Музыка өнері адам талғамы мен заманға сай құбылып отыратынын білсек те, уақыт өте келе аға буын жастарға сыни көзқараспен қарай беретіні тағы бар.
Бүгінгі ән бұрынғы әннен өзгерек...
2,039
оқылды

Батыс музыкасын тыңдап, мәдениетін бойға сіңіріп жатқан жастар бар дейміз-ақ, бірақ қазір кез келген жанрдағы әндер қазақ тілінде де айтылып, өзге елдің сахнасында шырқалып жүр. Бұл – қазақстандық музыка өнеріндегі экспорттың көрінісі болса, қазақ қоғамында шетелден енген субмәдениеттің жағдайы қандай? 

«Заманына қарай адамы» демекші, жас­тар талғамындағы қазақ әндері аз емес. Қазақ тілінде жастардың жүрегін жаулап алған топ әндердің үлкен артықшылығы бар. Ол артықшылық – шетелдік әннің ауди­ториясын толтырғанша, әншілерін ығыс­тырып, отандық топқа назар аударту. Бүгінге дейін заманауи әндерге түрлі сын айтылып, оның мазмұндық жағының кем­шін тұстарын баса айтқан пікірлер қаптап кеткен болатын. Ал қазір жастар музыка­сының қарқыны дүйім жұрттың назарын өзіне қаратып отыр. Өнер адамдарының айтуынша, қазақ тілінде кез келген жанрда айтатын әншілерді, әндерді табуға болады. Ести қалсаң, естеліктерді еске түсіретін, мәні мен сәні жарасқан әндер өткеннің еншісінде қалмай, қазір қайта жаңғырып, жаңа образбен шығып жатыр. Тыңдар­манның да талғамы жоғары, ессіз әнге елікпей, есті әнді іздеп жүріп тыңдайтындар көп. Сауалнама барысында жастардың пікірі бір арнаға тоғысқанын байқадық. Тыңдайтын тақырыптары мен орындаушы­лары да ұқсас.

«Ең бірінші, әннің әуені мен сөзінің байланысына мән беремін, көңіл күйіме байланысты тыңдаймын. Қазіргі танымал әншілердің әні ұнайды, олар тек заманауи әндер айтып қоймайды, мысалы 15 жыл бұрын «хит» болған «Жоқ, жаным» әнін Калифорния қайтадан хитке айналдырды. Осындай естілігі бар ескі әндердің қайта оралуын жастар да қолдайды. Негізі, жастардың толқыны бірдей болғандықтан, көбіне әуеннің ырғақтарына ғана мән береді деп ойлаймын», – дейді Аян есімді студент.  

Жылдың хит әнінің бірі болған «Пуэрто-Рикодағы қызға бас кетеді» қатары, мән бер­сеңіз, жастар арасында кең тараған «тренд» сөздерден құралған. Міне, өз ара­сында жиі айтылатын сөзі бар әндерді жас­тар­дың «басы кетіп» тыңдайтыны сон­дықтан. Мәдениеттің күйін күйттеп жүрген музыканттардың еңбегі мен қазіргі поп-индустриямыздың ахуалы аясында өнер саласының мамандарымен әңгімелесіп көрдік.

Мерей СЕМБАЙ,

өнертанушы:

«Таланттарды танытуға маркетинг жетпей тұр»

– Джаз, soul, RB, рэп, блюз, элек­трон музыка жанры­ның Қазақстанда дамуы қанша­лық­ты маңызды деген сұрақ туындауы мүмкін. Біріншіден, бұл жанрлар әлемде кеңінен тараған, сон­дықтан қазақ поп музыкасына жаңа палитралар, дыбыстар, жаңа ырғақтар, стиль­дер алып келуі мүмкін. Екіншіден, ке­­ре­мет туындылар шығып жатса, Қазақ­стан әлемге ашық ел ретінде мәдени бей­не, дамыған мемлекет деген имидж қалып­тасуына, сондай-ақ музыкалық идея­лардың халықаралық алмасуына, ха­лық­­аралық аудиторияның назарын аудартуға ықпал ете алады. Қазақстанда джаз аса қатты дамымаған. Джаз бағытында жұмыс істейтін композитор Әділжан Толықпаевты ғана білемін және ол Jazz and Soul деген топ ашқанын білемін. 

Байқағаным, орыстілді рэп боғауыз сөзге толы, ал қазақ рэпінде ондай тенден­ция аздау. Еңліктің рэп әндерінде, тіпті қазақтың мақал-мәтелдеріне, жазушы­лардың қанатты сөздеріне сүйену бар. Q-pop-та агрессия жоқ, идеологиясы басқа. Әндерінің тақырыптары экология, күш-жігерлі болу, сөнбеу, тағы сол сияқты.

Қазіргі қазақ музыкасының экспортына жетпей тұрғаны – маркетинг және коман­далық жұмыс. Орындаушының артында үлкен команда жұмыс істеуі керек, мысалы американдық The Weekеnd-дің команда­сында продюсер, менеджерлер, агенттер, стилист, визажист, PR–менеджерлер, одан бөлек бейне түсіретін, музыка, мәтін жаза­тын мамандары бар. Бізде, өкінішке қарай ондай продюсерлік мектептер қалыптас­паған. Оңтүстік Кореяда музыкалық индус­трияны қолдау үшін түрлі бағдарламалар қарастырылған. Танымал әртістерге мемле­кет тарапынан көмек көрсетіледі, халық­аралық фестивальдерге, әлемдік аренадағы имиджін нығайтуға көмектесетін жобаларға қатысуға қаржылық қолдау бар. Елімізде өнерін әлем танып жатқан өнерпаз қазіргі таңда Димаш қана шығар. Басқа да талант­тар бар, тек сол танымалдылығын арттыру үшін маркетинг, PR жетпей тұр.

Роман БҰРҚАШ,

өнертанушы:

«Өнер – еркіндік алаңы»

Музыка сала­сы соңғы уақытта жаңа серпін алды. Бі­рін­шіден, ақпарат­тық технологияның мүм­кін­дік­тері көп. Бойында өнері бар адам өзін-өзі көрсете алатын платформалар көбейді. Өзін таныту көп материалдық шығын талап етпей, бұрынғыдан анағұрлым оңай бола бастаған кезде өнердің түр-түрі дамиды.

Екіншіден, жанрда еркіндік бар. Өнер сыналады, бірақ сынбауы керек. Қазақ жастары өздерін еркін сезінетін бірден-бір алаң –  өнер. Қазақ жастарының арасында хитке айналған әндердің болуы да осы еркіндіктің болуынан. Байқасаңыз, орыс мәдениетінен, эстрадасынан гөрі, қазақтың әні – трендте. Бұрын орыс эстрадалары Қазақстанда атақты еді, ал қазір керісінше, қазақ әншілері Ресейде танымал болып келеді. Мәдени тұрғыда олармен тереземіз теңесті деп айтуға болады. Әннің хаосқа, агрессияға толы болуының өзі – стиль. Алғашында рок-н-ролды алып келген Литл Ричард, Элвис Преслидің оғаш әрекеттерін өз заманында халық қабылдай алмаса да, жастар арасында танымалдыққа ие болды. Қазір де солай, қоғамда жастардың стилі бөлек. Сондықтан Q-pop жанрындағы әндердің көп шығуын қолдаймын. Иә, кейде көркемдік мазмұны жағынан арзан­қол, сауатсыз жазылған мәтіндер, шұбар­ланған сөзі бар әндер бар. Ойымша, бұл – қазақ тілінің насихатын жасайтын бағыт. Өнерге еш шектеу қоймасақ, мұндай ән­дерге талқы көбейіп, қоғамда қазақ тілінің дұрыс насихатталуына әсер етеді.

Жаңа стильдегі әндер шетел сахна­ларында шырқалып жүр, бірақ Soft-power арқылы, яғни жұмсақ күш ретінде қазақ тілін өнер арқылы өзгелерге әсер ету керек дегенмен өнер адамдары айналыспауы керек. Өнер адамы тек өнерімен, шығарма­шылығымен айналысса жеткілікті. 

Парасат ЫБЫРАЙ,

музыкатанушы, режиссер:

«Қазақ музыкасы – трендте»

Бұрынғы поп жан­рындағы үздіктер Қайрат Нұртас, Нұрболат Абдуллин, Төре­ғали Төреәлі болса, қазіргі үздіктер қатарын Садраддин, Мирас Жүгі­нісов, Қанай, Ка­ли­форния сияқты зама­науи әншілер то­лық­тырып отыр. Олардың айтқан әні, стилі эстрада әндерін мүлде өзгертті. Музыка ешқашан бір орында тұр­майды, оның түрлі жанры әртүрлі уақытта шығып отырады. Қазіргі жастар рэп, хип-хоп жанрындағы әндерді көбірек тыңдайды. Бірақ кәдімгі ырғақты әндерді де айта беретін жастар көбейіп кетті ғой. Агрес­сиясы да бар, ро­ман­тикасы да бар. Агрессия ол айнала­мыздағы жағдай болып тұр ғой сонда. Қазіргі жастардың жалпы мінездері сондай. Бірақ біздің қазіргі хип-хопта ешқандай агрессия, мәнсіз дүние жоқ. Q-pop – қазақша поп-музыка деген сөз. Бұл жанр – көбіне жастарға арналған музыка. Қазір Қазақ­стан­ды ТМД елдерінің үздігі деп алуға болады. Біз тіпті Ресейден алға қарай шығып кеткен сияқты­мыз. Бізге қазір бәрі қарап отыр. Былайша айтқанда, қазақ му­зыкасы – қазір трендте, тек елде емес, басқа да елдерде. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ