Акция бастамашысы – «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты.
Ізгілік аптасы: жастар жыл басын игі іспен бастады
1,106
оқылды

«Адам бойындағы қандай қасиеттерді қадірлейсіз?» деген сұраққа қазақтың біртуар азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев: «Адамдық пен қайырымдылықты. Бұл екеуі бар кісіде қиянат болмайды», – деп жауап беріпті. Мейірімділікті жалау еткен жастар осы қасиеттерді бойына жинап, өткен аптада «Ізгілік аптасы» акциясын өткізді. Акция бастамашысы – «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты.

Белсенді жастар осы жылды игі істермен бастады. Ауа райының түрлі қиындығына қарамай қызмет етіп жүрген қаланың тазалығына жауапты коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен тіскебасарлар ұсынып, қар тазалау жұмысына да көмек көрсеткендігін айтып кетті «Жастар рухы» Жастар қанаты төрағасының м.а. Ақерке Искандерова.

«Ізгілік аптасы» акциясы аясында біздің белсенділер игі істер жасауда. Көмек қолын жалғызбасты қарттарға созып, қардың шамадан тыс жаууына байланысты күшейтілген режимде жұмыс істеп жүрген азаматтарға көңіл бөліп, ыстық шай ұсынды. Күнделікті өмірде коммуналдық қызметкерлердің еңбегін байқай бермейміз. Алайда олардың күн сайынғы жұмысының арқасында қаламыз таза, сондай-ақ күннен күнге құлпырып келеді. Аязды күні жылулық сыйлаған акция үлкендеріміздің көңілінен шықты деген ойдамыз. Акция аясында оң өзгерістер жасауда күш-жігеріміздің бірігуі болғаны анық», – дейді Ақерке Искандерова. 

Апталық басталғалы бері волонтерлер республика көлемінде 50-ден астам шара өткізіп, 1000-ға жуық адамды қамтыған.

Белсенділердің айтуынша, «акция барысындағы ең керемет сәт – жұмысшылардың күлкісі. Шара кезінде қарттар мен көше жинаушы азаматтардың алғысына бөленіп, ерекше ықыласқа иеленудеміз» дейді Қостанай облыстық филиалының өкілі Дильназ Бисенова.

«Осындай аязды күні тынбай еңбек етіп жүрген қызметкерлерге жылу сыйлап, «Кел, шай ішейік!» акциясы арқылы алғысымызды білдіргіміз келді. Күннің суығына қарамастан қаламыздың тазалығына жауапты азаматтардың еңбегі біз үшін бағалы. Біз бұл акцияны жыл сайын өткіземіз. «Ізгілік аптасы» акциясы аясындағы игі істеріміз мейірімді орта қалыптастыруға өз үлесін қосты деген сенімдемін», – дейді Дильназ Бисенова.

Сондай-ақ қайырымдылықпен бірге әлемді жылулыққа толтыруға ұмтылған жастар жалғызбасты қарттар мен зейнеткерлердің үйіне барып, үйлерінің айналасын қардан тазартты. Қарттар өз ризашылықтарын білдіріп, белсенділерге ақ баталарын жаудырды.

«Жастар рухының» белсенділері әрдайым көмектесіп тұрады. Жас ұлғайған сайын күнделікті шаруаны істеу қиынға соғады. Мені ешқашан назардан тыс қалдырмаған. Бүгін ауламды қардан тазартып берді. Ал кейде үйге келіп үйді жинауға да көмектеседі. Өзімнің немерелерімдей болып кеткен жастарға әрдайым ризашылығымды білдіріп отырамын», – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Гүлфайруз Есенова.

Ал Түркістандық жастар «Белсенді ұзақ өмір» орталығында «Ардагерлермен бір күн» акциясын өткізді. Қарттар жастармен өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, үстел ойындарын ойнап, көңілді уақыт өткізіп, жастарға алғыстарын айтты.

Айта кетейік, игі істер жыл бойы жалғасатын болады.