Дәрігер өт ауруының асқынғанына алаңдаушылық білдірді.
«Бір жарым жастағы баланың өтінде де тас бар» – дәрігер Аида Мұхтарқызы
4,056
оқылды

Интегративті дәрігер әрі нутрициолог Аида Мұхтарқызы қазір ел арасында өт ауруының жиілегені алаңдатып отырғанын айтады. Бұған көп жағдайда тұрғындардың зиянды тағамдарды тұтынып, денсаулығына атүсті қарайтыны себеп болған. 

«Өт ауруына 2017 жылдан бастап ерекше көңіл бөле бастадым. Өйткені бірде қабылдауыма бір жарым жастағы баланы әкелді. Өтінде тас бар екен. Ойлаңызшы, өмірге енді келген нәрестенің өті дұрыс жұмыс істемей тұр. Алты айынан бастап тамақ жей бастады деп есептелік. Сонда бар-жоғы бір жылдың ішінде өтіне тас жиналған. Бұған ең басты себеп – анасының жүктілікке дұрыс дайындалмауы. 

Жалпы, өтте тас пайда болуының негізгі себебі – күнделікті рационымызда дұрыс майлардың болмауы. В, D дәрумендері мен кальций жетіспеушілігі, суды мөлшерінен аз ішу, қимыл-қозғалысты шектеу де өтте тастың жиналуына алып келеді. Өтіміз сау болу үшін салауатты өмір салтын қолға алуымыз керек. 

Кәдімгі стресс те өтте тас жиналуына жол береді. Біз қазір стресске толы қоғамда өмір сүреміз. Адам қатты қобалжып, уайымға салынғанда бұлшықеттері жиырылып қалады да, өт жүрмейді. Әрине, ешкім бұған мән бермейді. Тіпті, әлі күнге дейін өтті ультрадыбыстық зерттеуге түсіруге болатынын білмейтін адамдар да бар. Уақыт өте келе, тас жиналады. Негізі, өттегі тас бір-екі күнде пайда болмайды. Бұл денсаулыққа салғырт қарағанның салдарынан болатын дүние. 

Түрлі аурулардың алдын алу үшін әр адам жылына екі рет толық чекаптан өтуі тиіс. Сондай-ақ, құрсақ қуысын ультрадыбыстық зерттеуден өткізу қажет. Бұл әр адамның денсаулығы үшін өте маңызды екенін ескертемін.  Біздің денсаулығымыз учаскелік дәрігерге немесе басқа адамға керек емес. Егер жауапкершілікті өзіміз алып, күтіммен қарасақ, көп аурудың алдын алуға болады. Өкінішке қарай, бізде көп адам жауапкершілікті дәрігерге ысырып тастайды. 

Статистикаға көз жүгіртсек, 1990 жылдары әйелдер қауымы базарға шыға бастады да, жартылай дайын тағамдар, күнбағыс майы қолданысқа енді. Ал бұған дейін біз тамақты малдың майына пісіретін едік. Күнбағыс майы малдың майын нарықтан ысырған соң, түрлі аурулар, әсіресе, өт жолының дерті көбейді. Өтті емдеудің ең басты қағидалары: күнде таңертең екі стақан жылы су ішу; дұрыс тамақтану; күніне екі литрден аспайтын су ішу; қимыл-қозғалыс, дене жаттығуы», – деді дәрігер.