Тәжік тарапының шақыруымен Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Тәжікстан Республикасына ресми сапармен келді.
Сыртқы істер министрі Тәжікстанға ресми сапармен келді
781
оқылды

Тәжік тарапының шақыруымен Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Тәжікстан Республикасына ресми сапармен келді,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сапар барысында ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы М.Нұртілеуді Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмон қабылдады.

Тәжікстан көшбасшысы екі елдің екіжақты форматта да, халықаралық өңірлік ұйымдар шеңберінде де өзара іс-қимылының нәтижелі сипатын ерекше атап өтті. Қазақ-тәжік қарым-қатынастарының одақтас деңгейі расталды. Э.Рахмон Қазақстан  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ізгі тілектері мен сәлемін жеткізді.

Министр М.Нұртілеу Тәжікстан президентіне Мемлекет басшысының жылы лебізін жеткізіп, бауырлас Тәжікстанмен одақтастықты одан әрі жан-жақты тереңдетуге деген адалдығы мен шынайы ниетін атап өтті.

ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы сұхбаттасын қазақ-тәжік көпқырлы ынтымақтастығының өзекті жай-күйі мен даму перспективалары туралы, сондай-ақ жоғары деңгейдегі өзара сапарлардың қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысы туралы хабардар етті.

Сұхбаттастар сауда, энергетика, цифрландыру, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы және су ресурстары сияқты салалардағы табысты ынтымақтастықты атап өтті. Экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды одан әрі кешенді арттырудың үлкен әлеуетін атап өтті. Өзара тауар айналымы соңғы жылдары тұрақты түрде 1 млрд доллардан асады.

Өңіраралық ықпалдасуды нығайту, сауда экономикалық және мәдени гуманитарлық ынтымақтастықты әрі қарай дамыту және түрлі салаларда бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.