«AMANAT» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі аймақ­тық кеңестің отырысы өтті.
Балалар қауіпсіздігі – басты назарда
1,095
оқылды

Жиында балабақшалар мен мектептерде инклюзивті оқыту үшін жағдай жасау және мектептердегі балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтылды.  

Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаеваның айтуынша, мектептегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңір бойынша 36 мектеп металл іздегішпен қамтамасыз етіліп, 154 мектепте турникет орнатылыпты. 132 мектеп лицензиялы күзет қызметімен қамтамасыз етілген. Облыстағы 403 мемлекеттік мектепте 9 311 дана бейнебақылау жүйесі жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар террористік тұрғыдан осал объектілер санатындағы 292 жалпы орта білім беру ұйымдары бейнебақылау және дыбысты хабардар ету жүйесімен жарақтандырылған.

Жиында әлеуметтік желіде мектептерге қылмыс жасау әрекеті жөнінде таралған ақпараттарға байланысты сұрақтар қойылды. 

– Құзырлы органдарға бірден хабарлама берілді. Ішкі істер органы зерттеп қарайды. Жедел кеңестер өткізіліп, ортақ шешім шығарылғаннан кейін келісілген түрде ресми хабарлама жасалды. Бұл Білім басқармасының ресми парақшасында жарияланды. Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Оқу-ағарту министрлігінің басты назарында. Қазір бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1 204 млн теңге қарас­тырылды, – деді ол.

Дина Жаманбаева қолда­ныстағы заңнамада қашықтықтан оқытуға көшірудің тәртіптері бар екенін айтты. Сондықтан мектептер қалыпты жұмыс жасай бермек. Құзырлы органдар қауіпсіздікті күшейткен. 

Білім басқармасы басшысының орынбасары күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша да ақпарат берді. Қазір облыста білім алуға ерекше қажеттіліктері бар 8091 бала тәрбиеленеді. Ерекше балаларға білім беру және тәрбиелеу үшін 3 арнайы балабақша, 4 арнайы мектеп, 94 инклюзивті балабақша, 270 инклюзивті мектеп, 17 кол­ледж, 373 денсаулық сақтау, әлеу­меттік қорғау ұйымдары қамтылған.

Жиында логопед аз сағатпен жұмыс істейтіндіктен балаларды толық қарауға үлгермейтіні жөнін­де және тағы да басқа мәселе­лер айтылды. Комиссия мүшелері ерекше балаларға білім беру мекемелеріне барып, бақылау жүргізеді.

Бердібек ҚАБАЙ