз жазаға ұшыраған ерінің есімін қоғам өміріне қайтару үшін жары Дәмеш Әмірханқызы ұзақ жылдар бойы тер төккен. Романда Темірбек Жүргеновтің жары Дәмештің осындай еңбегі де әңгімеленеді. 

Ал жазушы Алмажан Өте­ғали­ева­ның орыс тілінде жарық көрген «Темирбек Жургенов: триумф и трагедия» атты монографиялық еңбегі кең көлемдегі мұрағат де­рек­теріне сүйене отырып жазыл­ған. Еңбекте Қазақ АКСР-нің Ха­лық ағарту комиссары Темірбек Жүрге­нов­тің (1898-1938) мемле­кеттік және қоғамдық-саяси қыз­меті жан-жақты ашылған.

«Мәдениет және ақпарат ми­нис­трлігі Т.Жүргеновтің мұра­сын насихаттауды әрдайым на­зарда ұс­тайды. Қазақ мәдениетінің темір­қазығындай тұлғаның бол­мысы баршамызға үлгі», – деді шарада сөз алған вице-министр Арман  Жүде­баев.

Халықаралық  ТҮРКСОЙ ұйы­мы­ның бас хатшысы Сұлтан Әкім­ұлы шараның маңызына тоқталып:

«Былтыр 125 жылдығын күллі Түркі дүниесі бірігіп тойлаған асыл азаматтың әдеби-публицис­тика­лық мұрасын түбегейлі зерттеп, мәде­ниетіміз бен әдебиетіміздің тари­хында алатын орынын нақты бел­гілеу – сіз бен біздің және келешек ұрпақтың мойнындағы парыз», – деді.