Мәжіліс әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулердің жаңа пакетін дайындайды. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің жетекшілігімен заң жобаларының таныстырылымы өтті.
Зорлық-зомбылыққа жаза қатаң
487
оқылды

Заң жобалары Мемлекет басшысы­ның жолдауын жүзеге асыру мақсаты­мен әзірленіп, әйелдер мен балалар құқықтары және заңды мүдделерін қор­ғау шараларының тиімділігін арт­тыруға бағытталған. 

Заң жобасының авторлары – Мә­жіліс депутаттары Асхат Аймағамбетов, Елнұр Бейсенбаев, Дания Еспаева және Жұлдыз Сүлейменова.

– Қылмысқа, әсіресе, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбы­лық­қа төзбеушілік ахуалын қалыптас­тыратын кез келді. Бізге осы әлеуметтік зұлым­дық­пен күресетін түбегейлі жаңа тәсіл­дер мен әдістер қажет. Бұл – кәмелетке толмағандар мен дәрменсіз адамдарға қатысты қылмыстарға жазаны қатайту, Қылмыстық кодекске жаңа баптар енгізу мәселелері. Ең бастысы – заңсыз әрекеттердің алдын алу, – деді Д.Ес­паева.

Заң жобасы жөнінде депутат Жұл­дыз Сүлейменова баяндама жасады. Ол түзетулерде 2017 жылдан бастап Әкімшілік құқықбұзушылық ту­ралы кодекстегі денсаулыққа қаса­қана жеңіл зиян келтіргені үшін, ұрып-соққаны үшін әкімшілік жауаптылық қарас­тырылса, бұл баптар Әкімшілік құқық­бұзушылық кодексі­нен алынып, сәй­кесінше Қылмыстық кодекске жаңа баптар енгізілгенін айтты. Олар: 108-1 ба­бы – Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, 109-1 бабы – Ұру.

– Бұған қоса, балалардың құқығын қорғау саласында 2 жаңа норма енгізілді. Жобада педофилия және кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылды, – деді Ж.Сүлей­менова.

Депутат азаматтардың өтінішін күтпей-ақ уәкілетті органдар зорлық-зомбылық фактілері туралы БАҚ-тағы немесе әлеуметтік желілердегі хабар­ламалар негізінде шара қолдану туралы норма көзделгенін айтты.

– Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға сот шешімі бойынша не қыл­мыстық процесс тараптарының өтініші бойынша үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге жәбірленушіні іздестіруге, қудалауға, оған баруға, ауызша, теле­фон арқылы келіссөздер жүргізуге және онымен өзге де тәсілдермен байланысқа түсуге тыйым салынатын ерекше та­лап­тар белгілеу көзделіп отыр, – деді депутат.

Заң жобасында «Неке (ерлі-зайып­тылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының кодексінде отбасы институтын нығайту бойынша дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға, сақтауға, нығайтуға және ілгерілетуге, сондай-ақ балалардың ұлттық және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды құрметтеу рухында адамгершілік және рухани тәрбиесін қамтамасыз етуге негізделген неке-отбасы заңнамасының қағидаттарын бекіту нормалары қарас­тырылды.    

Ал Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Ди­нара Закиева былтыр тұрмыстық зор­лық-зомбылық салдарынан 7 бала қаза тапқанын, балаларға карсы 2452 қыл­мыс жасалғанын атап өтті.

Отырысты қорытындылаған коми­тет төрағасы А.Аймағамбетов:

– Біз бүгін өте маңызды заң жоба­сын қарастырып отырмыз. Жобаға қа­­тыс­ты сұрақ та, ұсыныс та көп екенін біз оны дайындағанда білгенбіз. Сон­дықтан айтылған ұсыныстарды тал­қылауды жұмыс тобында жалғас­тыра­мыз. Оған депутат Жұлдыз Сүлей­мено­ва жетекшілік етеді, – деді.  

Отырысқа қатысушылар заң жоба­ларын жетілдіруге қатысты сұрақтарын қойып, саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Түзетулерді пысықтау бо­йын­ша жұмыс Мәжілісте жалғасады.