Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата жанындағы Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің отырысы өтті.
Өңірдегі мәселені шешу үшін мәслихат депутаттарының ұсынысын назарға алудың маңызы зор
1,141
оқылды

Іс-шараға сенаторлар, мемлекеттік органдардың басшылығы және онлайн-форматта еліміздің барлық өңіріндегі мәслихат депутаттары қатысты.

Өз сөзінде Сенат төрағасы Кеңестің бұған дейінгі отырысында белгіленген міндеттер бойынша атқарылған істер жөнінде айтты. Алдағы бірлескен жұмысты тиімді жүзеге асырудың нақты тетіктеріне тоқталды. Атап айтқанда, заң шығару қызметімен бірге өңірлердегі проблемаларды бірлесіп шешу, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару жүйесін дамыту, заңдардың аймақтарда орындалу барысын бақылау, сондай-ақ, мәслихаттарға методикалық және материалдық-техникалық қолдау көрсету бағыттары бойынша Сенат пен жергілікті өкілді органдар арасындағы өзара іс-қимылды нәтижелі жүзеге асыру мәселелері сөз болды.

Мәулен Әшімбаев бұл істе Мемлекет басшысы Жолдауда белгілеп берген экономикалық саясаттың жаңа үлгісіне көшу мәселесіне қатысты міндеттердің маңызды екеніне назар аударды.

«Президентіміз экономиканың жаңа салаларын дамыту бойынша нақты міндеттер жүктеді. Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытына да үлкен көңіл бөлініп отыр. Халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін кешенді іс-шаралар да жүзеге асырылып келеді. Елдің игілігіне арналған осы бағыттарда бірлесіп, нәтижелі жұмыс істеуіміз қажет. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, биыл Парламент бірқатар заңдар қабылдайды. Олардың қатарында жаңа Салық, Бюджет, Қала құрылысы, Су кодекстері бар. Бұл заң жобалары бойынша, әсіресе өңірлерге қатысты мәселелерде, мәслихат депутаттарының ұсыныстарын назарға алудың маңызы зор», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата Спикері биыл елімізде мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толатынын атап өтті.

Кеңес отырысының қорытындысы бойынша заң шығару қызметінде және басқа да маңызды бағыттарда барлық деңгейдегі депутаттардың күш-жігерін біріктіріп, бірлескен жұмысты одан әрі жандандырудың маңызды екені айтылды.

Іс-шара барысында Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес Төрағасының орынбасары Төлеубек Мұқашев, өңірлердің мәслихат депутаттары Владимир Бубенко, Ерлан Каналимов, Гүлқасима Сүйінтаева, Наурызбай Байқадамов және тағы басқалары сөз сөйлеп, өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныс-пікірлерін білдірді.