Әзірге қалада 500 мың адам тегін стоматологиялық ем алған.
Шымкентте 80 мекемеде тісті тегін емдейді
6,864
оқылды

Оларға қаладағы 80 мекеме қызмет көрсеткен. Ал ем-дом шарасын медициналық сақтандырылған 10 санатқа енетін азаматтар ала алады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Отырар" арнасының жазуынша, жасы жетпісті еңсерген Райхан Тұрсынбаева бүгін тісін емдетуге келіпті. Әжей зейнет жасына шыққалы стоматологиялық емді тегін алып жүргенін айтады. Батыр ана міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы 11 немересін де стоматолог дәрігерлерге ақысыз қарататынын жеткізді.

«Мен осында жылына 2 рет, кейде 3 рет келіп тұрамын. Мұнда келіп, тісімді емдетемін. Өзім зейнеткермін. Сонымен қатар, Батыр анамын. Сондықтан бәрі тегін. Жақсы қабылдайды, жақсы емделіп жүрмін. Өзіммен бірге немерелерімді де осында алып келіп, емдетеміз», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Райхан Тұрсынбаева.

Шымкентте 500 мыңнан аса тұрғынға тегін стоматологиялық қызмет көрсетілді. Олар ем шарасын мегаполистегі 80 клиникада алған. Онда 10 санаттағы азаматтар жүгіне алады. Ал мекеме тізімін fms.kz сайтынан көруге болады.

«Стоматологиялық ем зейнеткерлер, 18 жасқа дейінгі балалар; жүкті әйелдер; Ұлы Отан соғысының ардагерлері; 1, 2, 3-топтағы мүгедектер; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар; Атаулы әлеуметтік көмек алушылар; жұқпалы, әлеуметтік маңызы бар аурулармен және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар; ерекше баланы күтуді жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар; бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін азаматтарға көмек көрсетіледі», – дейді ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру, арыз-шағымдарды қарау бөлімінің басшысы Ахмет Беден.

Айта кетейік, қала тұрғындарының 80 пайызы медициналық сақтандырылған. Қазір үшінші мегаполистік 700 мың адамға МӘМС-ті мемлекет төлейді. Ал 62 мыңнан аса азамат сақтандырылған статусын алмаған.