Тарихтың ақтаңдақ беттерінде бізге беймәлім құпия мол. Әсіресе, қуғын-сүргін, байлардың малын жаппай кәмпіскелеу кезіндегі әлі күнге ақиқаты ашылмаған дүниелер көп.
1928 жылы тәркіленген жазба
2,532
оқылды

Десе де, тарихшылар мен жеке азаматтар да бүгінде құпия құлпына таңылған тарихи деректерді жарық­қа шығаруға ұмтылып-ақ жатыр. Міне, сондай құнды мұраны жуырда Жамбыл облысы Тереңөзек ауылы­ның тұрғыны Асқар Бошайұлы Шер­хан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығына өткізді. Онда 1928-1929 жылдары бай-кулактардың тізіміне ілігіп, тәркі­леу­ге ұшыраған әкесі Бошай Оразалы­ұлы туралы деректер келтірілген. Сондай-ақ сол заманнан сақталған төте жазумен жазылған қойын дәп­тер де есте жоқ ескі заманнан көп сыр шертеді.

Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі Назым Қожамарованың айтуынша, Асқар ақсақал бұған дейін мекеме директоры, тарихшы Сауран Қалиұлына хабарласып, әкесінен қалған мұраны оқып беруді өтінген екен. Өз кезегінде мекеме басшысы журналист, ақын Жұматай Көксубайға хабарласып, төте жазумен жазылған қойын дәптердің құпиясын бірге ашуға ұсыныс білдірген. Осылайша, қос маман ғасыр бұрын жазылған жазбаларда расымен де Бошай есімі кездесетінін, алайды құнды құжатты әрі терең зерттеу қажет деген байламға келген. 

– Асқар Бошайұлы әкесінен қалған мұраның тарихи құндылығын анықтап, толық нұсқасын жарыққа шығару ниетті. Ол әкесінің және атасының бай-кулак ретінде тәркіленгенін дәйектеп, Түркістан облыстық қоғамдық-саяси тарих архивінің құжаттары негізінде жарық көрген архивтік жинақтың көшірмелерін ұсынды. Расында, кітапта құжаттардың сілтемесі көрсетіле отырып, Сырдария округінен тәркіленген байлардың тізімі беріліпті. Соның ішінде Әулиеата өңірінен, оның ішінде Тереңөзек ауылынан тәркіленгендер тізімінде Асқар ақсақалдың атасы мен әкесінің есімі анықталған. Аталған тізімде аты-жөнімен қатар руы, меншігінде болған мал саны, ауылының нөмірі де жазылған. 

Мұндай тізімдерді 2015-2017 жылдары жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулетпен бірге қазақтың тәркіленген ірі байлары туралы деректерді Түркістан облыстық архивінде, Алматының орталық архивінде іздестіргенде жиі кездестірдік. Көбісін көшірмелеп, жинақтап, 2018 жылы Жамбыл облыстық архивінен «Конфискация» деген атпен тың дерекке толы кітапты шығардық. Аталмыш кітапты жарыққа шығармас бұрын Мақұлбек Рысдәулет баспасөз құралдарының көмегімен тізімде көрсетілген байлардың ұрпақтарын іздестіріп, олармен сұхбаттар жүргізді. Солардың ішінде 2016 жылы жасы 100-ге келген меркілік Бектен болыстың немересі, конфискацияның тірі куәгері Уазиха апамен де жүздескен. Ол кісі отбасымен тұтас Оралға қалай жер аударылғанын, тіпті бұл науқанның болатыны туралы Тұрар Рысқұловтан хабар келгені жайын да баяндаған еді. Соның бәрі аталмыш кітапқа енді. Бірақ бұл кітапта тәркіленген­дердің алғашқы легі, яғни науқан бойынша жіктелген байлардың 1-2 категориясына еніп, тәркіленіп, кейін туған жерден аластатылғандардың деректері кірді. Расында, сол кездегі саясат бай болғанынан бұрын, қазақ қоғамын ілгерілетер адуынды ақсақалдарының көзін, билігін жоюды мақсат еткенін құжаттардағы жазбалардан-ақ аңғарылды. Енді міне, ақсақал қарияның бізге өткізген құжаттары тарихтың тағы бір ақтаңдақ беттерін ашып отыр, – дейді Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі Назым Қожамарова.

Тарихи құжаттар айғақтап тұрғандай, тәркілеу науқаны 1933 жылдарға дейін жалғасқан. Бірақ олардың барлығы да жер аударылды деген сөз емес. Малы кәмпес­келенген байлардың саны мыңнан асады. Сондай тізімдердің бірі өткен жылы Сыр­дария округі бойынша дайындалып, көпшілікке қолжетімді болған. Енді міне, Асқар ақсақалдың құнды мұрасы тарихи қазынаны тағы молайтып отыр. Бұл ретте Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының мамандары құнды құжаттағы жазбаны толықтай қазіргі жазбаға аударып, терең зерттеуді мақсат тұтып отыр. 

– Өткен ғасырдың бірінші жартысы қазақ қоғамына оңай тимегені белгілі. Тіпті, қазіргі қоғамда сталиндік қудалаудың ұшқыны тимеген отбасы жоқ десек те болады. Өйткені ол жылдары кезең-кезеңімен зұлматтың түр-түрі болды. Біреулері «қазақты қазақ қырды» дейді. Ол сөздің де жаны бар. Бірақ жаппай «қазақ қазаққа жау болды» деген байлам жасауға болмайды. Ұйымдас­тырылған арыз-шағымдарда өз ауылдас­тарының аты-жөні көрсетілгенімен, архивте жұмыс істеген он жылға жуық уақыттың ішінде өткен тарихтың саясиландырылған құжаттарын абайлап, мұқият және саяси контекстін сылып тастап оқу керектігін ұқтым. Сол үшін де өткен күн тарих еншісінде қалып, зерттеушілер тарихи оқиғаның болу фактісіне ғана тоқталғаны шарт деп білемін. 

 Өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін тақырыбы әлі күнге дейін тың. 2020 жылы Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы­нан кейін тіптен бұл тақырыпта ізденетіндер қатары көбейді. Атасы туралы деректерін өздері тауып, зерттеушілерге қосыла ізденетін ұрпақтарының бары қуантты. Олардың сол кездегі оқиғаға қатысты көзқарастарының өзгергені де көңілді жұбатты. Бұрындары «атамыз бай болған» деп жалаң сөзбен мақтанған аға буын олардың басынан өткерген қасіреті турасында тереңірек біліп, ұрпағына шынайы ақпаратты ұсынғысы келетіні де жаңа заман сұранысы екенін көрсетті. Бұл тақырыпта Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орта­лығына білгенімен бөлісуге, жаңа ақпа­рат алуға облыс жұртшылығы, ауыл ақсақалдары жиі келіп тұрады. Бірі, ауласынан тапқан құнды жәдігерін әкелсе, енді бірі, кезінде көрген-білгенін, елден жеткен құнды кітаптары туралы ақпаратын айтып жатады. Кейбірі сондай кітаптарының көшірмесін, кітабын беріп те кетеді. Ол – өлке тарихын зерттеп жүрген орталық мамандары үшін таптырмас олжа. Асқар ақсақалдың да әкесінен қалған мұрасы біз үшін үлкен қазынаға айналып отыр, – дейді Назым Қожамарова.

Иә, өткеніңді білмей, болашақты болжау мүмкін емес. Сондықтан Асқардай ақсақал­дардың белсенділік танытып, отбасылық мұрасымен бөлісіп жатқаны – қуанарлық әрі көпке үлгі болар іс. Себебі осы құжаттар арқылы біз тарихымызды терең біле түсеміз. Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығына түскен қойын дәптер алдағы уақытта тағы тың деректерді жарыққа шығарады деген сенім мол. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы