Қосшы қаласында мектептердің маңын торуылдап жүрген бұралқы ит мектеп оқушысының сөмкесін жыртып, сондай-ақ оған көмектесу үшін жүгіріп шыққан мектеп директорын да қауып алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
«Директорды қауып, баланың сөмкесін жыртты»: Қосшыда қаңғыбас ит көбейді
1,034
оқылды

Оқиға кеше кешкісін ымыртта болған. Қазір Қосшы қаласының әлеуметтік желілерінде халық шулап жатыр. Тұрғындар жанайқайы мен әкімдікке наразылығын білдірді. Олардың айтуынша, көше бойында ондаған қаңғыбас ит өріп жүргенімен, мүлде ауламайды. Ақыры арты осындай оқыс жағдайға душар еткен.

Кешкісін сағат 19.00 шамасында ІТ мектебінен оқушылар мен ересектер мектептен шыққанда қатты қорыққан бір бала мектеп ғимаратына қайтып оралған. Ол мектептің жанында оны тұра қуған бұралқы иттен қашып үлгерген. Алайда  ит баланың сөмкесін жыртып үлгеріпті.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, бала бір минуттай үнсіз тұрып қалып, не болғанын түсінгеннен кейін бақырып жылай бастаған. Балалардың мұғалімі бұл кезде оқушыларды жинап алып, баланың ата-анасына хабар береді. Осы кезде көшеге жүгіріп шыққан мектеп директоры аз уақыттан соң бір қолын жаралап қайтады. Мектеп директоры күрекпен итті жасқамақ болғанда, ит оның қолынан қауып алған. 

«Біз көшеге шығуға қорқып, полиция шақырдық. Бірақ олар тіпті машинасынан түскен жоқ. Директордан түсініктеме алды», «Үйге қалай қайтамыз? Барлық көшеде жарық та жоқ»,  дейді тұрғындар. Желіде аталған оқиғадан кейін сан алуан пікір жазылған. Тұрғындар көшеде қорқынышпен жүретінін айтады. 

Айта кетсек, тұрғындардың айтуынша, мектептің жанындағы Абылай хан көшесінде екі айдан бері көше жарығы мүлде жанбай қалған. Бұралқы иттер мектептер ғана емес, балабақшалар және басқа да мекемелердің қасында топталып жүріп, балалар мен жүргінші адамдардың талай рет үрейлерін алған. Әлеуметтік желілерде иттерді аулауды талап еткен жазбалардан көз сүрінеді. Бірақ жергілікті атқарушы билік тарапынан еш әрекет болмаған. 

Ақмола облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі әрі мәслихат депутаты Ирина Осипованың айтуынша, бұралқы иттер мәселесі бойынша былтыр күзде жазған  депутаттық сауалдардың өзінен де еш нәтиже болмаған. 

Қосшы қаласында қаңғыбас иттің адамдарға шапқаны жайлы полициядан да жауап келді.

Қосшы қалалық полиция бөліміне 22 қаңтар күні қала мектебінің директоры шағыммен жүгінді. Ол белгісіз жынысты иттің мектептің аумағына кіріп, балалардың бірінің сөмкесін тартып, жыртып тастағанын айтты. Өзі де зардап шеккен мектеп басшысының айтуынша, сыртта болған жайды терезеден байқап қалған соң дереу сыртқа жүгіріп шыққан. Итті қуып жібермек болғанымен, ол ер адамның сұқ саусағын қауып алып тайып тұрған. Зардап шегуші директор ауруханаға жатудан бас  тартқан. Оның айтуынша, ит берген бұйрықтарға бағынғанына қарағанда,  үй иті болуы мүмкін,  деді Ақмола облысы Полиция департаментінің өкілі. 

Қазіргі уақытта Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 407-бабы бойынша жауапқа тарту үшін ит пен оның иесінің қайда екенін анықтау шаралары жүріп жатыр.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы