Степногор қаласында 4 шағын аудандағы 32 үйдің тұрғыны егеуқұйрықтан жапа шеккенін айтып шырылдап отыр.
«Егеуқұйрықтың ордасына айналды»: Степногорда кеміргіштер көпқабатты үйдің қабырғасын шұрық-тесік етті
1,122
оқылды

Баспана иелері өткен жылдың жазынан бері кеміргіштермен арпалысқанымен еш нәтиже болмаған. Егеуқұйрықтар тіпті пәтерлердің ішіне де қорықпастан кіре беретін болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Тұрғындардың айтуынша, егеуқұйрықтар жертөледен подъезге дейін шұрық-тесік етіп саңылау салып, тіпті пәтерлердің ішінде де тайраңдайтынды шығарған. Егеуқұйрықтарды аулап, у салып дәрілеген болған. Алайда еш нәтиже жоқ. Ала жаздай кеміргіштермен күрескен тұрғындар түрлі жұқпалы дерт пайда бола ма деп қауіптенеді.  

– Өткен жылдың жазынан бері үйіміз егеуқұйрықтың ордасына айналды. Жертөледе толып жүретін кеміргіштер енді подъезді тесіп кіріп, одан пәтерлердің ішіне де өтетін болды. Түрлі амал жасап аулап, у салып дәрілеп те көрдік. Бірақ егеуқұйрықтармен күресімізден нәтиже болмай тұр. Подъезді тесіп тұрып кіріп кетті. Үйдегі бір көршілер пәтерінде бірнеше егеуқұйрықты өлтіріпті, – дейді Степногор қаласы 4-32 үйдің тұрғындары. 

Тұрғындардың шағымына Степногор қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бұл міндеттің пәтер иелері кооперативінің міндетіне кіретінін жеткізді. 

 

– Кондоминиум нысанының ортақ мүлкін ұстау ережесінің 23-тармағына сәйкес, құрамына, құрылымдық ерекшеліктеріне тозу және техникалық жай-күйіне сондай-ақ геодезиялық және табиғи-климаттық орналасу жағдайына байланысты кондоминиум нысандарының жертөле, паркингтерін залалсыздандыру, дезинфекциялық және дератизациялық шараларды ұйымдастыру пәтер иелері кооперативтеріне тиесілі. Сондықтан жергілікті ПИК тарифте ортақ қолдану орындарында егеуқұйрықтарға дератизациялау өткізуге қаражат қарастыру тиіс. Егер қайта дератизациялау немесе кең көлемде дератизациялау өткізу қажеттігі болса меншік иелерінің жалпы жиналысында осы мақсатқа қаржы жинау мәселесін қарау керек, – дейді Степногор қаласының ТҮКШ бөлімінің маманы. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,  Ақмола облысы