Қазақстанда жайылым жерлер жөнінен тапшылық жоқ: ол еліміздің 184 миллион гектар аумағын алып жатыр. Яғни, барлық ауыл шаруашылығы жерінің 84%-ын құрайды.
Жайылым бар, жайланғаны санаулы
1,355
оқылды

Жайылымдарының көптігі бойынша біздің еліміз дүниежүзінде бесінші орында. Қалауын тапса, республикамыз етпен бүкіл әлемді асырап, мал шаруашылығы өнімдерінің ірі өндірушісі мен экспорттаушысына айнала алады. Онда неге мал өсіруші ауылдықтар мен шаруашылықтарға жайылым жер қат?  

Жайылымның «тарылуына» не себеп?

Сарапшылар мұның бірнеше себебін анықтады. Біріншіден, көп жер үлкен телімдерге бөлініп, жеке қолдарға өтіп кеткен. Латифундистер еншіледі. Оның үлкен бөлігі пайдаланылмай жатыр. Алайда мал жаюға рұқсат етілмейді. Олар «Жер аманаты» комиссиясының қолдауымен мемлекет меншігіне біртіндеп қайтарылуда.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында заңсыз үлестірілген және пайдаланылмай бос жатқан 10 млн гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырма берген болатын. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасында пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бекітілген.

Үкімет бұл тапсырманы 2022-2023 жылдары толық орындағанын жариялады: 10 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Оның 2,8 миллионы жергілікті фермерлерге, өңірлердің тұрғындарына берілді. Ал осыған дейін пайдаланылмаған 3,4 миллион гектар жерді оның иелерінің өзі игеруге кірісті.

Жұмыс жалғасады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің есебінше, тұтастай алғанда, жайылым жерлердің 20 миллион гектарға жуығы мемлекетке қайтарылуға тиіс.

Екіншіден, қуаңшылық процестері күшейді, салдарынан күні кеше шүйгін шөбі белуардан өсіп, жайқалған жайылымдар бүгінде тақырға айналған. ХХІ ғасырдың басында Қазақстанда 170 миллион гектарға жуық жер шөл және шөлейт саналды. Содан бері ауқымы тек артты.

Үшіншіден, елімізде шалғайдағы мал шаруашылығын қалпына келтіру керек. Әйтпесе, малдың көбі елді мекендердің айналасында жайылады да, бар шөпті тықырлап жеп қояды. Сонымен бірге көп қоң да жия алмайды. 

Қолданыстағы «Жайылымдар туралы» заңда «шалғайдағы жайылымдар – елді мекендерден алыстағы аумақтарда шалғайдағы мал шаруашылығын жүргізу үшін пайдаланылатын жайылымдар» деген анықтама берілген. Оның 15-бабына сәйкес, ауыл-қала шегінде жайылыммен қамтылмаған жеке және заңды тұлғалардың мал басы шалғайдағы жайылымдарға ауыс­тырылуға тиіс. 

Бірақ ауыстырылмайды. Себебі әкімдіктердің көбінде осы үшін қажетті жайы­лымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар жоқ. Мұның сыртында шалғайдағы жайылымдар ауызсумен қамтылмаған, құдығы қазылмаған. Ондай жерге ешкімді күштеп көшіре алмайды.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Мұхит Дүйсеғалиев кеңес кезінде республикада шалғайдағы мал шаруа­шылығы жақсы дамығанын еске салады. Демек, тәжірибе бар. Сонда негізінен, қой отарлары, жылқы үйірлері тұрғын үй және өндірістік орталықтардан алыста орналасқан, әртүрлі маусымда пайдалануға арналған жайлауларға әкетіліп, жылдың басым бөлігінде сонда бағылатын. 

1945-1973 жылдары Қазақстанда жаңа жайлауларды игеру және суландыру бойын­ша үлкен жұмыстар жүргізілді. Қияндағы шопан шаруашылықтарына азық-түлік, керек-жарақ жеткізу үшін тікұшақтар, шағын ұшақтар тұрақты ұшатын. Олардың жанында машиналық-мал шаруашылығы стансалары мен отрядтары жұмыс істеп, жем-шөптің сақтандыру қорларын дайындауға, су шығару ісін механизациялауға, күш-көлікпен қамтуға, құдық қазуға, басқа да істерде көмектесетін. 

Айтқандай, ұқсас тәжірибе қазір АҚШ, Канада және басқа да аумағы үлкен елдерде қолданылады. Бұл процесс мемлекеттен мол шығын шығарып, инвестиция салуды талап етеді. 

Қалай болғанда, шалғайдағы мал шаруа­шылығын дамытпай, жайылым жерлердің жетіспеушілігі проблемасының түйткілі толыққанды тарқатылмайды.

Ізгі бап коррупция қайнары ма?

Ел Үкіметі жайылымға зар болған мал өсірушілердің мәселесін шешу үшін кезінде мал бағатын ауылдықтар мен жергілікті ауыл бизнесмендеріне жайылым учаскесін еш конкурссыз, тікелей, тегін беру тәртібін бекітті. Бұл тетік проблеманы ішінара ғана шешті. Алайда депутаттар бұл тәртіпті жою­ға шешім қабылдады. Мәнісі неде?

Парламент депутаттарының бастамашылығымен «Кейбір заңнамалық актілерге жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы дайындалды. Мәжіліс екі оқылымда құптаған заң биыл күшіне енеді деп күтілуде. Жұмыс то­­бында талқылау қызу жүрді. Сарапшылардан 200-ден астам ұсыныс түсті, оның 72-сі қабылданды.

Жаңа заң жобасында депутаттар Жер кодексінің 36-бабын жоюды ұсынып отыр. Бұл бап жерлерді Қазақстан азаматтары мен заңды тұлғаларына 5 жыл бойы уақытша өтеусiз пайдалануға беруді қарастырады. Осы тегін жер шалғайдағы мал шаруа­шы­лығы (маусымдық жайылымдар) үшін, жергілікті тұрғындардың мал жаюы мен шөп шабуы үшiн, сондай-ақ бақша өcipуі үшiн ұсынылады. 

Депутат Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, Жер кодексінің жер телімдерін конкурссыз ұсынатын 36-бабы әу баста мал шаруашылығымен айналысқысы келетіндерге бастапқы кезеңде қолдау көрсету үшін енгізілген. 

– Бірақ жергілікті биліктегілер осыны пайдаланып, жерді оңды-солды үлестіруге кірісіпті. Мен өзім Павлодар облысында түрлі деңгейде әкім болдым. Сонда білгенім, жер қатынастары бөлімдеріндегілер қандай да бір ауыл шаруашылығы жерлері босай қалса, туыс, таныс, достарына хабарласып, сол жерді алуға тездетіп өтініш жазуды ұсынады екен. Бұл әр өңірде жаппай таралған тәжірибе болып шықты. Заң бойынша бірінші өтінішті кім жазса, жерді де соған конкурссыз беру керек, – деді Нұржан Әшімбетов. 

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, 2021–2022 жылдары 2 миллион гектарға жуық жер конкурссыз таратылып кеткен. Және ұсақтап емес, кесек-кесегімен, 1000-2000 гектардан берілген көрінеді. Бұлайша үлес­тіру әлі де жалғасып жатқаны анық­­­талды. 

Министр орынбасарының айтуынша, оның бәрін заңсыз берген деуге болмайды. Оларда үлкен көлемде мал өсіріп, елді асырап отырған жеке шаруашылықтар, фермерлер, ауыл кәсіпкерлері еңбек етуде. 

«Бұл норма Жер кодексінде бар. Ол сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туғызады, яғни конкурсты айналып өтудің нормасы делінді. Сондықтан бұл норма алдағы уақытта мүлдем алынып тасталады. Өтеусіз берудің 5 жыл мерзімі біткен соң ол жердің бәрі мемлекеттік резервке қайтарылады, ары қарай мерзімі ұзартылмайды. Ал одан кейін конкурссыз мүлдем берілмейтін болады», – деді Ә.Тамабек.

Мәжіліс депутаттары Жер кодексінің 36-бабын жою арқылы «жемқорлық схемаға» тосқауыл қоюға ниетті. Жайылымдарды конкурссыз беру нормасын алып тастады. Әр әкімдік бес жылдық Жайылымдарды басқару және пайдалану жоспарын бекітуі тиіс. Бұдан былай жайылымдармен қамту, яғни конкурстар өткізу және ауылдық округтің мұқтажы үшін жерді резервте қалдыру дәл сол жаңадан қабылданатын жоспарларға сәйкес жүзеге асырылады.

Бұдан не шығатыны әзірге белгісіз. Тек күшіне еніп, оны жүзеге асырылу барысында жаңа заң жергілікті тұрғындардың жер алу үрдісін күрделендіріп, ұзаққа созып, бюрократияландырмаса болғаны. 

Жаңа талаптар тіршілікті түзей ме?

Жайылым туралы заңнамаға енгізілетін жаңа түзетулер басқа да жаңашылдықтарға жол ашады. Мысалы, қолданыстағы заңнама және Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану қағидалары мал өсірушілердің қолындағы төрт түлігінің санын қатаң шектейді. Бұл да мал шаруашылығының дамуына кедергі. 

Оған мемлекет қаптаған мал жердің түгін тұяғымен таптап, тақырлап жеп қоймауы, сол арқылы түпкілікті деградациялануына соқтырмауы үшін барған. Әлгінде айтылған шөлейттену үрдістеріне тоспа құрудың бір амалы еді. Тиісінше, мал шаруашылықтары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланғанда, ауыл шаруашылығы жануарларының жүктеме нормасының 20 пайызынан аспауын қамтамасыз етеді. 

Жаңа заңнамалық түзетулерге сәйкес, жайылымға шаққандағы малдың саны жүктеме нормасы 20 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайтылмақ. Осы арқылы жер пайдаланбау фактілерінің критерийін қатайту көзделген. Жайылымның жалпы алаңына түсетін жүктеме нормасы 50 пайыздан аз болса, ол артық жайылым деп танылып, мемлекетке қайтарылады.

Елді мекендердің айналасындағы ауыл тұрғындары малын жаятын жерлердің мәртебесін нығайту үшін «көпшілік пайдаланатын жайылымдар» деген жаңа ұғым енгізіледі. Бұл нені білдіреді? Осындай мәртебеге ие жерлерді жер пайдаланудың басқа түрлеріне ауыстыруға тыйым салынады. Мысалы, оны әкімдер егін салуға, зауыт-кәсіпорын ашуға, қоқыс полигонын орналастыруға, басқасына бере алмайды. Ауылдардың іргесіне дейін егін егіп тастау деректері кездеседі.

Сонымен қатар жергілікті тұрғындарға жер телімдерін бірінші кезекте беру міндеттеледі. 

Жайылымдарды суландыру, құдық қазу және олардың түбегейлі немесе беткі қабатын жақсарту бойынша шығындарды субсидиялау арқылы фермерлерге мемлекеттік қолдау нормалары қарастырылады. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстанда 30 миллион гектарға жуық жайылым жер жетіспейді. Бұған қоса, шектен тыс пайдалануы салдарынан ауылдар маңындағы жайылым жерлердің 90%-ға жуығы деградацияға ұшырады. Олай болса, Үкімет тарапынан бұл проблеманы шешудің кешенді, бөлек бағдарламасы қажет.

Елдос СЕНБАЙ,

коллаж: Елдар ҚАБА