1994 жылы 28 қаңтарда Қазақстанның ақпарат айдынына Túrkistan халықаралық газеті шықты. Бас редакторы – қазақ әдебиетінің классигі, белгілі қоғам қайраткері Қалтай Мұхамеджанов.
Túrkistan – еліміздің отыз жылда жүріп өткен жолының жылнамасы
фото: Шүкір Шахай
1,339
оқылды

Газеттің тұңғыш  нөмірін бажайлап қараған адам біраз дүниені байқайды. Бас мақала ретінде Шерхан Мұртазаның  Қазақстан Конституциясының 1 жылдығына арналған «Біртұтас Қазақстан» атты мақаласы беріліпті.

Онда Ата Заңымызды қабылдар алдындағы талас-тартыстар туралы құнды мәліметтер бар. Сәл төменіректе қазақ басылымдарының жаңа газетке құттықтаулары берілген. Суретші Еркін Нұразхан салған Қазақстан, Ресей, Түркия, Түрікменстан елдері президенттерінің шаржы 1-бетке орналастыруы газеттің еркін бағытын тұспалдайды. Газет атауын нықтап алу көзделсе керек, «Түркістан туралы ой-толғамдардан» деген айдармен біршама ой-пікірлер ұсынылыпты.

Бір қызығы, газет туралы редакция материалы 3-бетке берілген. Оны және бас редактор емес, басылым тілшісі Әбілмәжін Жұмабаев жазыпты. «Хош, сонымен биылғы жаңа жылдан бастап, «Заман-Қазақстан» газетінің орнына Túrkistan атты жаңа газет шығып отыр. Ол – «Заман-Қазақстанның» жақсы да жарқын іс-дәстүрін бұдан былай да жалғастыра беретін заңды мұрагері. Бірақ сапа-қасиеті, мағына-мазмұны, іс-әрекетінің көлемі жағынан өзгеше. Бұлай дейтініміз, «Заман-Қазақстан» айына екі рет шығатын еларалық газет болса, Túrkistan айына төрт рет шығатын халықаралық апталық» – делінген «Túrkistan осылай туды» деген материалда. Тағы бір ерекше назар аударатын дүние – Мюнхеннен Азаттық радиосының тілшісі Хасен Оралтайдың құттықтауы.

«Құрметті Қалтай Мұхамеджан! Құрылтайшылардың қатарында Сіз де бар және өзіңіз басқаратын Túrkistan атты жаңа газет шығады деп естідім. Қазақ елінің астанасы Алматыда Túrkistan газетінің шығатынын есту мені қуантты да толғандырды. «Жас Түркістан» жорналында жарияланған бір мақаласында қазақ халқының ардагер ұлы марқұм Мұстафа Шоқай: «Түркістан деген түрік елі деген сөз» – деп түсіндірген-ді. Сол үшін де 1950 жылдың наурыз айының 20-сы күні Мюнхен қаласында құрылған «Ұлт азаттық комитеті», «Түрк елі – Түрк елі – Түркістан Ұлт-азаттық комитеті» аталған-ды. Бұл жайт түрк елі комитетінің Мюнхен қаласында жарияланған айлық «Түрк ел» жорналының 1951 жылғы 1-санының 6-бетінде атап айтылған. Аты әлемге әйгілі башқұрт тектес түрк ғалымы, марқұм проф.др. Ахмет Зәки Велиди Тоған (Велиди) 1927 жылы «Иени Түркістан» жорналының 5-6 санының 31-бетінде: «Түркістан – түрк сөзіне парсы тіліндегі «стан» жалғауы қосылу арқылы Түрк жұрты деген ұғымды береді», – деп көрсеткен болатын. 

Кезінде шетелдерде біздер «Түрк елі», «Биік Түрк елі» деген жорналдар шығарып, комитет құрғанда сол ұғымды басшылыққа алған едік». 

Әрі қарай Мағжанның Түркістан туралы әйгілі өлеңінен үзінді келтіріп, сөзін Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Жүсіпбек Аймауытұлының Түркістан туралы бір-бір жолымен «тұздықтаған» ағамыз Хасен Өралтай деп қол қойыпты. Байқап отырғандарыңыздай, Оралтай емес, Өралтай. Арғы жағы Өр Алтайдан шыққанын аңғартып тұр. Бір естелігінде өзі де солай дейді. 

Сырттағы қазақты газеттің атауы елең еткізген сияқты. Расында да, түркі баласын тартып тұратын киелі атау ғой. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы айтыс-тартыста қазақ газеттерінің мемлекет, ұлт мүддесін жанұшыра қорғағаны мәлім. Қалтай Мұхамеджанов бастап, Дидахмет Әшімханұлы, Нұрқасым Қазыбек, Қажығали Мұханбетқалиев, Әбілмәжін Жұмабай, Әбіраш Жәмішұлы, Көлбай Адырбекұлы, Жаңабек Шағатай, Абзал Бөкен, Аманхан Әлім, Қайнар Олжай, Еркін Нұразхан секілді кіл дүрлер жиналған Túrkistan да сол «майданға» белсене кіріскені байқалады. Оған сарғайған газет тігінділері куә. Кейінірек қосылған Таңсұлу Алдабергенқызы басылымға әйел жанының нәзік иірімдерін ала келіпті. Ақын-жазушылардың әйелдерімен жасалған әдемі сұхбаттар кейін кітап болып шықты.

Газет ұжымы формалық ізденістерге де барған. «Қыркүйектің 22-сі күні Ақмоладан 32 қазақ Моңғолияға қайта көшіп кетті. Бұған бас ауыртқан басшы бар ма?» делінген газеттің бірінші планына берілген «Елім деп келіп, еңіреп кетіп барады» деген тақырыппен жарияланған ақпаратта. Бар-жоғы – осы. Бірақ бірден көзге түсіп, елең еткізеді. Осы «тәсілді» басылым бірнеше рет пайдаланған. 

«Түбі туыс түркілер» – Túrkistan-ның тұрақты айдары. Мұнда төрткүл дүниеге шашыраған түркі халықтары, олардың тарихы, бүгінгі жай-күйі туралы егжей-тегжейлі жазылды. Көрнекті ғалым Рахманқұл Бердібайдың осы айдарда жарияланған материалдары кейін «Байқалдан Балқанға дейін» деген атпен кітап болып шықты. Сөз арасында айта кетейін, сол тұста «Әдебиет және өнер» институтының Рахаң басқаратын «Фольклор» бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып істейтін осы жолдардың авторы аталған мақалалардың денін Бөгенбай көшесінің бойындағы екі қабатты редакцияға апарып, бас редактордың орынбасары Дидахмет Әшімханның қолына тапсырған болатын.

Тоқсаныншы жылдарда көп газеттер ашылып, нарық қыспағына шыдамай жабылып жатты. Дидахмет Әшімханның 1994 жылдың аяғында жазған бір мақаласы  Túrkistan үш айға жуық шықпады. Неге?» деп аталыпты. Бірақ газет жабылған жоқ. Бұл – Қалтай Мұхамеджанның беделінің, ұжымның жанкешті еңбегінің арқасы!

Бірақ өзгерген заман ағымына ілесу үшін жаңа көзқарас керек еді. Сол тұста Қалтай Мұхамеджанның газет тізгінін өз орынбасары Шәмшидин Паттеевке тапсыруы көрегендік болатын. Нарықтық қатынастарды тез меңгерген ілкімді бас редактор басылымды жаңа деңгейге көтерді. Жас журналистерді көптеп тартты. Есенгүл Кәпқызы, Нәзия Жоямергенқызы, Гүлбиғаш Омарова, Гүлзина Бектасова, Кәмшат Тасболатова, Динара Мыңжасарқызы секілді жас журналистер, Шәмшидин Паттеевтің сөзімен айтсақ, «Қазақ баспасөзінің ең мықты жауынгерлеріне» айналды. 

Бас редактор қаржы көздерін тауып, қаражат тарта білді. Соның арқасында газеттің таралымы 20 мыңға дейін көтеріліп, 12 бет болып шыға бастады. «Ырыс», «Тайқазан», «Қоныс», «Жаһан» секілді қосымшалар шыққанда 16 бетке дейін жететін. 

Талантты жазушы, кәсіпқой журналист Жаңабек Шағатай басшылық еткен тұста басылым «Нұр-Медиа» ЖШС-ға тікелей қарайтын. Газет бұрынғы бағытынан айныған жоқ. 

Бұған дейін ел сүйіп оқыған «Халық сөзі» газетінде редакторлық қолтаңбасы танылған Қуат Әуесбай басқарған тұста Túrkistan «Жылдың үздік газеті» атанып, URKER сыйлығын иеленді. Газет «Айқын-Литер» ЖШС-ының құрамына кірді. 

...Қаңтар оқиғасынан кейін көп дүние өзгерді. Көбік сөз, көпірме уәдеге тойған халық биліктен елдің ахуалын жақсартатын нақты іс-шараларды талап ете бастады. Билік те бұқараға бұрылып, еліміз «Әділетті Қазақстан» атты жолға түсті. Оң өзгерістер көріне бастады. Әрине, жаңа заманның бірден орнай қалмайтыны хақ. Батпандап кірген дерттің мысқалдап шығатыны аян. Ең бастысы, нақты әрекет жасалып жатыр. 

Әділетті Қазақстанды құрудың бір жолы – халықтың пікіріне құлақ асу. БАҚ көтерген мәселеге назар аудару. «Хабар» телеарнасының тілшісі Жайна Сламбекке берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі үнемі қадағалап оқитын басылымдардың қатарында Túrkistan да бар екенін айтқан болатын. Президент сөзінің растығына бүгінде біздің көзіміз анық жетіп, оқырман да илана бастады. Мысалы, Túrkistan сырттағы қазақтар туралы жиі жазады. «Омбы қазақтары» ұйымының негізін қалаған Торғын Әшенова мен Красноярскідегі қазақ ұлттық-мәдени автономиясының басшысы Гүлнара Төлешова Túrkistan газетінің тілшісі Әлия Тілеужанқызы жазған мақаладан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Шапағат» медалін иеленді. 

Былтыр басылымда Астана қаласындағы Музыкалық жас көрермендер театрының директоры Асхат Маемировпен «Қайта жарқыраған Гауһартас» атты сұхбат жарияланған болатын. Онда 8 ай ішінде 155 рет көрермен назарына ұсынылған Дулат Исабековтің «Гауһартас» музыкалық драмасы хақында әңгіме өрбіген. Арасында театрдың жай-күйі, актерлердің әлеуметтік жағдайы да сөз болған. Мемлекет басшысы сұхбатты оқып шыққаннан кейін театр ғимаратына жөндеу жасалып, 7 актерге қызметтік пәтер берілді. Бұл театр ғана емес, газет ұжымын да құлшындырып отыр. 

Былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркі дәуірі басталды» деп мәлімдеді. Ауыздан шыққан әрбір сөйлем әжептәуір талқыға түсетін заманда тәжірибелі саясаткер бұндай пікірді жайдан жай айта салмасы мәлім. Бауырлас елдердің арасындағы алыс-беріс, барыс-келіс жыл санап ұлғайып келеді. Биыл Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының тізгінін ұстады. 

Túrkistan – әу бастан түркі халықтарының бірлігін насихаттап келе жатқан басылым. Биыл Әзербайжанның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен газет тілшісі Ділдә Уәлибек Таулы Қарабақта, әйгілі Шуша қаласында болып, бауырлас елдегі соғыстан кейінгі жағдай туралы материалдар сериясын жариялады. 

Бұдан бөлек «Түгел түркі» айдарымен қарақалпақтың атақты жазушысы Оразбай Әбдірахманов, белгілі татар қаламгері Рафис Коргановтармен газет тілшісі Ахмет Өмірзақтың жасаған сұхбаттары оқырмандар тарапынан өте жылы қабылданды. Белсенді авторымыз, ғалым Амантай Шәріптің Сұрхандария бойының бақшылары, Тыва халқы туралы жолжазбалары да әдеби ортаның назарын аударды. Газет әуелде шыққан кезде әр ұлт туралы зерттеу материалдары берілсе, енді нақты адамдар, олардың дәл қазіргі жағдайы туралы дүниелерді ұсына бастадық. Оған, әрине, қазіргі заман беріп отырған мүмкіндіктер себеп болып отыр.

Сырттағы қазақтар тақырыбы – Túrkistan-ның үнемі көтеріп келе жатқан мәселесі. Соңғы кезде жемісті жұмыс істей бастаған «Отандастар қорының» жыл аяғында біздің басылымда жарияланған мақалалардың тізбегінен буклет жасап, үздік материалдар деп ұсынуы – соның айғағы. Айтпақшы, Túrkistan-ның 100 данасы биылдан бастап әлемнің түпкір-түпкіріндегі қазақтарға тегін тарайтын болады. Белгілі кәсіпкер Ғани Смаханұлы демеушілік етіп жаздырған бұл газеттерді жеткізу жағын «Отандастар қоры» мойынға алып, қазір елшіліктермен келіссөз жүргізіп жатыр. 

Túrkistan – Парламент депутаттарының ашық мінберіне айналды. Бас редактордың орынбасары Бейбіт Тоқтарбайдың халық қалаулыларымен жасаған сұхбаттары, Арайлым Жолдасбекқызының әлеуметтік саланың әр қыры туралы жазған мақалалары да көпшілік көңілінен шығып жүр.

Қазір газет ақпаратты жедел жеткізу жағынан сайттарға ілесе алмайды. Сондықтан да ендігі жерде басылымды сараптамалық, интеллектуалдық бағытта дамыту көзделіп отыр. 

...Биылғы алғашқы нөмірімізден бастап «Túrkistan-30» айдарымен мақалалар легін жариялап келеміз. Дүниеден озған әріптестеріміздің рухына тағзым ете отырып, көзі тірі аға-апаларымызды, бұрын газетте істеген барша қызметкерлерді барынша «сөйлетуге» тырысып жатырмыз. 

Алдағы жексенбі күні газетіміздің шыға бастағанына 30 жыл толады. Осы нөмірімізді сол мерейтойға арнауды ұйғардық. Мархабат, оқып шығыңыз. Бұл – Túrkistan-ның ғана емес, еліміздің де осы отыз жылда жүріп өткен жолының жылнамасы. Естеліктер алда да жарияланатын болады. Жинақтап кітап қылып шығару ойымызда бар. 

Túrkistan-ның мерейтойымен барша оқырмандарды құттықтаймын! Дәйім жақсы жаңалықтармен жүздесуге жазғай! 

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ