«AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады.
Қазақстанда 1 800 000 адам ең төменгі жалақы алады
586
оқылды

«AMANAT» партиясы фракциясының депутаттық сауалы мектептердің, ауруханалардың еден жуушы, плотник, сантехник, көше тазалаушы секілді қарапайым еңбек адамдарының еңбекақысын арттыру және әлеуметтік кепілдемелерін қарастыру туралы болды.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деген сөзінен еңбек адамының заңды құқықтарын қорғау, әлеуметтік тұрғыда қолдау, әлеуметтік әділеттілікті қалыптастыру арқылы қарапайым еңбек адамының өмір сапасын жақсарту туралы міндеттер артылуда. 

Бүгінгі таңда, тек орта білім саласында 200 мыңнан астам осы санаттағы жұмысшылардың айлық жалақысы 85 мыңнан төмен, ең төмеңгі жалақы алатын азаматтар саны  елімізде 1 млн 800 мың адам. Бүгінгі күні қыстың бораны мен аязы, жаздың аптап ыстығына қарамастан, көше тазалайтын жұмысшыларымыздың, даңғарадай мектептердің қолайлылығы мен тазалығына жауапты жұмысшылардың жұмысының ауырлығына қарамастан, жалақысы әлі төмен.

Халқымызда «Еңбек адамы – елдің құты» деген дана сөз бар. Ендеше, айлық жалақы төлеудегі осы дисбалансты реттеу кезек күттірмейтін мәселе. 

Үкімет, қарапайым еңбек адамдары санатындағы жұмысшыларға лайықты және әділ жалақыны, толық әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету және қоғамдағы еңбек адамына құрметті тәрбиелеу бағдарламасын енгізуі шарт.

Келесі ұсыныстарды енгіземіз: 

– Инфляцияға сәйкес базалық жалақыны ұлғайту;

– Осы санаттағы жұмысшыларды әлеуметтік қолдау және ынталандыру бағдарламаларын әзірлеу және енгізу;

– Сапалы инвентарь және жеке қорғаныс құралдарына қолжетімділікті қоса алғанда, тиісті еңбек жағдайларын қамтамасыз ету;

– Жұмыс уақытынан тыс немесе демалыс күндеріндегі қосымша жұмысқа байланысты өтемақыларды қоса алғанда, еңбек жағдайларында сағаттық жұмыс күнін енгізуді қарастыру;

– Еңбек демалысына төленетін төлем мөлшеріне сауықтыру жәрдемақысын қосу мүмкіндігін қарастыру;

– Жылына 1 рет санаторийлерге емделуге бару мүмкіндігін қарастыру.