Бүгінде жосықсыз мердігерлер мен сенімсіз серіктестіктер сан соқтыруда.
Сенімнен кеткен серіктес
787
оқылды

Жылда «түгенше» деген тендерді ұтып алған «бәленше» деген мердігерді жауапқа тарттық» деген ақпараттан көз сүрінеді. Құзырлы органдар құрықтап жатырмыз дегенімен олардың азаятын түрі жоқ. Жауапсыз мердігерді бір жазалағаннан кейін ертеңіне қайта тендер жеңімпазы болып жататынына не дерсің? 

Былтыр Т.Рысқұлов ауданындағы қос мектептің күрделі жөндеу жұ­мысын мер­дігер межелі уақыттан ке­шіктіріп, соңы айқай-шуға ұласқанын ел жақсы бі­леді. Тендер жеңімпазы бол­ған «ЕрК Астана» ЖШС-ны  тапсырыс беру­шілер сотқа да берген еді. 

«2022 жылы Құлан мектеп-гимна­зия­сы мен №2 шағын орталықты орта мек­­тебінің ғимаратын күрделі жөн­деу­ден өткізу үшін «ЕрК Астана» ЖШС-мен «Құрылыспен байланысты емес жұ­мысты мемлекеттік сатып алу туралы» шарт жасастық. Мердігер жұмысты жос­парлы уақытынан кешіктіргені үшін об­лыс­тың мамандандырылған ауда­на­ра­лық экономикалық сотына «ЕрК Ас­тана» ЖШС-ны мемлекеттік сатып алу­дың жосықсыз қатысушысы деп тану жә­не серіктестіктен тұрақсыздық айы­бын өндіріп алу туралы талап арыз жол­да­дық. 11 қаңтарда екіжақты бітім­гер­ші­лікке шақырды, одан бас тарттық», – дейді Т.Рысқұлов аудандық Білім бөлі­мі­нің  басшысы Майра Базарова.

Бұдан бұрын да аталған серіктестік бір ауылды округте жол жөндеу жобасын жүр­гізу кезінде осындай жауапсыздық та­нытқан, ол уақытта  тығырықтан шы­ға­тын жол тапқан. Енді «ЕрК Астана» ЖШС Жуалы ауданы Қайрат ауы­лын­дағы Мәдениет үйінің де құрылысын со­зып отыр. Жалпы, 2022 жылдың 13 шіл­десінде құрылысы басталған нысан жос­пар бойынша былтырдың 13 нау­ры­зында пайдалануға берілуі керек еді. 2 200 тұрғыны бар Қайрат ауылында бұған дейін Мәдениет үйі болмағандықтан бұ­қараның құрылыс басталғанда қуа­ны­шын­да шек болмаған.

«Қайрат ауылындағы 149 орындық Мәдениет үйінің құрылыс-монтаждау жұмысын алғашқыда мердігер «ЕрК Астана» ЖШС жүргізіп бастады. Құры­лыс жұмысы былтыр 13 наурызында аяқталуы тиіс еді. 26 желтоқсанда нысан құрылысында кемшіліктер болуы бо­йын­ша №10-700 хабарлама Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік Сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жол­дан­ды. Басқарма биыл 30 қаңтарда нысанда кемшіліктер бойынша тексеріс жүргізіп, айыппұл салу хаттамасымен мердігерді құрылыс жұмысын орындау лицензиясынан айырды. 

Тапсырыс беруші тарапынан ке­лісімшартты мәжбүрлеп аяқтау­ды міндеттеуге байланысты сотқа талап арыз беріліп, келісімшарт бұзылды. Былтыр 6 қарашада Жамбыл облыстық мамандандырылған ауданаралық эко­номика­лық сотына аванс төлемін қайтару бойынша талап арыз берілді. 14 қарашада мердігердің бюджетке аванс­ты қайтаруы туралы №3115-23-00-2/2667 нөмірлі сот ұйғарымы шықты. Қазір Мәдениет үйі нысанының екінші мердігері – Bek stroy 2010 ЖШС, құрылыс жұмысын 2024 жылдың наурыз айында аяқтау көзделіп отыр», – дейді Жуалы аудандық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Саурбаев.

Осылайша, жауапсыз мердігердің кесірінен жоба жоспардан кешігіп, бірінің бастаған ісін басқасы аяқтауға тура келіп отыр. Сонда былтыр Т.Рыс­құлов ауданындағы мектеп құрылысы­ның сапасыз жүргізілгенін көре тұра, «ЕрК Астана» серіктестігіне шенділер қалай сенім білдірді? Облыста құрылыс жүргізетін басқа мердігер жоқ па? Осы жағы құзырлы органдар тарапынан жіті тексерісті қажет етеді. 

Облыс әкімдігіндегі мемлекеттік Сәулет-құрылыс бақылау бас­қар­масының басшысы Қайрат Бисем­баевтың айтуынша, былтыр «ЕрК Ас­тана» ЖШС-нан бөлек, «ЖолЭнерго­Құрылыс» ЖШС да лицензиясынан айырылған. Бұл мердігер Талас ауданы Қаратау қаласындағы №3 шағын­ауданында орналасқан №6 жатақхана­ның сыртқы инженерлік-коммуни­кациялық жүйелерін қайта жаңғырту жұмысын алып, құрылысты  сапасыз орындаған. Нәтижесінде,  мердігер лицензиясынан айырылып, оған сот шешімімен 1 380 000 теңге көлемінде айыппұл салынған. 

«Сапасыз құрылыс жүргізгендіктен мердігер компанияны сотқа бердік. Осындай жауапсыз серіктестіктің кесірінен нәтижесінде құрылыс жұмысы жоспардан кешікті. Енді нысанды алдағы көктемде бітіріп, пайдалануға береміз деп отырмыз. Қазір құрылыс жұмысы 99 пайызға аяқталды. Жобаны өз міндетіне алған Мердігер сапасыз жасаған тұсын қайта ретке келтіріп жатыр. Жалпы, тұрғын үйге 323 миллион теңге бөлінді. Ал сыртқы инженерлік инфрақұрылымға 45 миллион теңге қарастырылған. Бүгінде қаражаттың 90 пайызы берілді. Сыртқы инженерлік желілері бітпей, біз пәтерлердің суын, электр қуаты, газ желілерін тексере алмай отырмыз», – дейді аудан әкімдігі Құрылыс бөлімінің басшысы Дамир Жаманбаев.

Қалай дегенде де, сенімге селкеу түсірген серіктестіктерге қайта тендерге қатысуға мүмкіндік берген дұрыс емес. Ал бір емес бірнеше нысандағы құры­лысты жауапсыз жүргізген мердігерлерді мемлекеттік сатып алу конкурсына мүлде жолатпаған жөн. Себебі онда халықтың ортақ қазынасынан қаралған қаржы мен адамдардың тағдыры жатыр. Осыны биік мінбердегі шенділер жіті түсініп, жауапсыз мердігердерді қорға­ғанша, қатаң жазасын берсе дейміз. Сонда ғана тәртіп орнайды. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы