Алматы қаласында жер сілкінісі туралы жалған ақпарат таратқан әйел табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Ол мессенджерлер арқылы жойқын зілзала болады деп, сағатына дейін айтып елді одан сайын дүрліктірген.
– «Қатты жер сілкінісі қайта болады, қаладан шығып қашыңыздар» деп әлеуметтік желіде үндеу тастаған. Мұндай хабарламалар үрей, дүрбелең туғызды. Сондықтан барлық азаматтарға айтатыным, жалған ақпарат таратпаңыздар, таратуға себепкер болмаңыздар. Содан соң әр ақпаратты жіті зерделеп, тек ресми дерек көздерден алынған ақпаратқа қана сенулеріңізді сұраймын, – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
1995 жылы туған Ж. есімді азаматшаның кінәсі дәлелденсе, ірі мөлшерде айыппұл төлейді немесе ҚР ҚК қарастырылғандай үш жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Шындыққа жанаспайтын өзге де аудиожазбалардың авторларын анықтауға бағытталған іс-шаралар әлі жүргізіліп жатыр. Полиция департаментінің мәліметінше, бірнеше адам анықталып, қазір оларды жауапқа тарту бойынша жұмыс жалғасып жатыр.