Министр дәріні қазақстандық ғалым жасағанын атап өтті.
Қазақстанда тұңғыш рет қатерлі ісікке қарсы дәрі жасалды
Фото: Halyq Uni
6,577
оқылды

Елімізде алғаш рет қатерлі ісікке қарсы дәрі жасалды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты,  – деп хабарлайды Aikyn.kz Halyq Uni-не сілтеме жасап.

Министр дәріні қазақстандық ғалым жасағанын атап өтті.

"Дос Сарбасов деген атақты биотехнолог, ғалым бар. Ол Техас университетіндегі Андерсон онкологиялық орталығында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеді. Қазір Қазақстанға оралды. Дос ағамызға үлкен алғысымызды айтамыз",  – деді Саясат Нұрбек Үкіметтің баспасөз орталығында.

Оның айтуынша, бүгінде дәріні 15 адам қабылдап жатыр.

"Қазір ол – ұлттық зертхананың басшысы. Бүгінде биотехнолог болғанына қарамастан, онкология саласында жұмыс істейді. Қолымда тұңғыш рет Қазақстанда шығарылған DVC атты онкологиялық дәрі-дәрмек тұр. Қазір осы дәрімен 15 кісі емделіп жатыр. Олар – Алматыдағы онкология және радиология институтында", - деді министр.

Саясат Нұрбек жаңа дәрі қатерлі ісіктің жасушаларын жоятынын атап өтті.

Біз бірінші клиникалық кезеңнен өттік. Қазір оның нәтижесін жинақтап жатырмыз. 1-2 жылдың ішінде нарықта тұңғыш рет Қазақстанда шығарылған онкологияға қарсы дәрі пайда болады деген үміттеміз. Дос Сарбасов жасушаларды зерттейді. Ол (қатерлі) ісік жасушаларының қорыту процесін бұзатын дәріні ойлап тапты. Нәтижесінде, бұл жасушалар «аштан» өледі. Бұл – онкологиялық аурулармен күресудің тың әдісі,  – деді ол.