Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыстық балалар ауруханасында 30 қаңтар күні екі бала қаза болған.
Көкшетауда балалар ауруханасында екі күнде ғана үш бала жантәсілім етті
801
оқылды

Көкшетауда қаңтардың соңғы екі күні ішінде ғана үш бірдей бала өлімі тіркелді.  Олардың бәрі де облыстық көпбейінді балалар ауруханасында жатып жантәсілім еткені анықталды. Қаза болған бір баланың мұсылманша сүндеттелгеннен кейін жарасы мазалап қаза болғаны анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыстық балалар ауруханасында 30 қаңтар күні екі бала қаза болған. Екеуі де бір жастан жаңа асқан кемтар балалар. Бүлдіршіндердің екеуі де түрлі диагноздар бойынша неврологтың «Д» есебінде тұрған. 

Өткен жылы 11 мәрте шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған бірінші қыз бала соның төртеуінде аса ауыр жағдайда анестезиология, жансақтау және интенсивті терапия бөліміне жатқызылған. Соңғы рет стационарда «Сепсис, септицемия, ауыр дәрежедегі екі жақты полисегментті пневмония диагнозымен жатқызылған.

Щучинск қаласының балалар үйінен жеткізілген екінші сәби де өткен жылы алты мәрте шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған болып шықты. Өткен жылдың желтоқсанында қатты жөтел, тыныстың тарылуы және сіңірлердің тартылуы болып ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылған.  Ауыр жағдайда оттегімен тыныс алып жатқан сәби 30 қаңтар күні өткір жүрек жеткіліксіздігі жағдайында биологиялық өлімі тіркелген.

Келесі күні 31 қаңтарда аурухананың хирургіне сүндеттелген Солтүстік Қазақстан облысының Аққұдық ауылынан 10 жастағы бала жеткізілген. Сүндетке отырғызылған бала отадан кейін жарасы ауырғанына шағымданған. Екі күн бұрын балаға амбулаториялық жедел ем жасалып, баланың ұрық терісі анестезиямен кесілген. Балаға амбулаториялық хирург бақылау жасаған. 

– Баланың жағдайы ауыр болған. Медициналық көмек толық көлемде көрсетілген. Ауырсынуды басатын препарат салғанда анафилактикалық шок алуы да мүмкін. Жансақтау бөлімінде баланың өмірін арашалап қалу үшін дәрігерлер барынша күрескен. Бірақ еш нәтиже болмады. 31 қаңтарда кешкі 18.20-да баланың биологиялық өлімі тіркелді, – деп толықтырды Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасынан. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы