Жетісу облысы орталығындағы өзекті проблемалардың бірі – қаладағы базарлар жұмысының көңілден шықпайтыны. Соның салдарынан шаһардың орталық көшелерін жайлап алған жабайы сауданың шектен шыққанына жиі куә боламыз.
Базар қашан қалаға қайтарылады?
911
оқылды

Жаңадан тағайындалған қала әкімнің барлығы бірден осы мәселеге назар аударып, сенбі-жексенбіні айтпағанда, былайғы күндері де тазалықсыз сауданы жөнге салмақ болғандарымен, шамалары келмей-ақ қойды. Бұл мәселе 2001 жылы Алматы облысының орталығы Талды­қорғанға қайта оралғанда күрделі күйде еді. Кезінде Алматы қаласын басқарып тұрғанында «Базарком» деген атқа ие болған Шалбай Құлмахановтың өзі облысты басқарған жылдары Талдықорған­дағы базарлар жұмысын тәртіпке сала алмады. Базарды қаланың сыртына көшір­мек ниетпен, күзде өтетін ауылшаруа­шылығы өнімдерінің сенбілік жәрмеңкесін облыс орталығының шетіндегі «АКЛ» атты ашық-жабық сауда қатарлары орналасқан жерге ауыстырып еді. Онысы халық ара­сында наразылық тудырып, «Әкімдіктің концлагері» деген жанама атауға ие болып, бірер айдан соң жұмысын тоқтатқан. 

Облыс орталығындағы Орталық базар маңындағы көшелерді «Шанхайға» айнал­дырып жіберген саудагерлер проблемасы содан бері әлі күйіп тұр. Түн жамылып, дүң­гіршектерді де бұзды, сөрелерді қира­тып тастады, полициямен аралап, айып­пұлдар да салды. Алайда осы көше сауда­сымен бала-шағасын асырап отырғандар айылдарын да жиған жоқ. «Көшеге шығамыз, жолды жабамыз» деп шулап, әкімдікке барып, айғайлап жүріп биліктің екпінін басады әйтеуір. 

Қала тізгінін ұстағанына жарты жыл­дан енді асқан Ернат Бәзілдің де алғашқы қарқыны қатты еді. Қазір үні шығың­қырамай қалды. Көшелерді өзі аралап, саудагерлермен жолығып, барлығына бала-шағасын асырайтын жұмыс тауып бе­руге, сауданы жалғастырғысы келген­дерге жайлы әрі жылы орын қарастыруға уәде еткенімен, көшелердегі жабайы сауда қатары селдіреген жоқ, былайғы күндердің өзінде екі адам қатар жүре алмайтындай жағдайда. Адамдар не алып, не ішіп-жеп отырғандарын білмейді. Бағада да бақылау жоқ, ашық-шашық саудаланып жатқан азық-түлік өнімдерінің қайдан шыққанын, қашан әкелінгенін, сақтау мерзімін, экологиялық қауіпсіздігін білу мүмкін емес. Бақылауы бар көк базардың жабық павильонына жеткенше жаныңды қоймай­тын сатармандардан қалай сауда жаса­ғаның­ды білмей, үйге қайтасың. Ал күн­делікті орындарына тиісті ақысын төлеп, тауарларын қажетті тексерістерден өткізіп, талапқа сай сауда жасап тұрған заңды базардың ішіндегілердің саудасы жүрмей қалады. Сондықтан олардың да жанай­қайын түсінуге тырысқан жөн. 

Жалпы, талдықорғандық тұрғын­дардың халыққа да, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне де қолайлы болатын базар қажет деген талабын тыңдап, орындауға тырысқан облыс әкімнің бірі әрі бірегейі – Серік Үмбетов. 2008 жылы Серік Әбікенұлының тапсырмасымен қазынадан қыруар қаржы бөлініп, қала­ның шағынаудандары шоғырланған аумағынан коммуналдық базар ашылды. Атауы айтып тұрғандай, мемлекет ақшасы­на тұрғызылған базардың басты мақсаты – жетісулық шаруалардың өз қолымен өсір­ген, өндірген азық-түлік өнімдерін қалалықтарға емін-еркін саудалауына мүмкіндік беру. Алғашында солай болғаны да рас. Жаздың ыстығынан, қыстың суы­ғы­нан қорғайтын, барлық керек-жарағы орнатылған, астындағы жертөлесінде тез бұзылатын азық-түліктерді сақтайтын сал­қын­датқыш, мұздатқыш жабдықтарға дейін қойылған заманауи жабық пави­льоны мен жәрмеңкелер өткізуге қолайлы етіп орналастырылған шатырлы сауда қатарлары сап тізген ашық алаңқайы бар әмбебап базар халыққа көп қызмет етпеді. Араға азғана уақыт салып барып, мемле­кеттен қарастырылған қомақты қаржыға күрделі жөндеуден өтті де, сонан кейін меншікке беріліп кетті. Қазір жабық павильонында «Смолл» сауда желісіне қарасты үлкен дүкен болса, ашық сауда алаңында тек сенбіде жәрмеңке өтеді. Коммуналдық базар жекеге өтіп кеткелі оны қалаға қайтару, халыққа қызмет ететін қылуға қатысты жиі-жиі мәселе көтеріл­генімен, әлі күнге шешілген жоқ және ба­зар­дың қалайша жекеге кеткені, мемле­кеттің ақшасы қайтқан-қайтпағаны тура­лы егжей-тегжейлі жауап та қайтарылған жоқ. Ал қалалықтар болса, керек-жарағын, азық-түлігін көшелердегі жабайы жайма базарлардан түгендеп жүр. 

Өткен аптада облыс орталығында азаматтық белсенділер, сауда үйлерінің иелері мен сауда-саттықпен бала-шағасын асырап отырғандар журналистердің басын қосып, баспасөз мәслихатын өткізді. Олар жергілікті билік пен құқық қорғау орган­дарына бірнеше талабы бар екенін жария­лады. 

Кәсіпкерлер атынан сөз алған «Әлди­бек» сауда үйінің қожайыны Санжар Ержұманов қала әкімі отставкаға кетуі қа­жет деп есептейтіндерін мәлімдеді. Был­тыр жазда бизнесті тексеруге мораторий күшінде екеніне қарамастан «Әлдибек» сауда үйінің қызметіне тексеру жүргіз­дірткен жаңа әкімнің ісіне наразылығын білдірген кәсіпкер сауда үйі орналасқан жер мен оның айналасындағы аумақ баяғыдан өзінің жекеменшігі екенін, соған қарамастан қалаға әкім болғандардың бар­лығы осы жерге көз алартып, сотта­сатынын, осымен он төртінші сотта жеңіс­ке жеткенін ашына баяндады. Сонан соң қала әкімі жүргізушісінің жалған мемле­кеттік нөмірмен ұсталғанына байланысты әкімнің неге жазаға тартылмағанына түсінбейтінін ортаға салды. Бұрын орындалып кеткен жұмыс үшін қалалық бюджеттен қосымша тағы 160 млн теңгенің қарастырылғанына қатысты прокуратура анықтаған жемқорлық деректің де мұқият тексерілуі қажетінн еске салды. 

Осы жағдайға қатысты облыстық прокуратура таратқан мәліметте: «Жетісу облысында прокурорлар 160 млн теңге бюджет қаражатын негізсіз жұмсаудың жолын кесті. Талдықорған қаласының әкімдігі аулаларды абаттандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға басқа нысандардың құрылысы кезінде жеке құрылысшылармен орындалып кеткен инженерлік желілер (жылу және кәріз желілері) тарту бойыншы шығындарды қосып жібергені анықталды. Қадағалау актісі бойынша аталған жұмыс пен со­маны алып тастау арқылы жобалық құ­жаттарға түзетулер енгізу жөнінде шаралар қабыл­данды» деп жазылған. Соған қара­ған­да, былтыр қара күзде қолға алынып, қар жауғанда қазылып, ақыры аяқсыз қал­ған, қазір ойран-ботқасы шығып жат­қан аулаларды абаттандырудың ақшасына қа­тысты былық-шылық көп сияқты. 

– Қалаға жаңа әкім келсе болды, басқа шаруалары жоқтай, сауда саласында жүр­ген­дерді сансыратады. Бізбен алысқанша, адыра қалған аялдамаларды, қурап кеткен жасыл желекті, аңғал-саңғал аулаларды неге жөндемейді. Сау­даны еріккен адам істемейді. Бар­лығымыз бала-ша­ға­мызды асыраудың, қа­тарларынан қал­дыр­маудың амалымен тентіреп жүрміз. Әкімдікке ба­рып, көмек сұрамаймыз. Өз қо­тырымызды өзіміз қа­симыз. Бірнеше әкім қо­лай­лы, бағасы қалта көтеретін ба­зар салып береміз, жағдай­ларың­ды жасаймыз деді. Біреуі уәдесін орындаған жоқ. Бардың өзін ұқсатпай отырып, өз күнін өздері көріп отырғандарды әурелейді, – деген кәсіпкер Мария Афанасьеваны қолдаған Ауған со­ғы­сының мүгедегі Мырзағали Даулетияров та оның сөзіне қосылып, әкімдер шамасы жететіндерді ғана мазалап, әуреге салған­ша саудагерлерге де, тұрғындарға да тиімді болатын базар ашып берсін дейді. 

Қашанда ашығын айтып, елдің жоғын түгендеп жүретін азаматтық белсенді Нұрлан Айшымбаев қаладағы базарларға қатысты мәселені шешудің бірден-бір жолы коммуналдық базарды қаланың қарауына қайтару деп есептейді. 

«Коммуналдық базар кезінде қара­пайым қалалықтардың қажетін өтеу үшін бюджеттің ақшасына салынған. Алайда халық үшін тұрғызылған нысан жекемен­шікке өтіп кетті. Базар тек сенбі күні ғана жұмыс істейді және сол күні түсетін қаржы жеке қалтаға кетеді. Жетісулық фермерлер өздері өсірген, өндірген өнімдерді қайда барып саудалауды білмейді. Сондықтан мал бағып, бақша өсіруге бұрынғыдай құл­шынбайды», – дейді Нұрлан Айшым­баев. 

Жетісу облысы Мемлекеттік кірістер де­пар­таментінің мәліметінше, Коммунал­дық базар 2022 жылы қала бюджетіне 3 473 027 теңге, 2023 жылы 4 626 759 теңге салық төлепті. Бірақ қаладағы мемлекет мүлкіне, сауда саласына жауапты мекемелердің ешқайсысы бюджеттің қаражатына са­лын­­ған нарықтық нысанның қала эко­номи­касына неге пайда әкелмей отыр­ғанын, қалалықтарды жұмыспен қам­туға неге үлес қоспайтынын түсіндіре алмады. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы