Зейнеткердің сөзінше, туыстары 20 жылдан аса уақыттан бері тұрып жатқан пәтерін босатуын талап еткен.
«Ешкім емессің, гастарбайтер, алқаш, қылмыскерсің»: Астанада 70 жастағы зейнеткер далада қалуы мүмкін
2,701
оқылды

Астанада 70 жастағы зейнеткер Валентина Старчук қызы мен немересіне қатысты базынасын айтты. Зейнеткердің сөзінше, туыстары 20 жылдан аса уақыттан бері тұрып жатқан пәтерін босатуын талап еткен. Алайда Валентина Старчук ол пәтердің анасынан қалғанын, тек қағаз жүзінде өзіне тиесілі емес екенін айтады. Halyq Uni тілшісі зейнеткердің үйінде болып, мәселесін білді,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Бұл пәтерде 2001 жылдан бері тұрамын. Бұл жерге анам қайтыс болған соң келдім. Анам пәтердің қарызын 3 жыл бойы төлемеген екен. Содан кейін балабақшаға жұмысқа орналасып, 3 жыл бойы қарызды төледім. Сол кезде 3 мың теңге жалақы алатынмын, бәрін осы пәтерге бердім. Бәрін растайтын құжаттар қолымда бар. Қарыз бар кезде анамның мүлкін қалдыратын басқа мұрагері жоқ болатын. Қарызды төлеп болған соң пәтердің ішіне жөндеу жұмыстарын жүргіздім, қажетті техниканы сатып алдым. Осы уақытқа дейін барлық төлем менің атымда еді, яғни өзім төлеп отырдым. 2013 жылы қызым Александра Булахтың атына келе бастады. Оның құжаттарды рәсімдегенін білдім. Анам осы үйді менің үлкен қызымның атына жазып қалдырған», – дейді Валентина Старчук.

Айтуынша, бір кездері Қырғызстанда тұрған, сол себепті пәтерді өз атына жаздыруға қажеттілік болмаған. Сондықтан қызының атына жазуға қарсылық білдірмеген. Алайда кейін Астанаға көшкен. 

Анамның жалғыз қызы болғандықтан, осы үйге иелік еттім. Мұраның берілгеніне қарсылық білдірмедім, арызданбадым. Жай ғана өз өмірімді сүрдім. Анастасия Булах – менің немерем, жиенім. Менімен бірге тұрғысы келетінін айтқан соң, келісім бердім. Анасымен бірге заңгерлерге барып жүретін. Осы жағдайды зерттеген екен. Жиенім 5 қаңтарда келіп, жылап, айғайлай бастады. «Сен ешкім емессің, гастарбайтер, алқашсың, қылмыскерсің» деді. Бірден қызыма хабарласып, не болғанын сұрадым, – дейді зейнеткер.

Алайда Александра Булах анасымен байланысқа шықпаған. Ал немересі пәтерге жаңа жиһаздар әкеліп қойған.

«Біраз уақыт өткен соң жиенімнің көшіп келуі де тегін емес екенін ұқтым. Уақытша тұруға келсе, тек киім-кешегін алып келетін еді. Бірақ жиһазға дейін әкелді. Олар мұны отбасымен жоспарлаған деп ойлаймын. Мұндай жағдай болатыны үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Менің балаларым... Үйден шығарғысы келетіні туралы хабарлама жіберді. Алдымен «Старчук Валентина Александровна, сіз тіркеуден шығарылдыңыз» деп жазып жіберді. Артынша пәтерді босату туралы хат жолдады. Жиенім «Бұл пәтердің енді жаңа қожайыны бар. Соған байланысты үйді босатуыңызды сұраймыз» деп жазып жіберіпті. Сол себепті ел Президентіне хат жазып, маған көмектесуін сұрадым», – дейді Валентина Старчук.

Зейнеткер пәтерді өз атына жазып беруді сұрап отырған жоқ, тек әрі қарай да тыныш өмір сүргісі келеді.

Halyq Uni тілшісі зейнеткердің туыстарымен байланысқа шықты, алайда олар бұл жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартты.