Бүгінде Тараз қаласының аумағы кеңейіп келеді. Бұған дейін қалаға бірқатар алқап қосылып, ауыл тұрғындары бір күнде қалалық болып шыға келсе, енді былтырдан бастап, шаһардан екі аудан құру мәселесі көтерілуде.
Қасапханаға қатаң тексеріс қажет
948
оқылды

Бұл өз кезегінде жақын елді мекендерді қала аумағына ендіріп, тұрғындардың санын тағы арттырмақ. Оған қоса, екі ауданмен бірге көне шаһарға бұрын-соңды болмаған шаруашылықтар мен қожалықтардың үлкен легі келмек. Әрине, бұл қуанарлық жағдай. Алайда «таяқтың екі ұшы бар болатыны» секілді, екі ауданның құрылуынан келеңсіздіктер тумай ма? 

Олай дейтініміз, бұған дейін тек «қала» статусымен тұрған шаһарға енді қолында мал ұстаған қожалықтар лек-легімен ағы­лады. Сондай-ақ алдында бес-он тұяғы бар, бұрын ауылда тұрып, мал жайып үйре­ніп қалған ағайынның да саны артпақ. Ал төрт түлік жүрген жерде мал бордақылау, оны сою сынды орындардың қатар жүре­тіні анық. Бірақ сол мал сою алаңдарының бәрі санитарлық талапқа сай келмейтіні айтпаса да белгілі. Оған қоса, үй ауласында мал сойып, оның қан-жынын арыққа ағы­затындардың да саны азаймайтыны ай­қын. Салдарынан шаһардың шырайы қа­шып қана қоймай, санитарлық-эпи­демио­логиялық қауіп те төнбек. 

Жуырда бұл мәселені Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков аппараттық кеңесте көтеріп, Ауыл шаруашылығы бөлі­міне заңсыз қасапханалар мен мал борда­қылау алаңдарының есебін шығарып, олар­мен күресті күшейтуді тапсырды. Бұ­ған дейін тек жәрмеңке өткізіп, ауыл шаруашылығы саласына ендеп енбеген бөлім үшін бұл жүгі ауыр жұмыс болғаны анық. Содан болар қалалық Ауыл шаруа­шылығы бөлімінің басшысы Жанболат Таңатаровқа хабарласқанымызда, ол қала­да заңды тіркелген 6 мал сою алаңы жұмыс істеп тұрғанын, ал қалғандары бойынша зерделеу жұмыстары енді қолға алынғаны туралы ғана ақпарат бере алды. 

Негізі, заңсыз қасапханалар әр аумақта бар екенін әркімнің іші біліп отыр. Оны біз айтпасақ та, қала тұрғындарының өзі ашына жеткізуде. 

– «За линей» аталып кеткен алқаптағы үйімнің дәл жанында қасапхана жұмыс істейді.Оның иесі санитарлық талаптарды мүлде сақтамайды. Мұнда екінің-бірі күнара мал сойдырып, ішек-қарны мен қанын ағызып әкетіп жатады. Ал одан шыққан жағымсыз иіс қолқаңды қабады. Тараз қаласының онсыз да ауасы таза дей алмайсың. Енді оған мал қиы мен аққан қаны қосылып отыр. Жаздың аптап ыстық күндері, тіпті дем жетпей, тұншығып қаламыз. Малды сойғаннан кейін қаны мен қалдығын арнайы жерге көміп, заласыздандырса мақұл-ақ қой. Кейде балалар оны байқамай басып кетеді. Күні ертең одан ауру тарамасына кім кепіл?! Біз соған алаңдаймыз. Бұл туралы иесіне сан мәрте ескерткенімізбен одан еш нәтиже шықпады. Енді осы мәселені құзырлы ор­гандар қадағалау алса деген тілегіміз бар, – дейді шаһар тұрғыны Бинұр Шакиза­даева. 

Негізі 2011-2012 жылдары облыс дең­гейінде мал сою алаңдары мен пунктерін ашу бастамасы көтерілген еді. Сол сәтте қазы­надан 16 мал сою алаңы мен 4 пунктің әрқайсысына 10 млн теңге көлемінде қаржы қаралған. Осылайша, 20 мал сою орнын әзірлеу үшін 200 млн теңге бөлінген. Одан бөлек, жекеменшік қаржы көздері­нен тағы 61 мал сою нысанының жобасы да­йындалған еді. Мұндай ауқымды құры­лыс арқылы жергілікті билік мал аурулары­ның алдын алып, тұрғындарды да тәртіпке шақырамыз деп жоспарлаған. Алайда осы алаңдардың бүгінде некен-саяғы ғана жұ­мыс істеп тұр. Себебі аталған алаңдардың бі­рінде бір жылда 21 бас қана мал сойыл­ғаны туралы дерек талайдың санасына салмақ салды. Сонда 10 млн теңгеге са­лын­ған мал сою алаңында жыл шінде 21-ақ бас мал сойылатын болса, оның тиімсіз екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан халық малды алаңда емес, ауласында соятынына көз жеткізген жергілікті билік өкілдері де «бастан құлақ садаға» деп бұл жобаны қойған. Ал қазынадан қаралған 200 млн теңге желге ұшты. 

«Аузы күйген үрлеп ішеді» деп қазір шенділер мал сою алаңдарын ашу мәселені түбегейлі шеше алмайтынын біліп отыр. Әрі қаладан екі аудан құрылғанда заңсыз қасапханалардың саны көбейетінін іштей сезуде. Сондықтан бүгіннен қамданып, зерделеу жұмыстарын қолға алуда. Алайда бұдан нәтиже шыға ма? 

Ветеринар Қарлығаш Ешназарованың айтуынша, мал кәсіп ғана емес, жұқпалы аурулардың да бірден-бір көзі екен. Сон­дықтан қасапханаларды ретке келтермей, қауіпсіздік мәселесі туралы айтудың өзі артық көрінеді.  

– Төрт түліктен келетін ең қауіпті аурулар қатарына топалаң, туберкулез, бруцеллез, аусыл, құтыру, қойдың жыбыр­лағы (брадзот), қозының анаэробты ди­зен­териясы, ауески ауруы, шошқа тұмауы, некробактериоз, тулеремия, хламидиоз, түйе обасы және маңқа жатады. Аталған індеттер тез таралады және денсаулыққа тигізер қаупі өте жоғары. Бір ғана бруцел­лезді алып қарасақ, бұл сырқат мүйізді ірі қара малдан, сондай-ақ қой-ешкіден жұға­ды. Мұндай кеселдердің жұ­ғуы  жануар­ларды сою, ет және ет өнім­дерін сараптау кезінде мемлекеттік сани­тарлық бақы­лаудың ережеге сай болмауы немесе орын­далмауынан болады. Сондықтан малдың ауру екеніне күмәнданған жағдайда жануарларды союға қатаң тыйым салы­нады. Малдың ауруын анықтап, диагноз қойғанша оны бөлек ұстаған жөн. Оның дертке шалдыққан не шалдықпағанын анықтағаннан кейін ғана ветеринарлық маманның қадағалауымен жануарларды союға болады. Амалсыздан сойылған малдың еті ветеринарлық-санитарлық сараптаудан өткізіледі және микро­биологиялық, биохимиялық зерттеулер жүргізіледі. Ал өнім зиянды болған жағ­дайда оны утильдеуге жөнелтеді. Вете­ринарлық-санитарлық сараптау нәтиже­сінде бұл жағдайлар анықталса, мал иесі қылмыстық және әкімшілік жауапкер­шілікке тартылуы мүмкін. Сол себепті «малым ауру емес» деп оның қан-жынын сырт­қа төгуге болмайды. Себебі төрт тү­лік­тің сырты сау болғанымен оның іш құрылыстарында қауіпті дерттер болатын­дығын ұмытпаған жөн. Ал ондағы инфек­циялар ішек-қарынмен бірге ауаға тара­лады. Сәйкесінше сол ауамен тыныстаған адамдар да осы ауруды жұқтырып алуы әбден ықтимал, – дейді мал дәрігері. 

Әрине, маманның қауіпі орынсыз дей алмайсың. Себебі былтыр Талас ауданын­дағы бір тұрғын үй ауласында ауру мал сойылып, тұтас ауыл карантинге жабылған болатын. Соңы мамандар мал етін тұтын­ған немесе байланысқа түскен адамдардың барлығынан сынама алып, эпидемиолог­тардың көмегімен індеттің бетін қайтарған еді. Беті аулақ, алайда дәл осындай жағдай облыс орталығында қайталанса, онда ауруды ауыздықтай аламыз деп айту қиын. Сондықтан жауаптылар Таластағы жағдай­дан сабақ шығарып, қасапхана­лар­ды түгелдей тексеріп шығуы керек. «Әкесі» мен «Жәкесі» барлардан да сескенбей, мамандар бұл мәселеде батылдық танытса ғана қауіптің беті сейіледі. Бәлкім зерделеу жұмыстарына прокуратура мен құқық қорғау органдардың өкілдерін де жұмыл­дырған жөн шығар. Сол кезде көкесі барларды да бір сабасына түсіруге мүмкін­дік туады. Егер бұл мәселеге қазір жіті көңіл бөлмесек, ертең бармақ тістеп қа­луымыз мүмкін екенін жауаптылар ұмыт­паса екен дейміз...

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы