Марқұмдардың отбасының несиелері мен коммуналдық қарыздарын өтеуді жұмыс беруші өз мойнына алады.
Майқайыңдағы апат: Қаза тапқандардың отбасына қандай көмек беріледі?
1,144
оқылды

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Майқайың кенішінде болған апат салдарынан қаза тапқандардың отбасына қандай көмек берілетінін айтты. Бұл туралы ол өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Асайын Байханов «Майқайыңалтын» АҚ тау-кен аумағындағы опырылған жерде қаза болған құтқарушылардың отбасына барған.

Облыс әкімі марқұмдардың отбасының несиелері мен коммуналдық қарыздарын өтеуді жұмыс беруші өз мойнына алатынын жеткізді. 

«Бердібек Сарқыттың туған-туыстарымен Майқайыңдағы үйінде кездестім, бұған дейін мен мұнда оның жерлеу рәсімінде болғанмын. Менің бүгінгі келуімнің мақсаты – қаза тапқан құтқарушылардың туыстарына оларды ешкім жалғыз қалдырмайтынын жеткізу. Әрине, ешқандай қолдау сөздері мен төлемдер жақындарыңызды қайтармайды. Бірақ, біз аумағында қайғылы жағдай орын алған «Майқайыңалтын» АҚ-нан, мемлекеттен және жұмыс берушіден жан-жақты көмек алу үшін қажеттінің бәрін жасаудамыз», – деп жазды әкім.

Сондай-ақ ол марқұм құтқарушы Олег Тышкевичтің Екібастұзда тұратын қызымен де сөйлескенін айтты. Өңір басшылығы жұмыс беруші мен «Майқайыңалтын» АҚ-ның Яна мен оның ағасы алдындағы барлық міндеттемелерінің орындалуын қадағалайтын болады. Қаза болған жандардың отбасына кәмелетке толмаған балалардың болуы мен олардың жасына байланысты кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабынан 5-10 жыл үшін орташа айлық жалақы мөлшерінде сақтандыру өтемақысы беріледі.

«Майқайыңалтын» АҚ бұған дейін бөлген қаражатын бірнеше есеге арттырады, ал, жұмыс беруші қаза тапқандардың отбасының несиелері мен коммуналдық қарыздарын өтеуді өз мойнына алады.

«Осындай көмектер іздестіру жүргізіліп жатқан екі құтқарушының денелері табылған немесе оларды қайтыс болды деп таныған жағдайда олардың отбасыларына да көрсетіледі. Қаржылай көмектің көлемі туралы ақпарат жұртшылыққа барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін хабарланатын болады», – деп хабарлады А.Байханов.