Сотталғандардың кінәсі толығымен дәлелденді.
Ақмола облысында бюджет қаржысын жымқырған шенеунік пен мердігер сотталды
Фото: egemen.kz
650
оқылды

Ақмола облысында бюджет қаржысын жымқырған Бурабай аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы және мердігер ұйым директорының орынбасары сотталды,  деп хабарлайды Aikyn.kz

Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, шенеунік пен мердігер сөз байласып, Зеленый Бор кентіндегі қазандықтың ауа өткізгішін жеткізу және монтаждау бойынша жұмыстарды қабылдап, құны 12 млн теңгеге жуықтайтын актілерге қол қойған. Алайда іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмаған. Сотталғандардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалармен және істің басқа материалдарымен дәлелденді.

Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық туралы қылмыстық іс бойынша жария сот отырысына Бурабай ауданының әкімдігі мен құрылыс бөлімінің өкілдері шақырылды.

Жаза тағайындауда сот кінәлілердің келтірілген залалды өз еркімен өтегендерін, шенеуніктің кәмелетке толмаған балаларының болуын, екі сотталушының жұмыс орны мен тұрғылықты жері бойынша оң сипаттамаларын, соттылықтың болмауын – жеңілдететін мән-жайлар ретінде, сондай-ақ ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескерді.

«Сот үкімімен шенеунік – 2 жыл 4 айға, мердігер – 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар  әрқайсысы мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет атқару құқығынан да айырылды», – деді ведомстводан.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.