Ауруханаға жатқызылған екі ересек пациенттің біреуі өте ауыр жағдайда жатыр.
Қарағанды облысындағы жарылыс: дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайына қатысты мәлімдеме жасады
801
оқылды

Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы Ботақара кентінде газ жарылысы салдарынан үйіндінің астында қалып, зардап шеккендердің қазіргі жағдайы туралы айтты,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ресми мәліметке сәйкес, тұрғын үйде жалпы 46 адам тұрған. Ал жарылыс кезінде онда 35 адам болды. 

Апаттық-құтқару жұмыстары кезінде үйінді астынан 2 адамның мәйіті және жарақат алған 5 адам, оның ішінде 3 бала шығарылды. 

«Аймақтың медициналық мекемелеріне бес зардап шеккендер, оның ішінде үш бала жеткізілді. Екі бала амбулаториялық емделуге жіберілді, бір бала облыстық балалар клиникалық ауруханасына қанағаттанарлық жағдайда жеткізілді. Екі ересек пациенттің біреуі өте ауыр жағдайда (80% күйік шалған), екіншісінің жағдайы қанағаттанарлық. Пациенттерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр»,  деп мәлімдеді Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасы.

Сонымен қатар психолог мамандардың көмегін қажет еткен 25 тұрғынға шұғыл психологиялық көмек көрсетілді. 

Бұған дейін Бұқар Жырау ауданының Ботақара кентінде екі қабатты тұрғын үйде газ баллоны жарылып, тұрғындар үйінді астында қалғаны туралы хабарлаған едік.

Құтқару жұмыстарына 139 адам және 32 техника жұмылдырылды. Қазір апаттық-құтқару жұмыстары аяқталды.

Оқиға орнында жедел штаб ашылды. Қарағанды облысының ТЖД-да (8-7212) 51-72-23 нөмірі бойынша жедел желі телефоны ашылды.