Еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамытудың тағы бір ке­шенді тұсы – Агробанк құру. Бұл ­ ту­­ралы мәселе бірнеше жылдан бері дүркін-дүркін көтеріліп жүр.
Агробанк: күдік пен үміт
1,685
оқылды

Жуырда Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов ауыл шаруашылығы саласында жеке банк құруға қатысты ұстанымын айтты. 

«Бұл тұста, ең алдымен «Агробанк» дегеніміз не?» дегенді түсінуіміз керек. Елімізде ауыл шаруашылығын қолдаудың құралдары өте кең, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің өзінің субсидиялау бағдарламалары тағы бар. Егер бұл тек ауыл шаруашылығына несие беретін тар салалы банк болса, оның толыққанды банк белгілері болмайды. Депозиторлар ауыл шаруашылы­ғындағы тәуекелді жүйеге әртараптандырылған, әмбебап банктердің мүмкіндігі жоғары екенін түсінеді. Банк идеясының өзі әлі жеткілікті түрде өңделмеген», – деп мәлімдеді Тимур Сүлейменов.

Агробанк жүйесі бойынша біздің елде тәжірибе жоқ емес. Тәуелсіздіктің алаң-еле­­ңінде «Агропромбанк» деген қар­жы ұйымы жасақталып, бірнеше жыл жұмыс жүргізген. Аталмыш банк сол кезде ауыл шаруашылығы саласы бойынша ғана операцияларды іске асырып отырған болатын. Ғұмыры қысқа болса да біраз жұртқа шапағатын тигізіп үлгерген екен. Аталмыш құрылымды жасақтаудағы негізгі мақсат – елдің агро­секто­рында Кеңес Үкіметінен қал­ған мұраны сақтап қала отырып, саланы ілгері­лету болды. Осылайша, өзге салалық қаржы институттарымен бірге аталмыш банк те 1995-1996 жылдарда банк саласындағы реформадан аман өтпеді. Құрылым таратылып, «Тұран Әлем банк» жүйесіне біріктірілді. Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Көпмағамбет Елемесовтің пікірінше, біздегі салалық банктер ғұмырының қысқа болуы мемлекеттік бюджетке тәуелді­ болуында. Оған нарықтағы экономикалық тұрақсыздық та өз салқынын тигізіп отырады. 

Қаржы институттарының қарымы қандай?

«Агропромбанк» деп аталған қаржы ұйымының өз жұмысын тоқтатқанына да 30 жылға жуықтап қалыпты. Одан бергі уақыттың бедерінде жағдайдың оңалып бара жатқанын көріп отырғанымыз шамалы. Дегенмен мемлекет түрлі реформаны да қабылдап жатқаны белгілі. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы мен ауыл халқының тұрмысын түземекке талпынып, бірнеше қаржы институтын да құрып тастадық. Бірақ неге екені белгісіз, саланың соншалықты гүлденген шағы болмапты. 

Экономист Арман Назардың айтуынша, жалпы сала­лық банк құру үшін «велосипед ойлап та­бу­дың қажеті жоқ». «Әуелі өзге елдердегі мұндай қаржы құры­­лымдарының тәжірибесін бір зерделеп алу керек. Әсі­ресе, Швейцария мен Гер­мания­­ның, Ни­дер­ланд пен Жаңа Зелан­дия­ның агробанк­терінен үлгі алуға болар еді. Ол елдерде таза мемлекеттік немесе аралас банк жүйесі қалыптасты. Ал ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына, шаруа қожалықтарына арзан несие ұсыну үшін ауыл шаруашылығына арналған банк қажет. Себебі біздің мемлекеттің негізі осында жатыр. Оның тиімділігі де осы жерде болмақ. Банк бірінші кезекте шаруа­ларға арзан несие ұсынуы шарт», – дейді экономист. 

Дегенмен елімізде Ұлттық банк тө­раға­сы айтқандай, ауыл шаруашы­лығын қаржыландыру мен несиелеу бағытында бірнеше қаржы институты жұмыс істейтіні белгілі. Солардың тағы бірі – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ. Ұйым аграрлық секторды кредиттеу мәселеле­рімен 2001 жылдан бері айналысып келеді. 2026 жылға қарай корпорация АӨК субъектілері мен жеке қаржы институттарының құзыретін арттырып, қаржыландырудың тұрақты және қолжетімді жүйесін дамыту жолымен агроөнеркәсіптік кешенді индустрияландыруға, оның қарқынды дамуына және әртараптандыруға ықпал ететін қызметтің тиімді моделін жүзеге асырмақ екен. Бір айта ке­тетіні, Аграрлық несие корпорациясы соңғы 3 жылда 1 трлн теңгеден астам сома­мен елдегі 50 мың фермерді қаржыландырған. Сонымен қатар жыл сайын несиелеу көлемін ұлғайтып, фермерлердің өз жобаларына қаржыны көбірек тартуларына мүмкіндік жасай бермек. Корпорация 2023 жылға қаржыландыру көлемін 330 млрд теңге деңгейін­де жос­пар­­­лағанмен, бұл соманы 370 млрд теңгеге дейін ұлғайтқан. Демек, қаржы институттары бекер қарап отырмаған сыңай­лы. Қолдан келгенше шешімін тауып жатыр. 

Қазынадан қаражат құю тиімсіз

Еліміздегі кейбір экономистердің уә­жі бойынша, аграрлық саладағы қаржы институттары мемлекеттік қазынаға тә­уел­ді болғандықтан, өздерінің жобалары мен несие тетіктерін ұсына алмайды, қар­­жы қазынанікі болғандықтан міндетті түрде жалтақтап отырады. Шынымен де, «Қазаншының өз еркі, қайдан құалақ шы­ғарса» деген мәтел осы тұста тілге ора­лады. 

«Менің ойымша, аграрлық салада жұ­мыс істеп жатқан ҚазАгроҚаржы сын­ды институттарды агробанк етіп жасақтап, арнайы лицензия беру керек. Сол кезде мемлекеттің қаражатына байланбай, өздері шетелден қаржы тарта алатын болады. Одан бөлек, біздің жүйеге несиелеудің түрлі тетігін енгізуі мүмкін. Жалпы, «Агробанк» құру туралы Үкіметке ұсы­ныс бердік. Тіпті, бірнеше рет отыры­сы да болды. Бірақ Үкімет мүшелері банк­ке құйылған қаржының игерілуі мен оның қайтарымына байланысты қиындықтар туындайтынын көлденең тартып отыр», – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Мұрат Ергешбаев.

Үкіметтің мұнша сақтануында да мән бар сияқты. Расын айтқанда, елімізде мем­­лекеттік бюджет есебінен құрылған екінші деңгейлі банктердің бірнешеуі құр­дымға кетіп тынды. Ал енді бірнешеуін банк­рот­тықтан аман алып қалу үшін тағы да қазынадан қыруар қаржы құйылды. Сол қаржы институттарының қалай бол­са солай таратқан ақшасы осы күнге де­йін толық жиналмай отырғаны тағы бар. 

Былтырғы жылдың соңында Ақтөбе облысының шаруалары Ауыл шаруашы­лығы министрлігі мен «Бәйтерек» холдин­гі өкілдерінің қатысуымен өткен жиын­да Аграрлық несие корпорациясы мен «Қаз­АгроҚаржы» акционерлік қоғамын қайта құруды ұсынған болатын. Талқылау барысында Агробанк мәселесі тағы да көтеріліп, халықтың түрлі сауалының астында қалған Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері министрліктің бұл мәселенің көптен бері тал­қыланып келе жатқанын тілге тиек ете отырып, басқа мемлекеттік органдар мен мүдделі тараптардың жағынан қолдау тапса, ауыл шаруашылығы министрлігі іс жүзінде банк құруды жүзеге асыру­ға кірісуге дайын екенін мәлімдеген. 

«Қазір несие беретін ұйым көп. Олар шаруаның мүддесін ойламайды. Қайта ша­руалардың есебінен еселеп та­быс табуды көздейді. Шаруалар – әуел­ден қа­ғаз-құжатқа қырсыз қауым. Соны жақсы бі­­ле­­­­­тіндер оларды тақырға жиі отырғызып кетіп жатыр. Сон­дықтан дәл қазіргі шақта Қазақстанға Агро­банк қажет. Ауыл шаруа­­­шы­лығы – экономиканың драй­вері. Демек, осы бағыттағы жаңа­шыл­­­дық­­­тардан, озық тәжірибелерден теріс айналмаған дұрыс. Болашақта сала­лық банк құрылып жатса, ол басқа банк­тер секілді пайда үшін емес, ауыл шаруа­шы­лы­­ғын дамыту мүддесін биік қоюы шарт», – дейді ауыл шаруашылығы ғы­лым­дарының докторы Көпмағамбет Елемесов.

Осы тұста елімізде бизнесті қолдау мақ­сатындағы түрлі холдингтің дені жал­пы өндіріс процесін ұйымдастыруға емес, тек ауыл шаруашылықтарын қаржы­­­­­ландыруға бағытталып отырғанын айта кету керек. 

Қазақ­станда Агробанк құру мәселесі әлі де көтеріле бермек. Олай дейтініміз, сала жүйелі әрі ықпалды бір қаржылық қолдауға зәру. Демек, бұған қатысты нақ­­ты шешім қабылданар сәт жақындап келе жатыр.

Бердібек ҚАБАЙ