«AMANAT» партиясының Орталық аппаратында «TALQYLAU» диалог алаңының кезекті отырысы өтті.
TALQYLAU: Жаңа заңдар – жаңа мәдениетті дамтудың негізі
1,130
оқылды

Бұл жолғы сараптамалық талқылау тақырыбы «Қазақстан – 2024. Реформалар, трендтер, болжамдар» деп аталды.

Сарапшылар әлемдегі жағдай Қазақстанды айналып өтпейтінін, ал жаһандық тәуекелдер дәл қазір Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда талқыланып жатқанын атап өтті.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек әлемдік қоғамдастықтың алдында климаттың өзгеруі, жалған ақпарат пен фейктер, сондай-ақ қоғамның әлеуметтік-саяси поляризациясы сынды үш негізгі тәуекел тұрғанын атап өтті.

«Бұл тәуекелдер Қазақстан үшін де өте өзекті. Климат өзгеріп, аномалды аптап ыстық күндер жиі тіркеле бастады. Интернет қолданушылар түрлі жалған ақпаратқа сенеді. Оның анық-қанығын тексермейді. Телефон арқылы әрекет ететін алаяқтар саны азаймай жатыр. Қоғам поляризацияланып, қызығушылықтарына қарай топтасуда. Әділдік орнатуға деген сұраныс арта түсті. Сондықтан «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі бола отырып, Президенттің саяси және экономикалық реформаларын жүзеге асыруға жан-жақты атсалысуда», – деді ол.

Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары Серік Ахметжанов «Маңызды оқиғалар: 2023-тен 2024-ке» сараптамалық сауалнаманың нәтижесін ұсынды. Оған еліміздің барлық өңірінен 600-ге жуық сарапшы қатысты. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, саяси салада сарапшылардың 75%-ы АЭС салу мәселесін референдумға шығаруды аса маңызды оқиға деп санайды. Әлеуметтік саладағы ең маңызды оқиға «Ұлттық қор – балаларға» жобасын жүзеге асыру саналады. Сауалнамаға қатысқан сарапшылардың 61,3%-ы бұған сенімді. Экономика саласында сарапшылардың 57,8%-ы 2024 жылдың басты оқиғасы мемлекеттік сатып алу жүйесін өзгерту жұмысы болады деген ойда.

«Орталық пен аймақ арасында қабылдау мәселесінде белгілі бір айырмашылық бар. Сараптамалық тұрғыдан алатын болсақ, орталық үшін «Ұлттық қор – балалар» жобасын жүзеге асыру жұмысы маңызды болса, өңірлерде «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобалары өзекті болып отыр. Сонымен қатар сауал жүргізілген азаматтардың 52%-ы «Ауыл аманаты» жобасының маңызын ерекше атап өтті», – деді ол.

Сыртқы саяси трендтер мен болжамдар туралы Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, «AMANAT» фракциясының мүшесі Айгүл Құспан айтып берді. Спикер 2024 жылы Қазақстан бірқатар халықаралық ұйымдарға төрағалық ететінін, сондықтан сыртқы саяси бағыт барынша қызықты болатынын атап өтті. Депутаттың пікірінше, әділдік орнатуды көздейтін қазақстандық тренд біртіндеп жаһандануда. Яғни, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы аясындағы «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастаманы айтуға болады. Парламентарий Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) маңызына жеке тоқталды.

«Ұйымды құруға бастамашы болған және негізін қалаған мемлекеттің бірі – Қазақстан. Оған осы жылы еліміздің төрағалық етуі – ұйымды одан әрі институционалдық тұрғыда дамытуға бағытталған. Болашақта біз ТМҰ-ны күшті түркі геосаяси, геоэкономикалық және өркениеттік бірлестік ретінде көреміз. Осыған байланысты Президент Қазақстанның Ұйымға төрағалығы «Түркі дәуірі!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтетінін мәлімдеді», – деді ол.

Ал Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Айдос Сарым жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселесі басты үрдіске айналатынын атап өтті. Ауылдық округ әкімдерінің сайлауы және 45 аудан әкімдерін қанатқақты режимде сайлау науқаны осы бағыттағы алғашқы қадамдар саналады. Сондай-ақ депутат қазір жаңа парламенттік мәдениет, жаңа дәстүр қалыптасып жатқанын және ол болашақта өз жемісін беретінін атап өтті.

«Мақсат – қажетті заңдарды қабылдау. Бұл істе «AMANAT» шешуші рөл атқарады. Жаңа заңдар жаңа мәдениетті дамытудың институционалдық базасына айналады. Мұнда көп нәрсе, әрине, халықпен қаншалықты дұрыс қарым-қатынас орнататынымызға байланысты болмақ», – деді ол.

Өз кезегінде, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Ләззат Нұрқатова жастар мәселесіне, еліміздегі демографиялық жағдайға тоқталды.

«Жастар тренді Қазақстан қоғамында маңызды рөл атқарады. Өскелең ұрпақ мәдениетке, экономикаға, саясатқа және әлеуметтік қатынастарға айрықша әсер етеді. Студенттер арасында медиа-технологияларды белсенді пайдалану, волонтерлік бағытты дамыту, жастар ғылымын жаңғырту, толерантты сана қалыптастыру, мәдениетаралық және ұлтаралық диалогты нығайту сынды оң үрдіс байқалады», – деді ол.

Талқылауға Еуразиялық интеграция институтының директоры Оразғали Селтеев, электоралды оқыту орталығының басшысы Жанар Бұқанова, парламентаризм институтының атқарушы директоры Жанар Төлендинова, экономист Айдархан Құсайынов, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айсұлу Ерниязова және тағы да басқа азаматтар қатысты.

Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы, сараптамалық талқылау модераторы Ерлан Ахмеди іс-шараны қорытындылай келе, жаңа саяси мәдениет пен ашық пікірталас қалыптастыру – «TALQYLAU» диалог алаңының бұлжымас міндеті екенін атап өтті.

Еске сала кетейік, «TALQYLAU» диалог алаңын құру бастамасы былтыр 1 наурызда «AMANAT»-тың кезектен тыс Съезінде партиялық трансформация бағдарламасындағы тармақтардың бірі ретінде айтылды. Азаматтарды толғандырған өзекті мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін сарапшылар, депутаттар, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері аталған алаңда тұрақты негізде бас қосады.