«Құқықтық көмек»: зиянды еңбек жағ­дайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы әлеуметтік төлемдер та­лаптары түсіндірілді.
Әлеуметтік осал топқа тегін кеңес
1,115
оқылды

Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру – «AMANAT» партиясының басты жұмыс бағыт­тарының бірі. Осы мақсатта партияның Қы­зылорда облыстық филиалының «Құқықтық көмек» жобасы 2023 жылдың мамыр айынан бері өз қызметін бастап, өңірлерде білікті мамандармен азаматтарға, әлеуметтік осал топтағы жандарға тегін заңгерлік кеңестер беріліп, сотта, қылмысты қудалау органдарында және тағы басқа жағдайда азаматтарға өкілеттік етіп, қорғауға көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде.  

2024 жылға партияның облыстық филиалы «Құқықтық көмек» жобасы аясында әлеуметтік сала, білім беру, денсаулық сақтау, басқа да салалар бойынша кодекс, заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды әр саланың білікті маманда­рының қатысуымен көпшілікке жеткізу, түсін­діруді ұйымдастыруға бағытталған шаралар жоспарын белгілеген болатын.  

Осыған орай, бүгін Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыс бойынша департа­ментімен бірлесіп, облыстағы ірі компаниялардың 20-ға жуық кадр маманы мен өкілінің қа­тысуымен 2023 жылдың 21 желтоқсан айында бірқатар кодекс пен заңдарға енгізілген зиянды еңбек жағдайларында жұмыс жасайтын азаматтар үшін арнайы әлеуметтік төлемдер талаптары бойын­ша бірнеше мемлекеттік органдар мен қамсыз­дандыру салаларының мамандары тара­пынан жан-жақты ақпараттар мен түсіндірмелер жүргізіліп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді.

Жалпы, партияның облыстық филиалында аптасына бір рет, ал аумақтардағы филиалдарда айына 2 мәрте қабылдау өткізіледі. Осылайша, қоғамда құқықтық мәдениетті арттыру жұмысына ден қойылды. Облыс бойынша «Құқықтық көмек» жобасы аясында 2023 жылы барлығы 134 қабылдау өткізіліп, 367 мәселе қаралды. 244 тұрғынға құқықтық кеңес берілсе, 104 тұрғынның құқығын қорғау бойынша сүйемелдеу шаралары жүргізілді.

Берік БЕК