– Біздің оркестр үлкен тәжірибе жинақтады. Алдағы уақытта да осы байланысты үзбей, керісінше нығайтқымыз келеді. Үндістан өте қонақжай мемлекет екен. Біз оларға өзіміздің дәстүрлі музыкамыз бен аспаптарымызды таныстырып, көрсеттік, – деді эстрадалық симфониялық оркестрдің инспекторы Артём Кислощей.
Фестиваль барысында Үндістанның әйгілі композиторы Лакшминараяна оркестр мүшесі Асхат Галеевті бірлесе өнер көрсетуге шақырды. Олар қос елдің ұлттық аспабында түрлі әуен ойнап, көрермен қошеметіне бөлінген.
– Бұл нөмірде импровизация көп болды. Ол кісі скрипкамен өздерінің әуендерін орындаса, мен сол кісіге қазақтың нақышында домбыраның үнімен жауап беріп отырдым. Нөмір өте жақсы шықты деп ойлаймыз, – деді облыстық филармонияның әртісі Асхат Галеев.
Облыстық симфониялық оркестрмен бірге фестивальға елордалық камералық хор да қатысты. Жалпы, музыкалық шарада 80-ге жуық отандық өнерпаз өнер көрсетті.