Бұл дерекке қатысты Адам құқықтары жөніндегі уәкіл пікір білдірді.
Маңғыстаудан Шымкентке келіп, қыз алып қашқан жігіттің жазасы қандай болады?
728
оқылды

Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды, оған қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, тергеу амалдары жүргізілуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қызды ұрлау ісі бойынша жұмысқа Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі де қосылды.

"Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі тұрмыстық зорлық-зомбылық пен әйелдер құқығының бұзылуы мәселесіне талдау жасауда. Мәжбүрлеп некеге тұрған қыздар көбінесе серіктестерінің жыныстық, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Кейде мәжбүрлі күйеуге беру қыздарды білім мен мамандық алу мүмкіндігінен айырады, бұл олардың онсыз да осал жағдайын одан әрі нашарлатады. Шымкенттегі іс – өрескел құқықбұзушылық, біз оны бақылауға алдық", – деді Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.

Өткен жылы Уәкіл қылмыстық заңнамаға бірқатар түзетулер енгізуге, атап айтқанда, жеке бап қосуға және Қылмыстық кодекстің 125-бабына қылмыстық жауаптылықтан босатуды көздейтін ескертуді алып тастауға қатысты бастама көтерген болатын.

Адам ұрлау дерегіне қолданыстағы қылмыстық заңнаманың нормаларына сәйкес, мүлкін тәркілеумен немесе онсыз жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауаптылық көзделген.

Еске салайық, Шымкентте қаңтар айының ортасында Маңғыстау облысының тумасы 22 жастағы жігіт қызды қалыңдық ету мақсатында ұрлап кеткен болатын. Бұл қылмыстық оқиға таңертең көшенің қақ ортасында болған. Оның үстіне жәбірленуші мен ұрлаушы бір-бірін танымайды.