Бірақ ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымызды, тарихи тұлғаларымызды дәріптеп, ұрпақтың санасын жаңғыртып жатқан қазақ анимациясының қоржыны тағы бір жаңа мультфильммен толықпақ. Сақ дәуірінің жауынгері «Алтын адам» туралы түсірілген алғашқы анимациялық фильмнің балаларға берері көп болатынына еш шүбәміз жоқ. Мультипликатор-суретші Тұрдыбек Майданның «Мұзбалақтан» кейінгі түсірілген бұл анимациясы жуырда көрермен назарына жол тартады. Мұның алдында автордың өзімен туынды туралы әңгімемізді оқырманға ұсынбақпыз.
– Алтынмен апталған «Алтын адам» – тарихи құнды жәдігерлеріміздің бірі. Сол «Алтын адам» енді анимациялық фильмге арқау болып отырған секілді. Бұған дейін ешкім «Алтын адамды» түсіру туралы ойға алмаған ба?
– «Алтын адам» – біздің еліміздегі құны жетпес тарихи жәдігер. Біздің мақсатымыз – осы бағалы байлығымызды тек музейде сақтап қоймай, оның құнын жас ұрпаққа түсіндіру, тарихымызды санасына сіңіру болды. «Алтын адам» – бір фильмге ғана емес, бірқатар фильм мен сериал жасауға арқау болатын құнды дүние. Жәдігер музейде алтын сауыт ретінде сақталған, солай тұр. Ал балалардың ойында осындай сауытты қандай адам киген, ол қандай болды деген сұрақ тууы мүмкін. Осы анимациялық фильмді түсірудің негізгі мақсаты да сол – балалардың сұрағына жауап беру. Оны балалардың көзқарасымен және анимациялық тілмен жеткізуге тырыстық.
Анимациялық фильмнің тақырыбын «Алтын адам» деп алу идеясы «Мұзбалақты» жасап жатқан кезде пайда болды. Бүгінге дейін бұл тақырыпта кино не анимация түсіру көптеген режиссердің ойында болды деп ойлаймын. Студенттік шағымда Темірбек Мәмбетов «Алтын адам» туралы фильм түсіруді бастап еді, бірақ ол аяқсыз қалды. Дегенмен қай тақырып болса да, оны әр режиссер өзінше басқа қырынан, әртүрлі тәсілдер арқылы көрсетеді. Бүгінде фильм болсын, анимация болсын дәл осы «Алтын адамды» қолға алып, аталған жобада нақты жұмыс істеген режиссерді әлі көрмедім.
– Анимациялық фильмнің мазмұны қандай болмақ: тарихи оқиғаларға негізделген бе әлде ойдан шығарылған қаһарман ба?
– Қазір фильмнің мазмұнын толық ашып айтпай-ақ қояйын. Жалпы, жаңағы айтқанымдай, алтын сауытты киетін адамның қасиеттері мен сипаттары түсіндіріледі. «Алтын адам» дегенде ойға бірден сырты жылтыраған, не болмаса киімдері алтынмен апталып, күміспен күптелген, бай-қуатты адамның бейнесі келеді. Бірақ анимацияның мазмұны бойынша ішкі жан-дүниесі, рухы алтын адамның қасиеттері баяндалады. Шынында алтын адам солай болуы керек. Фильмдегі бас кейіпкердің аты – Аңқыл, 11-12 жас шамасындағы бала. «Алтын адамға» лайықты кейіпкерге қарап, көрермен балалар да оған ұқсағысы келетінін, сондай қасиетті бойға сіңіруге, патриоттық сезімге баулуды көздедік.
«Алтын адамның» кейіпкерлерін ешқандай тарихи оқиғаға негіздеп алғанымыз жоқ. Дегенмен жалпылама аңыздардың ұшқындары бар. Солай болса да, негізгі кейіпкерді ойдан шығарылды деп айтуға болады. Бұл анимацияның бірнеше нұсқасы жазылды, соңғысы – төртінші нұсқасы. Бірнеше сценариспен бірге отырып жұмыс істедік. Алғашқылары көңілден шықпаған соң, қайта-қайта жазуға тура келді. Соңғы нұсқасының экранға шығуына да аз қалды.
– 2023 жылы бітуі керек еді, бірақ мультфильм әлі экранға жол тартқан жоқ. Не кедергі болып жатыр?
– Негізі, 2023 жылдан да бұрын бітіру керек болған. Ең өкініштісі – фильмнің келісімшартпен істеген уақытының аз болуы. Осы күнге дейін келісімшартпен жұмыс істеген күнімізді санап көрсек, 386 күн ғана екен. Ол дегеніміз – 1 жыл, 20 күн. Бұл уақыт аралығы мультфильм үшін өте қысқа. «Мұзбалақтың» өзін 2 жарым жылда дайындаған едік. Енді бұл жердегі тағы бір айта кететін жайт, көрсетілген мерзімнің ішінде үздіксіз жұмыс істедік деп айта алмаймын. Бұлай деуімнің себебі, 2020 жылы фильм басталғанда 37 күн келісімшартпен жұмыс істеппіз. Сөйтіп, төрт жыл бойы, әр жылы желтоқсанға жетпей жоба тоқтап, тамыз айында қайта басталады. Сонда жылына үш-төрт айдан артық жұмыс істей алмадық. Себебі Ұлттық киноны қолдау орталығындағы қазіргі жұмыстың жүйесіздігі қатты әсер етіп отыр. Ұзақ үзілістен кейін басталатын жұмысқа мамандар да бірден дайын отыра қалмайды. Өйткені олар басқа жобаларға ауысып, тізгінін алып қояды. Ал жұмыс процесі енді қыза бастағанда, жоба тағы да тоқтап қалады. Сол себептен фильм әлі аяқталмай жатыр. Аяқталу мерзіміне таяп қалған жұмыстың әлі де бірнеше айлық жұмысы қалды. Жоғарыда атап өткендердің бәрі – жүйесіздік деп айтар едім. Мұның бәрі фильм аяқталмауының бірден бір себебі. Әрине, ішің удай ашиды мұндайда. Анимация – ұрпаққа арналып жатқан дүние. Жаһандану заманында шетелдің экранына телміріп, өзге елдің дүниесін көріп жүр. Бұл – бізді алаңдатуы керек.
– Осыдан бұрын түсірген «Мұзбалақта» қазақ саятшылық өнері туралы баяндалса, «Алтын адамда» қандай ұлттық болмысымыз дәріптеледі?
– «Мұзбалақ» – бүркіт пен адам арасындағы достықты, қазақтың мінез-құлқы мен жан-дүниесін, қайсарлығы мен адалдығын қызықты оқиғаллар арқылы балаларға жеткізген анимациялық туынды. Осы мультфильмнен кейін балалар Тудағы бүркітті мүлде басқаша түсініп, бүркітке деген махаббаты да артты деп ойлаймын. Оны YouTube арнада жинаған 10 миллионнан аса қаралым мен үш мыңға жуық жазылған пікірлерге қарап айтуға болады. Әлі күнге дейін мектептердегі кездесудегі балалардың қошеметі мен ықыласына қарап та осындай тұжырымға келуге болады. «Алтын адам» анимациясындағы кейіпкер киген алтын сауыт ол «қазақ» болуы керек, яғни Қазақстанның символы болуға тиіс деп ойлаймын. Оны ең құнды жәдігердің бірі деп айттық қой. Алтын сауытты дәріптеп, оны әлемдік деңгейге символымыз ретінде көтеруіміз керек. Мысалы, Эйфель мұнарасын естігенде – Франция, Ұлы қорған десе – Қытай еске түседі. Осы сияқты «Алтын адам» дегенде Қазақстан еске түсетіндей болуы керек.
– Фильмді шығаруда қанша аниматор жұмыс істеді? Бұл толықметражды анимацияның мазмұндық құрылымы басқа фильмдерден несімен ерекшеленеді?
– Жобаны жүзеге асыру кезінде әртүрлі жұмыс атқарылды. Әр кезеңде әртүрлі болды. Мәселен, дайындық кезеңінде көп маман жұмыс істемейді. Ал түсірілім кезінде шамамен 40-45 маман жұмыс істеді. Әр фильм сюжетімен, режиссерлік қойылымымен, түсімен ерекшеленеді. «Алтын адам» мультфильмі тарихи кезеңдерге сай түсірілгендіктен, Сақ дәуіріндегі стильмен ерекшеленеді, ел құрылымынан бастап халықтың жай-күйі, батырлардың атқа үзеңгісіз мінуіне дейін баяндалады. Анимация да жанр болғандықтан мультфильмнің өзінің заңдылықтары бар және сол бойынша түсірілуі керек. Қазақтың қолынан шыққан дүние болғандықтан, ұлттық болмысы да, тарихы да міндетті түрде көрініс табады.
– Сөзіңіздің бірінде «Бекітілген қаржы әлі күнге дейін бөлінбей келеді» деп қаржы тапшылығынан жобаның тоқтап қалғанын айтыпсыз. Жалпы, бізде анимация саласында қаржыландыру мәселесі ақсап тұрған секілді. Неге?
– «Айқайлай-айқайлай қасқырдан да ұят болды» деген бар ғой. Қаржының тоқтап қалуы, жобаның асықпай, жайбасарлықпен жылдың соңында қайтадан басталуына етімізді де үйреніп қалды. Бізде әлі күнге дейін жоба жұмысының кестесі мемлекет тарапынан белгілі бір жүйеге қойылған жоқ. Анимациялық жобаларда бір адам немесе бір команда жұмыс істемейді. Оның артында мемлекеттік деңгейде үлкен қолдау болуы керек. Байқасаңыз, анимацияны қуатты мемлекеттер жасайды. Біз де өзімізді қуатты елміз деп санаған соң, бұған жүйелі түрде қарауымыз керек, бұл – ұрпаққа керек дүние. Бұл туралы тек сұқбаттарда айтылып, газет-журналдың бетіне жазылып қоймау керек, мемлекеттік деңгейде заңдастырылып, жүйелі түрде бір жолға қойылуы керек, сонда ғана ешқандай мәселе болмай, жоғары деңгейде дамиды. Негізі, анимация дамып тұрған сала ғой, көрермен тарапынан да сұранысқа ие. Біз бүкіл идеологияны, тарихты, барлық ұлттық құндылықты осы мультфильм арқылы жеткізетінімізді, айтатынымызды барлығы түсінсе екен деймін.
– Әлемде жылына қаншама анимациялық фильмдер шығып жатыр. Бізде әлі сол: бірен-саран мультфильммен алданып отырмыз. Аниматор мамандар аз ба?
– Көршілес Ресейдің өзі жылына 200-300 сағат мультфильм шығарса, Қытай 3 000 сағат мультфильм шығарады. Қытайлықтар анимацияны көбіне экология, ұлттық тәрбиелі мемлекеттің идеологиясын жүргізу, халқының ұлттық болмысын паш ететін тақырып төңірегінде жасап, оның бәрін ұрпақтарының санасына құйып жатыр. Біздің анимацияда «Мұзбалақ» 2018 жылы шыққан, одан бері екінші толықметражды мультфильм шығарған жоқпыз. Оған жаны ашып жүрген ешкім жоқ, көбі мультфильмді баланың ермегі деп түсінеді. Қазақстанда анимация мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындары, колледждер бар. Бірақ бөлінетін грант саны өте аз, одан шыққан мамандардың қаншасы осы салада жүргенін де білмейміз. Ақылы бөлімде оқып, өздігінен ізденіп жатқандар бар, бірақ еліміздің анимация саласындағы жүйесіздіктің кесірінен олар шетелге кетіп жатыр. Бұдан өзімізде мамандардың тапшылығы байқалады. Балалар үшін жасалатын мультфильмдерге бюджет аз бөлінеді, оның нәтижесі шетелмен салыстырғанда, құмға сіңген тамшыдай.
– Соңғы жылдары жақсы кадрлар шықса, шетелге кетуге асығады. Қазақстанда бұл саланы дамытуға мүмкіндік жоқ па?
– Қазір еліміздегі барлық саланың білікті мамандары шетелге тартылып жатқандары көрініп тұр. Оның себебін іздеу керек бізге. Бүгінгі цифрлы ақпарат заманында интернет арқылы шетелмен бірге жұмыс істеп жатқан қанша қазақ жастары бар. Өз еліміздегі студияларда шетелден тапсырып алып, бөтен елдің жұмысын атқарып жүр. Қараңыз, елде арнайы осы сала үшін грант бөлінеді, ал оқуын тәмамдаған түлектердің көбі шетелдің жұмысын істеуге кіріседі. Мұндайда елдегі анимация тоқырауға түседі. Жүйелі жұмыс кестесі құрылмады әлі. Құруға қабілетті әріптестеріміз болғанымен, оларға мүмкіндік жоқтың қасы.
– Анимация саласында қаржы тапшылығынан бөлек, қандай кемшіліктер бар?
– Анимация саласындағы ең бірінші кемшілік, қаржы тапшылығына келіп тіреледі. Бюджеттің бөлген бір миллиард теңгесін көп көретін халықпыз ғой. Анимациялық фильмдердің шетелдегі құны қандай, бұл өнердің бағасын елімізбен салыстырып отырған адам, ойымша аз. Осындай зерттеулер жүргізіп, мультипликатор адамдармен сөйлесіп, шетелдің тарифтеріне қарап, саналы түрде жүйелі кесте құрып жұмыс істесе жақсы болар еді. Жұмыс істейтіндер бар ғой, бірақ олардың құлқы жоқ. Былайша айтқанда, еңбегінің құны да болмайды. Оларды қазақтың баласы көріп жатыр. Салыстырмалы түрде қазақ анимациясы мен шетелдіктердің жұмыс деңгейі көрініп тұрады. Мысалы, шетелде 150 миллион долларға жасалатын фильмдер мен қазақта бір миллионға жетпейтін фильмдерді халық салыстырып отырады. Шетел анимациясы өздерінің ішіндегі ең мықты мамандарды жұмысқа шақыра алады. Қытайдағы бюджеті ең төмен хронометраж фильм 16 миллион доллар тұрады екен. Қазақстан мен Қытай арасында бір мультфильм жасамақ болғанда осындай айырмашылық шықты. Осы уақытқа дейін Қазақстанда бір миллион долларға бюджеттен анимациялық фильм жасаған жоқ. Ал Ресейде бюджеті ең аз мультфильмдер 3-4 миллион доллар екен. Анимация жасау үшін бәрі бір жүйеде болуы керек. Қазір кино заңы жасалып жатыр. Оның ішінде анимация туралы тармақтар бар ма, ол жерде айтылған пікірлерді білмейміз. Енді туған бала да шетелдің фильмдерін көріп, санасына сіңіріп өсіп келеді. Өкініштісі экранға қарап өсіп жатқан балаға керегін бере алмай жатырмыз. Біз ұлтты, елді тәрбиелейміз десек, осыларды қолға алуымыз керек. Балаға рухани азық та керек қой. Осыны әлі де кешеуілдетіп жатырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ