Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның 2023 жылғы операциялық және қаржылық қызметінің қорытындысы туралы есеп берілді.
Берілген мәліметтерге сәйкес, былтыр «ҚазМұнайГаз» 2022 жылмен салыстырғанда негізгі өндірістік көрсеткіштер бойынша өсімге қол жеткізген.
Президентке Қазақстан мұнайының экспорттық бағыттарын дамыту ісі жөнінде баяндалды. Атап айтқанда, Германияға және Әзербайжан бағытына «Баку – Тбилиси – Джейхан» мұнай құбыры арқылы шикізат жеткізіле бастады. Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктеріндегі серіктестермен бірлесіп, танкер флотын кеңейту жұмыстары жүргізілді.
Мемлекет басшысына тауарлық газ өндірісін арттыру және ішкі нарыққа мұнай өнімдерін үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ инвестиция тарту, мұнай-газ химиясы жобаларын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы жайында мәлімет берілді.
Сонымен қатар Мағзұм Мырзағалиев Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» теңіз жобасы мен ұлттық компанияның геологиялық барлау бағдарламасының қалай жүріп жатқанын жеткізді.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа «ҚазМұнайГаз» компаниясының кәсіпорындары орналасқан өңірлерде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалар туралы айтылды. Мәселен, Президентке «Астрахан – Маңғышлақ» магистральды су құбырын қайта жаңғырту жобасының аяқталғаны (I кезең) және Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының қажеттілігі үшін жаңа су тұщыту зауытының құрылысы басталғаны жөнінде баяндалды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, көмірсутегі экспортының бағыттарындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Президент ұлттық компанияның мұнай-газ химиясын дамытуға бағытталған жұмысына ерекше мән беру қажет екенін айтты.