Алматы облысын А.Баталов, Талдықорған қаласын Д.Шалтабаев басқарып тұрғанда әрқайсысы 8-11 миллион теңге аралағындағы қаржыға тұрғызылған, содан бері халыққа жөні түзу қызмет көрсетпеген, ақыр соңында адыра қалып, алды қирай бастаған «ақылды» аялдамаларды күтіп ұстауға, жөндеуге былтыр 80 миллион теңге бөлініпті.
Сиқы қашқан «смарт» аялдамалар
829
оқылды

Салынғанына бірнеше жыл болған, содан бері жолаушыларға жазда ыстықта таса, қыста суықтан пана болуға жарамаған смарт аялдамаларды күтіп ұстауға және жөндеуге осыншама қаржы қарастырылуы тұрғындар тарапынан түсінбестік туындатуда.

Жалпы, ауа райы құбылмалы болғанымен, жаз­да оңүстіктегідей тым аптап ыстық бола қоймайтын, қысы да солтүстік пен шығысқа қарағанда қытымыр саналмайтын Талдықорғанға ақшаның жұты болған «ақылды» аялдамалар керек пе еді деген сауал жұрт­ты әлі мазалайды. Сол 2018-2019 жылдары да бұл мәселе бірнеше рет көтеріліп, ақырында жаппай цифрландырудың жетегімен асығыстау кеткендерін мойындағандай болған. Бірақ қарастырылған қаржы жұмсалып, құрылыс салынып кеткеннен кейін оны қайтару да мүмкін емесі анық. Ең құрығанда, сол жұмсалған қыруар қаржы ақталуы үшін салынған аялдамалар арналған мақсатына сай халыққа қызмет көрсетуге тиіс еді. Өкінішке қарай, олай болмады. Біраз уақыт жабық тұрып, тозды. Ашылғаннан кейін қаңғыбастар мен араққа салын­ғандардың панаханасына айналды. Күтімсіздіктен күйі кетіп, телі-тентектердің тепкісінен қирай бас­тады. Әйтеуір, тұрғындар аялдамалардың қызығын көрді дей алмаймыз. Тегін Wi-Fi, ауабаптағыш, телефонды қуаттайтын тетіктермен, автобустардың бағыты мен қатынау кестесін, ауа райын көрсететін электронды экранмен, жайлы орындықтармен жабдықталған, тазалық пен тәртіпті көзден таса етпеу үшін бейнебақылау орнатылған аялдамалар «ақылды» деген атауларын ақтай алмады. 

Қала бойынша барлығы 21 смарт аялдама тұр­ғызылыпты. «Көктем Гранд» қонақүйінің жанын­дағы алғашқы аялдама ғана жеке қаражатқа  салынып, қалғандары қала бюджетіне соғылған. Әрқай­сысына 8 миллион теңгеден жұмсалған. Дәл сол уақытта Талдықорғанда бұл қаржыға бір бөлмелі жайлы пәтер алуға болатын. 

Жақында «ақылды» аялдамалардың жай-күйін өз көзімізбен көру үшін, қаланы араладық. Көр­геніміз жүрегімізді ауыртып, жағамызды ұстатты. Жауапты мекемелердің жаны ашымасына, мемле­кеттің мүлкіне деген немқұрайлы көзқарасына қайран қалдық. Аялдамалардың көбінің есігі жұ­лын­ған немесе ілініп-салынып әрең тұр. Лед­экрандар қиратылған. Бейнебақылау камералары мүлде жұмыс істемегендей, көбінің ізі де жоқ. Был­тыр ғана «ақылды» аялдамалар тұрған кейбір жерлерде бүгінде олардың іргетасы ғана қалып, кәдімгі қарапайым аялдамалар қойылыпты. Соған қарағанда, қазіргі кезде Талдықорғандағы смарт аялдамалар саны азайғаны сөзсіз. Автобус күткен жандарды қыста суықтан, жазда ыстықтан қорғауға тиіс аялдамалардың тазалығы да сын көтер­мейді. Бірнешеуінде үйсіз-күйсіз қаңғыбастар көсіліп ұйықтап жатыр. Енді бір аялдамаларда арақ-шарап шөлмектері мен тамақтың қалдығы шашылып, көгеріп, сасып кеткен. Тоқетерін айт­қанда, «ақылды» аялдамалар адыра қалып, алды қирай бастаған. Ал мемлекеттің миллиондары сұраусыз қалған. 

Осындай жағдайға қарап отырып, «Талдықор­ғанға смарт аялдамалардың қажеті бар ма еді?» де­ген сауалды тағы қайталауға тура келеді. Жоға­рыда айтып өткеніміздей, былтыр қаладағы аялдама кешендерін күтіп-ұстауға және жөндеуге 80 млн теңге бөлініпті. Қыруар ақша, арналған мақсаты бо­йынша қызмет көрссете алмай отырған нысан­дарға жұмсалған. Бұл қайдан шыққан жомарттық? Осы­дан бірнеше жыл бұрын Талдықорғанды ақылды қалаға айналдырамыз деген алашапқын кезінде асығыстықпен қолға алынған істің соңы осылай болып тұр.

«Ақылды» аялдама аязды аймақтар болмаса, дәл біздің Талдықорған сияқты қысы қатты қытымыр бола қоймайтын жерлерге керек емес. Сосын қуат көзі мен интернет желісі бірер минут автобус күткен жолаушыға қаншалықты қажет? Оның ішінде отырған мектеп оқушылары бейберекет ойын ойнап, сабақтан кешігіп қалады. Одан қалса, қаңғыбастар осы маңнан шықпайды. Олардың ойында не барын кім болжаған. Түнде жалғыз-жарым жолаушыны, балаларды тонап кетпесіне кім кепіл? Сондықтан Талдықорған сияқты шағын қалада ондай дүниенің қажеті жоқ. Құр ақша шашу», – дейді қала тұрғыны Ақылбек Серіков.

Смарт аялдамалардан бөлек, Талдықорғандағы әрқайсысы 2 млн 800 мың теңгеге тұрғызылған стандартты аялдамалардың халі де аянышты. Әйнектері шытынап, бояулары оңып, айналасы тозып тұр. Уақытында күтім жасалса, қалалықтар үшін осы аялдамалардан оңтайлысы жоқ. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы