«AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын оқыту бағдарламасы жалғасуда.
«AMANAT»-та мәслихат депутаттарын оқытудың ауқымды бағдарламасы жалғасуда
1,137
оқылды

«AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын оқыту бағдарламасы жалғасуда. Атап айтқанда, Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары «Мәслихат депутаттарының қызметін саяси SMM арқылы ілгерілету» семинар-тренингін аяқтады. Іс-шара барлық деңгейдегі мәслихаттардың 2 600-ден астам депутаты үшін партияда көзделген халық қалаулылары корпусын жаңарту стратегиясының ажырамас бөлігі саналады.

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов атап өткендей, ақпараттық кеңістіктегі жүйелі жұмыс  – депутаттар үшін азаматтармен кері байланысты жақсартудың тиімді тәсілдерінің бірі.

«Сайлаушыларымыздың мүддесін қорғау кезінде атқарылған жұмыстың нәтижесі туралы жұртшылықты хабардар етіп қана қоймай, халық қалаулылары қызметінің ашықтығын көрсету де маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, еліміз ашық диалог арқылы дамиды. Осы мақсатта партия жаңа саяси мәдениетті, оның ішінде депутаттар мен сайлаушылардың қарым-қатынас механизмін ілгерілетуге көмектеседі», – деді ол.

Оқыту жұмысын «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ұйымдастырды. Тренер ретінде  TuraNews  порталының бас редакторы Алмас Тоқабаев,  Kozildirik Media Group  PR-агенттігінің басшысы Ерлан Мүсіпов,  Basnews.kz порталының бас редакторы Рамазан Дәулетбаев секілді масс-медиа саласындағы танымал сарапшылар дәріс өткізді. Осыған ұқсас семинар-тренингтер биыл қаңтар-сәуір айлары аралығында еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылады.

«Семинарда көп пайдалы ақпарат алдық. Партия ұйымдастырған бұл оқыту жұмысы аса қажет әрі маңызды шара екенін атап өткім келеді. Мұның бәрі бізге – депутаттарға өте пайдалы. Қызмет барысында әлеуметтік желілерді қолданып, халыққа барынша жақындай түсеміз.  Билік пен халық арасындағы көпір боламыз», – деді Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Мұратәлі Қалмұратов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазір мәслихат депутаттарына партиялық вертикальға толық қосылуға, әдіснамалық және ұйымдастырушылық қолдауды пайдалануға мүмкіндік беру маңызды. Оқытуға қатысушылардың айтуынша, ақпараттық кеңістікте сайлаушылардың мүддесін білдірудің тиімділігін арттыру жұмысы әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыру ісіне оң әсер етуі мүмкін.

Еске сала кетейік, былтыр маусым айының соңында «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумы өтті. Оның жұмысына 3 мыңға жуық адам қатысты. Оның 2,5 мыңы – жергілікті өкілді органдардағы «AMANAT» партиясының депутаттары немесе еліміздегі барлық мәслихат депутаттарының 77%-ы. Форум аясында делегаттар үшін панельдік оқыту сессиялары ұйымдастырылды. Спикерлер Үкімет мүшелері – министрлер мен вице-министрлер, ал модераторлар – Мәжіліс депутаттары болды. Сол кезде партиялықтар жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасының балама нұсқасын әзірлеу туралы бастама көтерді.