«AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасы аясында Ақтөбеде жеті ірі жоба іске қосылды. Жол картасы бойынша 2027 жылға дейін осын­дай 56 нысанды іске қосу жоспарланып отыр.
Ақтөбеде жеті ірі жоба іске қосылды
1,080
оқылды

Өңірде іске қосылған бірегей жобалардың бірі – қазақстандық мұнай жабдықтары зауыты. Был­тырғы жылдың басында өндіріс орнында жаңа цех іске қосылған болатын. Зауытта мұнай кен орын­дарына қажетті құбырлар, бұрғылау мен фонтанды арматуралар шығарып, еліміздің мұнай компания­ларын отандық өніммен қамтамасыз етіп отыр. Инвес­тициялық жоба құны 7 миллион долларды құрады. Кәсіпорында екі жүзге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.  

«Зауытқа 2019 жылы келдім. Биылдан бастап токарь болып жұмыс істеймін және шебердің міндетін атқарамын. 2018 жылы іске қосылған үшінші цехта 9 адам еңбек етеміз. Мұндағы станок­тың көбі адам көмегімен жұмыс істейді. Бір станок материалды жонып берсе, екіншісі теседі, үшіншісі резьба істейді. Солай жүйелі түрде жұмыс істейміз. Ал былтыр іске қосылған 4-цехтағы ста­нок­тың көбі компьютермен жабдықталған. Бағ­дарлама құрыл­ғаннан кейін құрылғылар автоматты түрде өзі жонады», – дейді цех шебері Азамат Шәмшиев. 

Сондай-ақ Жол картасы аясында өңірімізде бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде Заречный елді мекенінде емхана ғимараты жаңартылып, екі қалалық мектепке жап­сар­лас құрылыс жұмыстары жүргізілді. Ұн ком­бинаты мен сүт өнімдерін шығаратын зауыт жаң­ғыр­тудан өтті. Биыл облыс орталығында бес жаңа мектептің құрылысы басталады. Инвестиция тарту арқылы қалада тамақ қалдықтарын қайта өңдеу зауытын салу жоспарда бар.