Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының іргелі сөздік ретінде Oxford Dictionary еңбегін таңдауы бекер емес. Өйткені Оксфорд ағылшын тілінің сөздігі (OED) – өте танымал және аса беделді білім құралы.
Тіл эволюциясының жылнамасы
845
оқылды

Оның ішінде ағылшын тілінде сөйлейтін барлық құрлық пен елден жиналған 500 мың сөз бен сөз тіркесінің мағынасы, тарихы мен қолданылуы туралы мәлімет жинастырылған. Тарихи сөздік болғандықтан, OED қазіргі заманғы ағылшын сөздіктерінен айтарлықтай ерекшеленеді. Мұнда тек заманауи мағыналарды  емес, сонымен қатар жекелеген сөздердің тарихын да таба аласыз. Оның ішінен қейбір сөздердің XI ғасырдан басталатын этимологиялық жолын көруге болады. Сондай-ақ классикалық әдебиет пен арнайы мерзімді басылымдардан бастап киносценарийлер, ән мәтіндері және әлеуметтік медиадағы жазбаларда қолданылған 3,5 миллион цитатаны бақылап, талдау арқылы жасалған тіл тарихы да бар.  

Қазір сөздікте 850 мыңға жуық анықтама бар және оған жыл сайын шамамен 15 мың өзгеріс енгізіледі. Бұл – XIX ғасырдың екін­ші жартысынан бері жалғасып келе жатқан ұзақмерзімді және ауқымды жоба әрі Oxford University Press білім беру миссиясының ең басты міндеттерінің бірі. 

2028 жылы OED-тің бірінші басы­лы­мы­ның дайын болып, жарыққа шыққанына 100 жыл толады. Мерейтой қарсаңында OED ко­мандасы сөздіктің  пайдалылығы мен құн­дылығын және ауқымын арттыруға ар­налған OED 100 деп аталатын арнайы жұ­мыс бағдарламасын жүзеге асыруда. Бұл жо­баның ауқымы кең. Оған сөздіктің маз­мұнын бұрынғыдан да жеделірек жаңарту, түрлі құрлық пен мемлекеттегі ағылшын тілінің түрлерін қамтуды кеңейту, сөздікті түсінікті және мәдени тұрғыдан тез қабыл­да­­натын ету, OED қолданушылармен ын­ты­мақтастық пен өнімді қарым-қатынас ор­нату мен oed.com сайтына жаңа платфор­ма жасау сияқты жұмыстар  кіреді. 

ОЕD тарихы

Оксфорд ағылшын сөздігі жүз жылдан аса уақыт бойы ағылшын тіліне қа­тысты ең беделді еңбек саналады. Бірақ оның ғылыми маңызы мойындалып, зор се­нім артылса да бұл еңбектің қалай пайда бол­ғаны туралы көп мәлімет жоқ.  Оксфорд ағыл­шын сөздігінің тарихы қандай? Жүзде­ген қызметкер мен мыңдаған автор жұмыс істеп, 500 мыңнан астам сөздің анықтамасын жинастырған аса зор шығарманың тарихы қандай?  

1857 жылы тілді ғылыми зерттеумен ай­на­лысатын Лондондағы ұйым – Филология­лық қоғамға ұсыныс жасалады. Онда қол­да­ныстағы ағылшын сөздіктерінің кем­ші­лік­тері туралы баяндала келе «Жаңа ағыл­шын сөздігін» жасау туралы айтылады (ол бас­тапқыда осылай аталған). Ричард Че­не­викс Тренч, Герберт Кольридж және Фре­дерик Ферниволлдың жетекшілігімен ағылшын-саксон дәуірінен бастап ағылшын тілін толығымен қайта қарап шығу көзде­леді. Бұл өте батыл және ауқымды жұмысқа ақы­рында бастапқыда ойлағаннан әлде­қай­да көп уақыт пен күш жұмсалды. Бұл сөздік тіл тарихының барлық кезеңіне қатысты баспа дереккөздерден алынған сөздердің қол­данылуы туралы нақты мәліметтерге не­гізделуі керек еді. Кольридж алғашқы ре­дакторы болып тағайындалды. Кольридж бен Фернивалл ағылшын әдебиетін оқып, сөз­дердің қолданылуын көрсететін цита­таларды дайындайтын ерікті оқырман то­бын жинайды. Бұл цитаталарды оқырмандар «слиптер» деп аталатын шағын қағаздарға жа­зып, редакцияға жіберіп отырған. 1861 жы­лы Кольридж қайтыс болып, орнына Фер­нивалл редактор болып жұмысты жал­ғастырады. Алайда ол бұл қызметті ойда­ғы­дай атқара алмай, салдарынан бұл істің дамуы баяулап кетеді.

1879 жылы Оксфорд университетінің бас­пасы бұл жұмысты басуға келіседі және Фи­лологиялық қоғам мүшелерінің арасы­нан Джеймс Мюррей жаңа редактор болып бе­кітіледі. Мюррей – Шотландияның аза­ма­ты. Ол ерте жастан тілге қызығып, осы әуес­тігінің арқасында өзі ізденіп ғалым бо­лады. «Сөздіктің» редакторы болған соң ол еріктілердің мәтінін оқып, сөздік құ­рас­тыруға көмектесуге ниетті бір топ қыз­мет­кердің басын қосады. Олар алғаш темір қой­­­мада жиналатын болған, Мюррей оған «Ск­рипторий» деген атау береді. Бұл «офис­тер» алғашында ол редактордың Лондондағы Милл Хиллдегі, содан кейін Оксфордтағы үй­лерінде ашылған еді. Бұл іске Мюррей өз ба­лаларын да тартады. Оның балаларына (оның он бір баласы болады) сөздіктің парақ­тарын алфавиттік ретпен сұрыптағаны үшін азын-аулақ ақша да төленетін. Мюр­рей­дің есебі бойынша сөздікті тұтастай жа­сап шығу үшін он жыл қажет болды. Бес жыл­дан кейін, яғни 1884 жылы, кітаптың бі­рін­ші бөлімі (немесе техникалық тер­мин­мен айтқанда фасцикл) шықты. Бұл жайт осыдан 30 жыл бұрын филологиялық қоғам ойлағаннан әлдеқайда кең әрі ауқымды жұ­мыс­тың атқарылып жатқанын анық көр­сет­ті. Шын мәнінде, сөздік құрастыру жұмы­сын­да сырттан келетін хат-хабардың көп болғаны сонша,  Мюррейдің Оксфордтағы үйінің дәл алдына пошта жәшігі орнатылады. Ол жәшік сол орнында әлі күнге дейін бар.  

Жұмысты жылдамдату үшін Мюр­рей­мен қатар екінші редактор та­ғайын­далды. Ол  Генри Брэдли болатын. Кейі­нірек оған Уильям Крейги мен Чарльз Лук деген тағы екі редактор қосылды. Әр­қай­сысы өз көмекшілерімен алфавиттің әр­түрлі бөлімі бойынша жұмыс істеді. Олар қа­зір Оксфорд Ғылым тарихы мұражайына ай­налған ғимаратта еңбек етсе, Мюррей мен оның командасы өз жұмысын Скрип­то­риум­да жалғастыра берді. Төрт редактор мен олар­дың айналасында топтасқан қызмет­кер­лер талмай еңбек етіп, сөздікті құрас­тыру­ға зор еңбек сіңіреді. Ақырында 1928 жыл­дың сәуірінде сөздіктің соңғы бөлігі жа­рияланады.  Алғашында бұл сөздік төрт том­нан тұратын 6 400 беттік жұмыс болады деп  жоспарланған еді. Кейін  250 мыңнан ас­там негізгі мақала мен 2 миллионға жуық ци­татадан тұратын он томдық еңбек болып шы­ғады. Сөздік А new English Dictionary on Historical Principles – «Тарихи принциптерге не­гізделген жаңа ағылшын сөздігі» деген ерек­ше атпен жарық көрді.  Кейін ол Окс­форд ағылшын сөздігі деген атаумен де бел­гілі болды. Өкінішке қарай, Мюррей мен Брэд­ли қайтыс болып, бұл еңбектің жарыққа шық­қанын көре алмады. Бұл сөздік бүкіл-ә­лем­дік баспа тарихындағы бұрын-соңды болмаған жетістікке айналды.

Тіл тірі ағза ретінде әрдайым өзгеріп отырады. Бұл бірде-бір сөздіктің еш­­­қашан толық аяқталып, нүктесі қойыл­май­ды дегенді білдіреді. Сөздіктің бірінші нұс­қасын  дайындау үшін елу жыл еңбек­тен­ген редакторлардың жұмысы да бұл заң­дылыққа бағынғаны сөзсіз. Бастапқы он том дайын болған соң қалған екі редактор Крейги мен Лук сөздікке толықтыру ретінде бір томдық арнайы еңбекті құрастыра бас­тайды. Ол 1933 жылы жарық көрді. Сонымен қатар бірінші басылым он екі томдық болып қайта жарық көреді де, «Оксфорд ағылшын сөздігі» деген өзінің ресми атауына ие бол­ды. 

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Оксфорд университетінің баспасы OED штаб-пәтерін қалпына келтіру және 1933 жылғы «Толықтыруды» қайта қарау жө­нінде шешім қабылдайды. 1857 жылы Фи­лологиялық қоғам алғаш рет ағылшын ті­лінің жаңа сөздігін құрастыру жөнінде ше­шім қабылдағаннан кейін  араға тура бір ға­сыр салып, яғни 1957 жылы Роберт Берч­филд өз қызметкерлерімен бірге жаңа «То­лық­­тырудың» редакторы міндетін өз мой­нына алып, оқырмандардан қайтадан көмек сұрайды. Бастапқыда «Толықтыру» шамамен 1 300 беттен тұратын бір томдық жұмыс ретінде ойластырылған еді. Алғашында оны құрастыру үшін жеті жыл уақыт кетеді деп есептелген. Бірақ ол 5 750 беттен тұратын 4 том­дыққа айналып, 1972-1986 жылдар ара­лығында жарияланды. 

Заманауи өзгерістер

1980 жылдардың басында баспа мону­менталды сөздікті қазіргі дәуірге қалай икем­деу керегін ойластырады. Сөздік құрас­тырудың дәстүрлі әдістері енді жарамайтыны белгілі болды. Мәтінді қайта қарауды бас­та­мас бұрын бірінші басылым мен толық­тыруларды біріктіру туралы шешім қабыл­данады. Ол үшін деректерді электронды фор­матқа аудару қажет болды, содан кейін мәтіндерді сыртқы авторлардың көмегімен біріктіруге және өңдеуге мүмкіндік туар еді. Сол себептен жұмысты жүргізу үшін лек­си­ког­рафтармен қатар жоба менеджерлері мен жүйелік инженерлер қажет болды. Баспа «Жаңа Оксфорд ағылшын сөздігі» жобасын құрып, 1984 жылы осы жұмысқа толықтай кі­ріседі. Джон Симпсон мен Эдмунд Вай­нер бірлескен редакторлар ретінде  Оксфордтағы лексикографтардың негізгі тобын басқарды. Олар жаңа электронды мәтінді тексеріп, редакциялап, өңдеп, сөздікке 5 000 жаңа сөз бен мағына  қосады. Жалпы алғанда, қыз­мет­керлер жұмыстың 85%-ын бағдар­ла­ма­лық құрал арқылы жасап шығады. Ал қалған 15%-ына редакторлар тікелей араласқан еді. Бұл үлкен жобаның шарықтау шегі мәтінді теру мен оны басып шығару болды. Осының бәрі атқарылған соң 1989 жылы уақытынан ке­шікпей Оксфорд ағылшын сөздігінің екін­ші басылымы жарыққа шықты. Бұл жи­нақтың көлемі 22 мың беттік жиырма том­ды құрайды. 

1990 жылдары OED-ті жан-жақты қайта қарау жұмысы басталды. Ондағы мақсат то­лық жаңартылған мәтін жасау болды. Сол ар­қылы әр материал жаңа құжаттық дәлел­дер, ғылым саласындағы заманауи жетістік­тер және жаңа мақалаларды ескере отырып қайтадан жан-жақты қаралды. Бұл Джеймс Мю­ррей мен оның замандастары құрасты­рып, 1928 жылы жарыққа шыққан бірінші ба­сылымдағы материалдардың алғаш рет өң­делуі еді. Сөздіктің электронды нұсқа­сы­ның болуы басқа баспа форматтарын қол­дануға мүмкіндік берді. 1987 жылы бірінші ба­сылымның CD-ROM нұсқасы шыға­рыл­ды, ал 1992 жылы бір компакт-дискіде екін­ші басылым да шықты. Сөздіктің дискідегі нұс­қасы оның алғашқы кітап түрінде сөреде бір метрден астам орын алып, салмағы 70 келіге жуық жиырма томдық еңбек болған кезінен қатты ерекшеленетін.   Оны CD-ROM-да жарыққа шығару өте пайдалы әрі сәтті болды. Цифрлық формат ақпаратты із­деу және алу үшін сөздікті қолдануда төң­керіс жасады. Бұл болашақта Оксфорд ағыл­шын сөздігі жасайтын технологиялық прог­реске ашылған терезе секілді еді. 2000 жы­лы OED Online іске қосылды. Ол сөздікті ай­рықша қолжетімді етті. Мұндай мүмкіндік бұрын-соңды болмаған еді. Сондай-ақ ол үшінші басылымның материалдарын он­лайн нұсқаға тоқсан сайын жүктеп отыруға мүм­кіндік берді. 2023 жылы OED Online сай­ты өзгеріп, соның нәтижесінде бүгінгі қол­даныстағы платформа пайда болды. Қазір де үш ай сайын сөздікке өзгерістер ен­гізіліп отырады. 25 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан бұл жүйе то­лықтай жаңартылған Оксфорд ағылшын сөз­дігін жасап шығуға мүмкіндік береді.  

1857 жылы Филологиялық қоғам өз ал­ды­на нақты мақсат қойған еді. Бірақ бұл істің олардың өздері күтпеген феноменалды жетістіктерге жол ашатынын білген жоқ. Окс­форд ағылшын сөздігі – сөздерді және олар­дың этимологиясын табуға ыңғайлы ең­бек ғана емес, ағылшын мәдениетінің ажыра­мас бөлігі. Ол – тіл эволюциясының жыл­намасы ғана емес, ол сонымен қатар ағыл­шын қоғамының  үздіксіз дамуына куә­лік етіп, оны құжат түрінде сипаттайтын шы­­ғарма. Оксфорд ағылшын сөздігі – бү­гінде де өте өзекті құрал. 

Оксфорд ағылшын сөздігінде сөздер­дің соңғы жүздеген жылдағы тарихы туралы толық ақпарат жиналған. Осы мәліметтер жазылған карталар Оксфордтағы сөздіктер бөлімінде (және университеттің жа­қын маңдағы баспасөз мұрағаттарында) сақ­таулы. Сөздікте 1980 жылдардың аяғы­нан бастап ақпараттың көп бөлігі элект­рон­ды түрде британиялық, солтүстік амери­ка­лық және әлемдік ағылшын тілдеріндегі оқу арқылы жиналған іздеу функциясы бар (Incomings) мәліметтер базасында сақта­ла­ды. Ол деректер барлық редакторға қол­жетімді. Соңғы 30 жылда лексикографтарға ыңғайлы әрі қолжетімді онлайн зерттеу ре­сурс­тары тез көбейді. OED лексиког­раф­тары үшін Early English Books Online (EEBO) және Eighteenth Century Collections Online (ECCO) сияқты толықмәтінді тарихи дерек­қор­лар өте қызық. Сондай-ақ олар үшін із­деу функциясы бар әлемнің бұрыш-бұры­шын­дағы ағылшын тілді мемлекеттердің мер­зімді басылым мұрағаттары да аса тар­тым­ды. Google Books көптеген тарихи және за­манауи материалды қолжетімді етті әрі олар­ды іздеп табу да ыңғайлы. 

Саят ЖӨКЕНҰЛЫ