Сыр өңірінде мұз құрсауынан босап, сең жүру қаупі басым аймақтар қатаң бақылауда тұр.
Сыр өңірінде 29 аймақты су басуы ықтимал
2,928
оқылды

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мамандармен бірлесіп су деңгейін тіқұшақпен бақылап, дайындық жұмысымен пысықтап отыр.

Мамандардың айтуынша, қазір облысқа қарасты Шиелі ауданы, Қарғалы елді мекенінен 7 шақырым төмен "Таштоп" учаскесіне дейінгі Сырдария өзенінің иіндерінде мұз ұстасып тұр.  "Төменарық" су бекетінде күр (шуга) жүруде. 

Бақылау жұмысының нәтижесінде, облыс аумағында 29 ықтимал су  басу аймағы анықталып отыр. Соған орай қауіпті аймақтарға қала және аудан әкімдіктері тарапынан 364 арнайы техника  және 1 102 жұмысшы күші бар 116 жауапты мекеме бекітілді. Сондай-ақ, «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамымен жасалған келісімшартқа сәйкес 1 тікұшақ дайындалған. 

 

Жалпы, биылға мұз жаруға және қап алуға облыс бюджетінен 14,8 млн теңге бөлінген. Қала және аудан әкімдіктерінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, су тасқынына қарсы пайдаланылатын материалдық-техникалық қорда 117,9 тонна жанар-жағармай және 139 902 дана қап сақтаулы. 

Бұған қоса, 17 710 бау қамыс, 5 865 дана пашын және 2 381 дана қарабура мен басқа да қажетті материалдар қоры жасақталған. Қажет болған жағдайда тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру үшін 59 жинақтау және 69 қабылдау эвакуациялық пункті әзірленген.

Өз кезегінде аймақ басшысы өзендегі жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, тиісті дайындық жұмысын уақытылы қолға алуды тапсырып отыр. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы