Орал қаласы – ежелгі ғимараттарымен көпшілікті қызықтыратын тарихи қала. Бүгінде Батыс Қазақстан облысында жалпы саны 2 143 тарихи және мәдени ескерткіш болса, соның ішінде республикалық маңызы бар 30 ескерткіш, жергілікті маңызы бар 2 111 ескерткіш мемлекеттік тізімге енгізілген.
Ғажайып ғимараттар
1,692
оқылды

Осылардың ішінде ғасырлардан бері  келе жатқан тарихи жәдігерді күтіп ұстау мәселесі – бүгінгі күні өзекті. Себебі кешегі тарихты кейінгі ұрпаққа аман жеткізу де үлкен аманат арқалағанмен бірдей іс. Бүгінде Орал қаласының өзінде республикалық маңызы бар сегіз ғимарат пен жергілікті маңызы бар жүз сегіз сәулет ескерткіші бар. 

Ұлттық тарих пен мәдениеттің құнды жәдігерлері болып есептелетін бұл байлы­ғымызды қалай қорғап жүрміз? Біз осы сұрақты Батыс Қазақстан облыстық тарихи-мәдени мұраларын қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бөлім меңгерушісі Абзал Байбековке қойдық. 

– Қазақстан Республикасының Консти­туция­сының 37-ші бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғауға міндетті. Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңының 5-бабы, 2-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасындағы тарих және мәдениет ескерткiштерi осы заңда көзделген тәртiппен мiндеттi түрде қорғалуға және сақталуға жатады, оларды пайдаланудың, оларға меншік құқығын өзгертудің және оларды мәртебесінен айырудың ерекше құқықтық режиміне ие болады. Бүгінде ерекше қорғауға алынған мемлекет теңгерімінде 37 нысан бар. Қалғаны – жекеменшік. Бірақ олардың да күтіліп, ұсталуына қадағалау жүргіземіз, – дейді Абзал Замирұлы.

Орал қаласының тарихи-сәулет тірек жоспары жасақталған. Бұл – жергілікті жердегі тарихи және мәдени ескерткіштердің аумағы мен орналасқан жерін тіркейтін құжат. 2023 жылы республикалық бюджет есебінен төрт нысанға, соның ішінде Орал қаласындағы 1901 жылғы бұрынғы көпес А.Каревтің үйі, қазіргі Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы мен 1896 жылғы бұрынғы әскери шаруашылық басқармасы, қазіргі Х.Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасы ғимараттарын ғылыми-реставрациялау жұмыстарына 252 млн теңге қаражат қарастырылған. Аталмыш жұмыстар 2024 жылы аяқталады деп күтіліп отыр. Жоғарыда аталып өткен ғимараттар өте көне. Мұндай көне ғимараттар, мемлекет қорғауына алынған тарихи ескерткіштер Оралда өте көп. Мәселен, «Атамандар үйін» алайық. Қазір ол жерде облыстық Полиция департаментінің госпиталі орналасқан. Ғимаратты 1825 жылы әскери сәулетші  М.Дильмединоның Италияның «палаццо» стилінде салынған. Үй 1830 жылдарға дейін атаман Д.Бородинге тиесілі болған. Атаман М.Бородин қайтыс болған соң, оның мұрагерлері әскери қазынаға сатқан. Ғимарат 1917 жылға дейін Орал казак әскери атаман­дарының резиденциясы болды. Осы үйде Ресейдің болашақ императорлары Александр ІІ, Николай ІІ, сонымен қатар А.Пушкин осы үйде тоқтап, Е.Пугачевтің басшылығымен 1773-1775 жылдары болған шаруалар көтерілісі туралы деректер жинаған. Бұл деректерді ол «Ис­тория Пугачева» және «Капитанская доч­ка» шығармаларында пайдаланған. 1930 жылы фасадтағы балкондарды, кіреберістегі колонналарды алып тастаған. Соғыстан кейінгі кезеңде бұл жерде пионерлер мен оқушылар үйі болып, оның жанынан Қазақстандағы бірінші планетарий ашылды. Қазір бұл ғимаратта ІІМ облыстық Ішкі істер департа­ментінің госпиталі және А.Пушкин атындағы музей орналасқан. Бұл ғимарат та ХІХ ғасырдың архитектуралық ескерткіші ретінде мемлекеттің қорғауында.

Жалпы, Орал қаласының тарихи мекемелері туралы білгім келеді деген адамға Нұрсұлтан Назарбаев атындағы басты даңғылмен жүріп өтсе болғаны. Себебі қаладағы ең көне ғимараттардың бәрі осы көше бойында орналасқан. Біз облыстық тарихи-өлкетану музейіне бас сұқтық. Себебі бұл жерде қаланың траихи ғимараттары туралы көп ақпараттар мен тарихи фотолар жетерлік. 

– Біздің музей ғимаратының өзі 1879 жылы Орыс-қырғыз-қазақ қолөнер мектебі ретінде салынған. 1980 жылдан бастап бұл ғимарат Батыс Қазақстан облыстық музейі қызметін атқарып келеді. Бұл бұрын балаларды қолөнерге үйрететін екіжылдық мектеп болған, – дейді Жанаргүл Абылайқызы. 

Жанаргүл Абылайқызы – Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі. Музейге келетін әр адамға қала тарихы туралы айтудан жалықпайтын жан. Қазір музей ішінде қаланың көне ғимарат­тарының фотолары ілінген. Сол фотолардың астында QR-код көрсетілген. Сол адреске өтсеңіз, Сізге сол ғимараттың тарихы туралы барлық ақпарат шығады. Бұл – музейге келіп, Оралдың тарихымен танысамын дегендер үшін жасалған заманауи қадам. 

Орал қаласы – Қазақстандағы сәулет өнерінің айрықша үлгілері бар, көне ғимараттардың ордасы саналатын тарихи қала. Бір даңғылдың бойында қаз-қатар тұрған ескі ғимараттар көрген жанды таңдай қақтырады. 

Қазақ топырағындағы алғашқы музей де, әйелдер мен ерлерге бөлек салынған гимназиялар да, алғашқы дәріханалар да, орыс-қазақ мектебі де, тіпті алғашқы кино­театрдың ғимараты да осы қалада тұрғызылған.

Сөзіміздің басында айтқанымыздай, Оралдың тарихын білу үшін басты көшесі Нұрсұлтан Назарбаев даңғылымен жүріп өтсеңіз жетеді. Бұрын ХІХ ғасырда бұл көше «Үлкен Михайлов» көшесі деп аталған. 

– Бұл көше екі жаққа бөлінген. Біздің музей тұрған жағы, яғни оң жақ беті «Бархыт» жағы деп аталған. Көшенің бұл бетінде ауқатты бай-шонжарлар жүрген. Ал көшенің арғы беті, сол жағы «Сиса» жағы деп аталған. Ол жерде қарапайым шаруа отбасының адамдары жүрген. Олардың жолдары бір-бірімен тоғыспаған. Әркім өзіне тиесілі көшенің бетімен ғана жүрген. Көшені ешқандай қамалмен бөлмеген. Бірақ соған қарамастан екі таптың жолдары тоғыспай өз беттерімен өмір сүрген, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Жанаргүл Абылайқызы.

Осы даңғылдағы тағы бір көне ғимарат – Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана. Бұл – көпес Александр Карев үйі. А.Карев алғаш рет Орал қаласына ат арбамен келеді. Ол балықшылардың жағаға лақтырып тастайтын ұсақ балықтарын жинап, Жайық жағасындағы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласына дейін баруды кәсіп еткен. Карев осы балық аулау маусымында жиналған балықтың мол қорын Ресей қалаларына апарып, саудасын қыздырған. Ол балық саудасынан түскен ақшасына сол кездегі оралдық тұрғындар үшін ең қажетті Ресейден иірілген жіп, арқан тағы сол сияқты тауарлар тасып, жоғары бағамен өткізіп отырған. Сөйтіп, бірте-бірте қаржы қорын жинаған көпес А.Карев 1900 жылы Орал қаласында дүкенімен бірге екі қабатты үй тұрғызуды бастайды. Алайда тағдыр оған бұл үйдің құрылысын аяқтауды жазбайды. Ол қалың орманнан құрылысқа қажетті ағаш дайындау кезінде ағаш астында қалып, қайтыс болады. Оның әйелі Кариха үйдің құрылысын аяғына дейін жеткізіп, үш қабатты үй тұрғызады. Сөйтіп, қала ортасында алыстан көз тартатын әдемі биік А.Карев үйі бой көтереді. Сол кезде қазақтар бұл зәулім үйді «Нар үй» немесе «Дом верблюд» деп атаған. Карев үйі үш қабатты, оның қас келбеті жарты колоннамен, жақтаулармен, сәулет белдеулерімен, ал оның шатырмен жабылған төбесі ойылған ағаш терезелерімен безендірілген. Үйдің ең әдемі архитектуралық бөлшектері – балкондары ортадағы үлкені және жанындағы екі шағыны. Шатырмен жабылған әшекейленген төбенің үстінде франтонда «1900» деп салынған жылы көрсетілген. Бұл ғимарат та мемлекет қорғауында. Қазір оның сыртқы бетіне жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Жоғарыда атап кеткеніміздей, жөндеу жұмысы осы биыл аяқталады деп күтілуде. 

Бүгінде қала билігі қаланың осы тарихи келбетін сақтап қалуды басты мақсат етіп қойып отыр. Тіпті, осыдан бірнеше жыл бұрын басты даңғыл – Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғылды жаяу жүргіншілер ғана жүретін ашық алаңға айналдыру туралы әңгімелер айтылғаны есте. Әзірге бұл жоспар жүзеге аспай отыр. Қазақстандағы ең көне қалалардың бірі саналатын Оралдың тарихы туралы тағы да әңгімелейтін боламыз. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА