Оңтүстік аймақтағы теміржол желісінің 40 шақырым жері күрделі жөндеуден өткізіліп, 60-тан астам бағыттың бұрамасы жаңартылған.
Шымкент: теміржол магистральды желісінің қауіпсіздігі күшейтілді
24.kz
1,056
оқылды

Шырайлы Шымкентте теміржол магистральды желісінің қауіпсіздік деңгейі 25 пайызға жақсарды. Тіпті, оңтүстік аймақтағы теміржол желісінің 40 шақырым жері күрделі жөндеуден өткізіліп, 60-тан астам бағыттың бұрамасы жаңартылған. Осыған сеп болған – жұмысшылардың қол жұмысын жеңілдетуі. Яғни, техникалық құрал-жабдықты жаңартып қана қоймай, жол қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы жақсара түскен.

Шымкент магистральды желі бөлімшесі директорының орынбасары Жомарт Мырзабековтің айтуынша, осы салада қызмет етіп жүрген әрбір қызметкер теміржол арқылы жолаушылар мен жүктің кедергісіз тасымалдануы – ел экономикасы үшін  маңызды екенін жақсы түсінеді. Сондықтан ірі қалаларды ғана емес, шалғай елді мекендерде де қолайлы жағдай жасалып жатқанын сөз етті. Осыны қамтамасыз ету мақсатында ел бойынша 132 модульдік нысан салынып, жаңадан 1224 жылыну бекеті ашылды. Шымкентте осы мақсатта 70-тен астам дана шағын механикалық құрал сатып алынып, 170-ке жуығы жөндеуден өткен.

– Бұрын рельсті бекіту ісі білектің күшімен жасалса, қазір автоматты құралдың көмегімен атқарылатын болды. Осының өзі – жұмысты жеңілдете түсті. Шалғай учаскелерде жұмыс істейтіндерге 3 модульдік үй, 35 жылыну бекеті орнатылды. Желілік қызметкерлер жұмыс орнына арнайы техникамен жеткізетін болған, – дейді Жомарт Мырзабеков.

 Қазір бөлімшеде 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың жалақылары да өскен. «Ойға алған, алдыға қойған жоспар өте көп. Тек теміржол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жол қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсарта түспекпіз. Мәселен, былтыр теміржолшылардың жалақысы 20% өскен. Ал өндірістік қызметкерлердің орташа табысы республикалық деңгеймен салыстырғанда едәуір артқанын көрсетіп отыр», – деді магистральді желі бөлімшесі директорының орынбасары.

Сала мамандарының айтуынша, механикалық жабдықтар жаңартылып, заманауи техникалық мүмкіндіктің артуынан теміржол бойында оқыс жағдайлар да азая түскен. Теміржол саласында 10 жылдан бері істеп келе жатқан жол монтері Тәшенбай Әліқұлов байқаған.

– Біз темір-терсекке емес, жолға емес, адам өміріне жауаптымыз. Бұл деген – үлкен міндет. Ауа райы қанша құбылса да теміржолда темірдей тәртіп болуы керек. Сондықтан құрал-жабдықты күтіп ұстаудың маңызы зор. Сонда ғана жол сапасы жақсарып, пойыздың жүру жылдамдығы артады. Сол үшін де екі шұқып бір қараймыз, бәрін тексереміз, – дейді Тәшенбай Әліқұлов.